Қоғам

Зейнетақы жинағын неше рет алуға болады?

Ерікті шотты қалай ашуға болады? Еліміздегі инвестициялық портфельді басқарушылардың лицензиялары бар ма? Біржолғы зейнетақы төлемінен табыс салығы ұсталатыны рас па? Осы және зейнетақы жүйесіне қатысты өзге де маңызды сауалдарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстық филиалының басшысы Марат Сейітқалиев жауап берді.

  Ерікті жарна аудару үшін шот ашқым келеді, себебі жинағымның мөлшері аздау. Қартайған шағымда көбірек зейнетақы алғым келеді. Ерікті шотты ашу үшін міндетті түрде банкке бару қажет пе немесе жұмыс беруші аша ма? 

                                                                                     Шұғыла Мұратқызы

                                                                                              Өскемен.

      – Сіз дұрыс шешім қабылдадыңыз. Ерікті жарналар – бұл қартайғанда өзіңізді қомақты зейнетақымен қамтамасыз етудің тиімді мүмкіндігі. Сондықтан да болашақтағы қаржылық қауіпсіздік үшін қазірден бастап өз зейнетақы капиталыңызды қалыптастыру маңызды.

Биылғы 1 мамырдан бастап ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотын ашу жеңілдетілді. Оған сіздің зейнетақы қорына келіп түскен алғашқы ерікті зейнетақы жарнаңыз негіз болады.

Ерікті зейнетақы жарнасын салымшы өз табысы есебінен өз пайдасына немесе ата-анасының, жұбайының пайдасына аудара алады. Бұл ретте жарналардың мөлшері мен кезеңділігін салымшы өзі айқындайды. Жеке тұлға өз пайдасына табысы есебінен ерікті жарна төлеген кезде салық заңнамасында ерікті жарна төленген сомаға салықтық шегерім көзделгенін атап өткен жөн.

Жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкердің пайдасына төлейтін ерікті зейнетақы жарнасы корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Жұмыс беруші қызметкердің пайдасына төлеген ерікті жарна сомасы қызметкердің табысына салық салу кезінде ескерілмейді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына ерікті зейнетақы жарнасын төлеуді сіз екінші деңгейдегі банктер немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жүзеге асыра аласыз. Кейбір банктер жарналарды мобильді қосымша немесе өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы онлайн аудару мүмкіндігін ұсынады. Бұдан басқа жұмыс берушіге өтініш беру мүмкіндігі де бар, оның негізінде жұмыс беруші ерікті зейнетақы жарнасын өтініш берушінің не үшінші тұлғаның пайдасына зейнетақы қорына тұрақты түрде аударатын болады.

 

Жолдасым өз жинағының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыға беру туралы өтініш жазуды жоспарлап отыр. Бірақ «Олар үмітімізді ақтай ма?» деген уайым да жоқ емес. Осындай жағдайда неге мән беру керек?

                                                                                    Динара Исмаилова

                                                                                    Шемонайха ауданы.

      – Ең алдымен, инвестициялық портфельді басқарушыларға салымшының зейнетақы қорындағы жинақтарының нақты сомасы мен зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі арасындағы айырмадан аспайтын мөлшердегі немесе сақтандыру ұйымымен өмір бойғы төлемдерді көздейтін зейнетақы аннуитеті шарты жасалған болса, салымшының қордағы шотында қалған зейнетақы жинақтарының мөлшерінен аспайтын көлемдегі зейнетақы жинақтары берілетінін атап өткен жөн.

Инвестициялық портфельді басқарушы қызметі бұл басқарушы компаниялардың өздерінің инвестициялау шарттары мен стратегиясын ұсынатын бәсекелестік орта болғандықтан салымшыға өз жинақтарын аудару туралы шешім қабылдағанға дейін компания туралы ақпаратты егжей-тегжейлі зерделеуді ұсынамыз. Инвестициялық декларациялар және комиссиялық сыйақы туралы мәліметтер enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізбесі» бөлімінде бар.

Зейнетақы жинақтарын инвестициялау – ұзақ мерзімді үрдіс, сондықтан басқарудың алғашқы нәтижелерін тек бір жылдан кейін бағалаған дұрыс. Осыған сүйене отырып, салымшы:

– өзінің зейнетақы жинақтарын бір инвестициялық портфельді басқарушыдан екінші басқарушыға сенімгерлікпен басқаруға беру үшін өзгерту туралы өтінішті жылына бір рет бере алады;

– Зейнетақы қорына инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлікпен басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Ұлттық банкке сенімгерлікпен басқаруға қайтаруға жинақталған зейнетақы қаражаты ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруына алғаш берілгеннен кейін екі жылдан кейін өтініш ұсына алады.

Салымшы зейнет жасына жеткенге дейін күнтізбелік 10 күн бұрын оның зейнетақы жинақтары инвестициялық кірісті ескере отырып Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің басқаруына қайтарылады (егер олар осы мерзімге дейін ИПБ-ның сенімгерлікпен басқаруында болған болса) және кесте бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, зейнетақы аннуитеті шартын жасау үшін немесе заңнамада көзделген өзге де мақсаттарға пайдаланылатын болады.

Атап өтерлік жайт, инфляция деңгейін ескере отырып нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары міндетті кәсіптік жарналардың сақталуына мемлекеттік кепілдік Ұлттық Банктің басқаруындағы сомаларға ғана көзделген.

 

Лицензиясы бар инвестициялық портфельді басқарушылар мен маған есептелген инвестициялық табыс туралы қайдан білуге болады?

                                                                                    Райф Сағымбайұлы

                                                                                    Көкпекті ауданы.

         – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілеген талаптарға сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылардың тізімі ай сайын агенттіктің www.finreg.kz интернет-ресурсында жарияланады.

Қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі инвестициялық портфельді басқарушыларға қатысты бекіткен талаптарға нарықта жұмыс істейтін және басқарушы компаниялар агенттігінің лицензиясына ие 18 компанияның алтауы сәйкес келеді. Олар:

«First Heartland Jysan Invest» АҚ;

«BCC Invest» АҚ – «Банк Центр Кредит» АҚ-ның еншілес ұйымы»;

«Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ);

«Halyk Finance» Қазақстан Халық Банкінің ЕҰ»  АҚ;

«First Heartland Capital» АҚ;

«Сентрас Секьюритиз» АҚ.

Алайда зейнетақы жинақтарын бұл инвестициялық портфельді басқарушыларға беру үшін зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарттың, сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, инвестициялық портфельді басқарушы және банк арасында жасалған кастодиандық шарттың болуы қажет.

Қазіргі кезде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шартты «First Heartland Jysan Invest» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ («Қазақстан Халық Банкі» АҚ ЕҰ), «BCC Invest» АҚ – «Банк Центр Кредит» АҚ-ның еншілес ұйымы», «Сентрас Секьюритиз» АҚ-мен жасады. Осылайша, қаржы нарығында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқару туралы шарт жасасқан төрт инвестициялық портфельді басқарушы бар.

Сіз өз таңдауыңызды жасағаннан кейін жеке зейнетақы шотыңыздан берілетін үзінді көшірмеде басқарушы компания сіздің зейнетақы жинақтарыңызды орналастырудан қандай инвестициялық табыс есептегенін көре аласыз. Оны www.enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте кез келген кезең үшін қалыптастыруға болады.

Мен зейнетақы жинақтарының біржолғы төлемінен салық ұсталатынын естіген едім, осы рас па және оның мөлшері қандай болады?

                                                                                      Сағила Жүнісқызы

                                                                                      Зайсан ауданы.

     – Иә, тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алған кезде салық заңнамасы бойынша табыс салығын ұстап қалу көзделген. Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы салынбайды. Сондықтан зейнетақы жинақтарын төлеу кезінде оларға салық салынады.

Алайда  біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде салымшыға таңдау құқығы беріледі. Жеке табыс салығы бір рет немесе мерзімін ұзарта отырып зейнеткерлікке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен зейнетақы қоры белгілеген зейнетақы төлемдерінің кестесі бойынша төленуі мүмкін.

Егер салымшы жеке табыс салығын толық көлемде бірден төлеу туралы шешім қабылдаса, онда ол өз өтінішінде 10% мөлшеріндегі жеке табыс салығын шегере отырып, алуға болатын соманы көрсетуі тиіс.

Салымшыға қолайлы болуы және оның дербес шешім қабылдауы үшін зейнетақы қорынан берілетін үзінді көшірмеде екі сома да көрсетілген. Салымшы көрсеткен алуға болатын сома Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан уәкілетті операторда ашылған оның арнайы шотына аударылатын болады.

Мен ипотека арқылы пәтер сатып алу үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алып, пайдаландым. Егер болашақта алу үшін жеткілікті соманы жинасам, зейнетақы жинақтарымның бір бөлігін тағы да ала алам ба?

                                                                                     Еркін Молдахметов

                                                                                     Семей.

   – Иә, әрине. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында азаматтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтарын тұрғын үй алуға, емделуге немесе басқарушы компанияларға аударуға қолжетімді зейнетақы жинақтары сомасының шегінде шектеусіз рет пайдалана алады деп көзделген.

 

    Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының шоттарында 12,6 триллион теңге зейнетақы жинағы бар. Бұл жинақ міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан және ерікті зейнетақы жарналарынан құралған. Биылғы үш айда ғана салымшыларға 952,4 млрд. теңгенің біржолғы зейнетақы төлемдері берілген.

 

                                                                     Әзірлеген Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button