ҚоғамТОП

Зейнетақы аннуитеті жинақты ертерек алуға мүмкіндік береді

Биылдан бастап «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға түзетулер енгізілгені белгілі. Осы орайда оқырмандардан келіп түскен сауалдарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры облыстық филиалының басшысы Марат Сейітқалиев пен «Мемлекеттік аннуитеттік компания» Өмірді сақтандыру компаниясы» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Гүлжан Жексенбаева жауап берген еді.

     – Зейнетақы шотымдағы жинағым жеткілікті болса, зейнетақы аннуитеті бойынша зейнет жасына толмай-ақ зейнетақы жинағының ай сайынғы төлемдерін алуға және жинақты басқа да мақсаттарға пайдалануға болады деген ақпарат қаншалықты рас?

                                                                                    Қанат Тоқтарбекұлы

                                                                                    Үржар ауданы.

       – Биыл қабылданған өзгерістерге байланысты зейнетақы аннуитеті бағдарламасының құны төмендеді. Егер былтыр 55 жасқа толған ер адамдар үшін зейнетақы аннуитетінің шартын жасау үшін жеткіліктілік сомасы шамамен 12 миллион теңге болса, осы жылдан бастап бұл 6,8 миллион теңгеге дейін төмендеді. Ал 52 жастағы әйелдер үшін жеткіліктік сомасы шамамен 15 млн. теңгеден 9,1 млн. теңгеге төмендеді.

Жинақтаушы зейнетақы қорынан өмірді сақтандыру компаниясына жинақтарды аудару үшін жеткіліктілік шегінің төмендеуі, бірінші кезекте, сақтандыру төлемінің ең төменгі мөлшерінің төмендеуі есебінен қамтамасыз етілді.

Сақтандыру аннуитеттік төлемдері – бұл жинақтаушы зейнетақы жүйесі аясында салымшылардың операторды және зейнетақы төлемдерінің кестесін таңдау құқығын іске асыратын зейнетақысының бір бөлігі. «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңда егер қаражат жеткілікті болған жағдайда 55 жасқа толғанда салымшы жинағын жинақтаушы зейнетақы қорынан өмірді сақтандыру компанияларына ерікті түрде аудару құқығы көзделген.

Аталған Заңның 31-бабы 1-1 тармақпен толықтырылды, оған сәйкес  сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан тұлғалар өз пайдасына немесе жұбайының, жақын туыстарының пайдасына тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында, өзінің немесе жұбайының, жақын туыстарының емделуіне ақы төлеу үшін міндетті зейнетақы жарналары есебінен біржолғы зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болады. Бұл санат бойынша БЖЗҚ-да қалуы тиіс зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегіне қойылатын талап қолданылмайды. Мысалы, былтыр зейнетақы аннуитеті шартын ресімдеу үшін 55 жастағы ер адамның шамамен 12 млн. теңге зейнетақы жинағы болуы тиіс еді. Биыл жоғарыда аталған түзетулер күшіне енгеннен кейін, зейнетақы аннуитеті шартын жасасу үшін 55 жастағы ер адамға БЖЗҚ-да 6,8 млн. теңге жинағының болуы жеткілікті.

Егер адамда БЖЗҚ-да 12 млн. теңге жинақталған болса, ол 6,8 млн. теңгені өмірді сақтандыру компаниясына аудара алады, ал қалған 5,2 млн. теңгені заңда белгіленген мақсаттарға пайдалана алады. Бұл ретте зейнетке ресми шығуды күтпестен өзіне 55 жастан бастап зейнетақы жинағының өмір бойғы ай сайынғы төлемдерін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар жоғарыда аталған өзгерістер шеңберінде өмірді сақтандыру нарығында кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетінің өнімі пайда болды. Ол зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан сақтандыру компаниясына 45 жастан бастап аударуға және әйелдерде 52 жастан, ерлерде 55 жастан басталатын төлемдерде сипат алатын өзінің инвестициялық табысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін 45 жастан алу үшін ер адамда кемінде 6,1 миллион теңге, ал әйелдерде 7,7 миллион теңге болуы керек.

Зейнетақы аннуитеті бағдарламасы – зейнетақының жинақтаушы бөлігінен табысты тұрақтандыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік маңызды өнім. Мұндай жүйе салымшыға өз жинағын зейнет жасынан ертерек алуға мүмкіндік береді және зейнетақы қорынан айырмашылығы – төлемдердің өмір бойы төленуіне кепілдік береді.

Зейнетақы аннуитеті бағдарламалары бойынша толық ақпарат алу үшін «Мемлекеттік аннуитеттік компания» Өмірді сақтандыру компаниясының облыстық филиалына хабарласуыңызға болады. Мекенжайы:  Өскемен қаласы, Қ.Сәтпаев даңғылы 62, «Радуга» бизнес орталығы, 3-қабат, 314-кеңсе. Байланыс телефондары: 8 (7232) 41 12 55 және ұялы тел.: 8 777 230 86 52.

      – Егер аударым жасалмаса, салымшылардың зейнетақы шоттарының жабылатыны жайлы оқыдым. Қазір жұмыссызбын, демек, менің шотым жабыла ма? Олай болса, шоттағы жинақтарым қайда кетеді?

                                                                                 Самал Тоқтасынқызы 

Өскемен қаласы.

       – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басқармасының биылғы 12 ақпандағы қаулысымен бекітілген Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын есепке алуды жүргізу қағидаларының 1 наурыздан бастап күшіне енгені туралы хабарлайды. Осыған сәйкес жеке зейнетақы шотында зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда бір ай өткен соң шот жабылады.

Осылайша,  зейнетақы қорында бұрын ашылған, оның ішінде адам жұмысқа тұрып, шот ашуға өтініш берген немесе зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан, бірақ қандай да бір себептермен аударымдар жасай алмаған жағдайда, сондай-ақ зейнетақы жинақтары болған және зейнетақы жинақтарының барлық сомасы төленіп, аударым жүзеге асырылған шоттарға бір ай ішінде зейнетақы жарналары түспеген жағдайда, мұндай шоттар жабылады.

Қазір міндетті зейнетақы жарналары есепке алынатын жеке зейнетақы шотын ашу үшін жеке тұлғаға өтінішті рәсімдеу мақсатында зейнетақы қорына жүгінудің қажеті жоқ. Шот алғашқы жарна келіп түскен кезде қордың ақпараттық жүйесінде автоматты түрде ашылып, жеке тұлғаны сәйкестендіру зейнетақы жарнасын аудару кезінде төлем тапсырмасының электронды форматында көрсетілген дербес деректер бойынша жүзеге асырылады. Ал қолданыстағы құжаттың деректемелері мен өзге де деректемелер туралы барлық қажетті мәліметті зейнетақы қоры мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады. Зейнетақы қоры «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан электронды хабарлама алған күннен бастап салымшы міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа қосылған болып есептеледі.

Егер жеке зейнетақы шотында жинақтар болса, бірақ уақытша толықтырылмаса, ол жүйеде қала береді әрі оған инвестициялық кіріс есептеліп отырады. Ешбір жинағы жоқ шоттар ғана жабылады. Егер азамат жұмысқа қайта орналасса немесе бірыңғай жиынтық төлемді аударса, мұндай жағдайда жаңа шот бірінші жалақыдан бастап автоматты түрде ашылып, міндетті зейнетақы жарнасы есепке алынады.

Барлық зейнетақы жинақтары төленген және аударылған шоттар, төленгеннен және аударылғаннан кейін бір ай бойы жарна түспеген шоттар жабылатын болады. Егер  жеке зейнетақы шотыңызда қандай да бір жинағыңыз болса, шотыңыз жабылмайды.

       – Биылдан бастап зейнетақы төлемін есептеу әдісі өзгерді деп естідім. Ол енді қалай есептеледі ?

                                                                                    Әзімхан Сағдолдин

                                                                                     Көкпекті ауданы.

     – БЖЗҚ-дан төленетін ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері Үкімет қаулысының ережелеріне сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде айқындалады. Бұл ретте зейнетақы қорынан ай сайынғы зейнетақы төлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан кем емес мөлшерде жүзеге асырылады (бұрын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан кем емес мөлшерде болатын).

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу  әдістемесіне сәйкес, биылғы 1 сәуірден бастап зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бірінші жылындағы жылдық сомасы зейнетақы жинағы сомасының төлемдер мөлшерлемесіне көбейтіндісі ретінде есептеледі – 6,5 %. Одан кейінгі жылдары ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері өткен жылғы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшерін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне жыл сайын арттыру жолымен қайта есептелетін болады – 5%.

Мәселен, зейнетақы жинағының сомасы 6 000 0000 теңге. Бірінші жылдағы зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы: 6 000 000*6,5%=390 000 теңге; бірінші жылдағы ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 390 000/12 ай=32 500 теңге; екінші жылға арналған ай сайынғы зейнетақы төлемінің мөлшері: 32 500+32 500*5%=34 125 теңге.

Бұдан бөлек, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесінде белгілі бір санаттарға жататын, яғни мерзімсіз уақытқа белгіленген 1 немесе 2-топтағы мүгедектігі бар, сондай-ақ жинақтары міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен кемінде алпыс ай жинақталатын зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істеген алушылар үшін түзетілетін арттыру коэффициенттері көзделген. Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің аталған әдістемесі биылғы 1 сәуірден бастап қолданылады.

БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін іске асырған адамдарға зейнетақы төлемінің жыл сайынғы мөлшері ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен кем болмайды (2021 жылы 30х43 272=1 298 160 теңге). Төлемдер бұрын таңдалған кесте бойынша жүзеге асырылады.

Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесіне сәйкес, қордан зейнетақы төлемдерін алу құқығын 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап 2021 жылғы 31 наурызға (қоса алғанда) дейін іске асырған адамдарға 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ай сайынғы зейнетақы төлемдері 5% мөлшеріндегі зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне ұлғайтылатын болады, ол кейіннен жыл сайын индекстеліп отырады.

Осылайша, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеудің жаңа әдістемесі алушылардың еңбек жағдайлары мен денсаулығының ерекшеліктерін ескереді және қордан берілетін төлемдер мөлшерін ұлғайтуға ықпал етеді. Қордан зейнетақы төлемдері жеке зейнетақы шотындағы жинақ таусылғанға дейін төленеді.

    

                                                              Айжанат Бақытқызы

 

Осы айдарда

Back to top button