Зейнетақы қалай есептеледі?

2025 жылғы 1-қаңтардан бастап зейнетақы және әлеуметтік төлемдердің мөлшері қаншаға артты? Зейнет жасына жеткен азаматтарға зейнетақы тағайындаған кезде қандай мәліметтерге мән беріледі? Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті осы және басқа да сауалдарға қатысты төмендегі ақпаратпен бөлісті.
“2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заң жобасына сәйкес елімізде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы – 62 771 теңге, базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 32 360 теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 932 теңге мөлшерінде, ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТК) – 46 228 теңге көлемінде белгіленді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғары табыс 55 АЕК, яғни 216 260 теңге.
Жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5% – ға артты. Мысалы, жасына байланысты 100 000 теңге зейнетақы алатын азаматтар енді 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5% – ға артық, 108 500 теңге алады.
Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік Кодекстің 206-бабына сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің жаңа мөлшеріне пайыздық қатынаста белгіленеді.
Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 және одан аз жыл болса немесе жүйеге мүлде қатыспаса, онда базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің 70% мөлшерінде белгіленеді және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан асқан әрбір толық жыл үшін оның мөлшері 2% – ға артады. Бірақ «Республикалық бюджет туралы» Заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110% – нан аспауы керек. Бұл 2025 жылдың 1 қаңтарында зейнетке шыққан азаматтарға да, зейнеткерлікке енді шығатын зейнеткерлерге де қатысты.
Тағы бір мысал келтірсек. 2024 жылы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 27 жыл болған азаматтың мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 42 973 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 99% -ын) құрады, ал 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап 48 078 теңгені (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 104%) құрайды. (төмендегі кестеде) Анықтама үшін: 2024 жылы базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан аз болған жағдайда немесе ол болмаған жағдайда ЕТК көлемінің 65%-ы мөлшерінде, зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінің он жылдан артық әрбір толық жылы үшін оның мөлшері 2%-ға ұлғая отырып, бірақ ЕТК шамасының 105%-ынан аспайтын мөлшерде ұсынылды (2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 43 407 теңге болды).
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің
еңбек өтіліне байланысты мөлшері (2025 ж)
Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі | Ең төменгі күнкөріс деңгейіне пайыздық қатынас | 01.01.2025 ж. бастап белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейі | Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері |
10 жыл және одан аз | 70% | 46 228 | 32 360 |
11 жыл | 72% | 46 228 | 33 285 |
12 жыл | 74% | 46 228 | 34 209 |
13 жыл | 76% | 46 228 | 35 134 |
14 жыл | 78% | 46 228 | 36 058 |
15 жыл | 80% | 46 228 | 36 983 |
16 жыл | 82% | 46 228 | 37 907 |
17 жыл | 84% | 46 228 | 38 832 |
18 жыл | 86% | 46 228 | 39 757 |
19 жыл | 88% | 46 228 | 40 681 |
20 жыл | 90% | 46 228 | 41 606 |
21 жыл | 92% | 46 228 | 42 530 |
22 жыл | 94% | 46 228 | 43 455 |
23 жыл | 96% | 46 228 | 44 379 |
24 жыл | 98% | 46 228 | 45 304 |
25 жыл | 100% | 46 228 | 46 228 |
26 жыл | 102% | 46 228 | 47 153 |
27 жыл | 104% | 46 228 | 48 078 |
28 жыл | 106% | 46 228 | 49 002 |
29 жыл | 108% | 46 228 | 49 927 |
30 жыл | 110% | 46 228 | 50 851 |
Жәрдемақылар қаншаға өсті?
Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылғанына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін мемлекеттік жәрдемақының, күтушіге берілетін жәрдемақының және арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне сәйкес ұлғаяды.
№1 және №2 тізімдер бойынша мемлекеттік арнаулы жәрдемақылардың, жерлеуге арналған біржолғы төлемнің, баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақының, бала бір жарым жасқа толғаннан кейін оған күтім жасау жөніндегі мемлекеттік жәрдемақының, арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көп балалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының, оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалардың саны он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жастан артық емес), наградталған ананың ай сайынғы жәрдемақысы, сондай-ақ Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға және жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына тағайындалған, бірақ төленбеген біржолғы ақшалай өтемақылар АЕК мөлшерінің өзгеруіне байланысты 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлғайтылады.
Зейнетақы мөлшері қандай көрсеткіштерге байланысты?
Жасына байланысты зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне ғана емес, сонымен қатар зейнетақы тағайындауға ұсынған орташа айлық табысқа да байланысты болады. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзілістерге қарамастан қатарынан кез келген үш жыл ішіндегі орташа айлық табысы негізге алынады. Басқаша айтқанда, азаматтардың зейнетақы мөлшері оның қатарынан тұрған үш жылғы табысын есептеу арқылы, яғни 36 ай бойы жұмыстан түскен табыстың жалпы сомасын 36 айға бөлу арқылы есептелінеді. Жасына байланысты зейнетақының мөлшері орташа айлық табыстың 60%-ін құрайды. Бұл жерде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі талап етілетін еңбек өтілінен артық істеген әрбір толық жұмыс жыл үшін зейнетақы 1% – ға артады, бірақ жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу үшін алынған табыстың 75% – нан аспауы керек.
Бұл ретте зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ұсынылған табыс республикалық бюджет туралы заңда көрсетілген тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 55 рет еселенген мөлшерінен аспауға тиіс екенін де білген жөн. (айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 2024 жылы 3 692 теңге болса, 2025 жылы – 3 932 теңге).
Мысалы, А. есімді азаматша 2024 жылғы 30 желтоқсанда 61 жасқа толды делік. Оның 1998 жылдың 1-қаңтарына дейінгі жалпы жұмыс өтілі 21 жыл 1 ай 12 күнді құрады, орташа айлық табыс мөлшері 250 000 теңге. Оның 21 жыл еңбек өтілін және 203 060 теңге орташа айлық табысын (2024 жылы зейнетақы тағайындау кезінде ескерілген табыстың ең жоғары мөлшері) есептегенде, оның жасына байланысты алатын зейнетақы мөлшері 123 867 теңгені (орташа айлық табыстың 61%) құрады, ал 2025 жылғы 1-қаңтардан бастап зейнетақының өскенін ескерсек, оның мөлшері 134 396 теңгеге жетті.
-Мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау кезінде зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі міндетті зейнетақы жарналарын төлеген жылдар да кіреді. 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі міндетті жарналарды жүзеге асыру кезеңдері міндетті зейнетақы жарналарын аудару туралы орталықтандырылған деректер базасының мәліметтерімен дәлелденеді Осы шешіммен келіспеген жағдайда, сіз Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 3-бөлігіне сәйкес жоғары тұрған органда, сотта шағымдануға құқылысыз.
-1998 жылға дейінгі еңбек өтілін есептеген кезде Семей полигонына іргелес аудандарда тұрған, жұмыс істеген азаматтардың еңбек еткен жылдары жеңілдікпен есептеледі. 1963 жылғы 6 шілдеден 1992 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдегі еңбек өтілінің бір жылы бір жарым жыл болып саналады. Сонымен қатар еңбек кітапшасындағы жазулардың, мөрдің анық болуы маңызды. Егер жазулар айқын көрінбесе не болмаса түзету болса, онда міндетті түрде архивтік анықтама қажет болады, – деп түсіндірді салалық департаменттің басшысы Серік Саятов.
Айна Ескенқызы