Қоғам

Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады

Айна Ескенқызы

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен  брифингте Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту салаларына қатысты тапсырмаларды жүзеге асыру жөнінде құзырлы органдардың өкілдері айтып берді.

Электрондық хабарлаушы

–Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына  бірнеше  міндет қойылды. Солардың бірі – отбасының цифрлық картасын енгізу.Отбасының цифрлық картасы – бұл əлеуметтік мəртебесіне байланысты, кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін алу құқықтары туралы ақпарат беретін азаматтардың күн сайынғы «электрондық хабарлаушысы», ол көрсетілетін мемлекеттік қызметтің проактивті форматының тағы бір жаңа құралы. Яғни, азаматтарғамемлекеттік қолдаудың қандай да бір түрін ақпараттық жүйе арқылы тиісті органдарға жүгінбей-ақ алуды мемлекеттің өзі ұсынатын болады, – деді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Серік Саятов.

Басшының түсіндіруінше, бастапқы кезеңде мемлекеттік органдардағы ақпараттық жүйелердің деректері негізінде отбасылардың əл-ауқат деңгейі мен оларға тиісті мемлекеттік қолдау шараларын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн. отбасы жəне оның 19 млн. мүшелері туралы деректер қамтылып, «отбасы портреті» қалыптастырылған. Карта деректері отбасы жəне оның мүшелері мəртебесінің өзгеруіне қарай жаңартылып отырады. Мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығы белгіленген жағдайда мемлекеттік қызмет көрсетуге келісім алу үшін əлеуетті алушыға СМС-хабарлама жіберіледі. Келісім алғаннан кейін  əлеуметтік жəрдемақы, төлемдер немесе мемлекеттік қолдаудың басқа түрлері тағайындалып, кейін алушының банк шотына аударылады.

Серік Саятов жобаның кезең-кезеңмен жүзеге асырылатынын жеткізді. 2022 жылдың 1 қыркүйегінен бастапжəрдемақы мен əлеуметтік төлемдердің тоғыз түрін жаңа форматта  алуға болады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бұл тізім əлеуметтік қорғау саласындағы қызметтермен толығады. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастапденсаулық сақтау жəне білім беру салаларындағы мемлекеттік кепілдіктер енгізіледі, ал 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Жұмысқа шыққан ана жәрдемақысын ала береді

Жолдауда балалы отбасыларға қолдау көрсетуді арттыру көзделген. Бүгінгі таңда балалы отбасыларды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан алты түрлі: бала тууына байланысты, бала күтіміне байланысты, көпбалалы отбасына, көпбалалы анаға, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырғаны үшін он сегіз жасқа дейін жәрдемақы тағайындалған. Әлеуметтік кодекстің жобасында да осы әлеуметтік қолдау шараларының барлығы толық сақталған. Алайда отбасының жекелеген санаттарын қолдауды күшейтуге бағытталған бірқатар жаңалықтар енгізілмек.

Ең негізгілерінің бірі – бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін бір жылдан бір жарым жасқа дейін ұлғайту.

Бұл норма жұмыс істейтін де, жұмыс істемейтін де ата-аналарға бірдей қолданылады. Бұл құқықты жарты миллионға дейін ата-ана пайдаланатын болады.

Оған қоса, бала күтімі бойынша жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, төлем мөлшері соғұрлым жоғары болатынын білуге тиіс. Бұл төлем мөлшері бүгінде міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына (МӘСҚ) аударымдар жүргізілген табыстың 40%-ын құрайды.Ал жұмыс істемейтін немесе бала туғанға дейінгі соңғы екі жылда алты  айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.

–2023 жылдың қаңтарынан бала күтімі кезеңі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылады. Жұмыс істейтін ата-аналар үшін төлем әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалады. Егер ата-анасы бала күтіміне байланысты демалысын үзіп, жұмысқа шығатын болса, онда әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем төлеу тоқтатылады. Бірақ енді төлем республикалық бюджеттен төленетін болады. Осылайша,ата-ана бәрібір мемлекет тарапынан қорғалады. Қолданыстағы норма бойынша бала күтіміндегі ата-ана еңбек қызметін қайта бастаған жағдайда, бала күтіміне төленетін жәрдемақы тоқтатылуға тиіс. Жаңа Кодекс бойынша осы санаттағы отбасыларды қолдау үшін төлемдер тоқтатылмайды және республикалық бюджеттен төленетін жәрдемақы мөлшеріне сәйкес төленеді, – деп түсіндірді Серік Саятов.

Жаңа Әлеуметтік кодекске сәйкес марапатталған аналарға төленетін төлемдердің көлеміне де өзгертулер енгізілген.

–Бұған дейін «Алтын» және «Күміс» алқа алған аналар, Батыр аналар мен 1 және 2 дәрежелі ордендермен марапатталған аналар біркелкі 6,4 АЕК көлемінде жәрдемақы алатын. «Күміс» алқа  иегерлерінің жәрдемақысы осы мөлшерде сақталады. Ал «Алтын»  алқамен марапатталғандар мен Батыр аналардың жәрдемақысы енді  7,4 АЕК мөлшерінде бекітілді, – деп атап өтті спикер.

Елімізде зейнетақы төлемдері өседі

Департамент басшысы Жолдауда зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар топтамасы ұсынылғанына тоқталды. Жағымды өзгерістердің бірі– әйелдердің зейнеткерлікке 61 жастан шығуы, яғни2023 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлік жасын жоспар бойынша арттыруды 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұру.

Елімізде базалық және ортақ зейнетақыны, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемін (қызметкердің зейнетақы жинақтары есебінен қалыптастырылады) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасқаны белгілі. Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқаруда, өйткені оларды тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни, жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейінгі еңбек өтілі ескеріледі.

Қазір елімізде екі миллионнан астам зейнеткер бар. Олардың 350 мыңы 1998 жылға дейін зейнетақы тағайындалғандар, олардың еңбек өтілі көп болғандықтан, алатын зейнетақы мөлшері де жоғары, 120 мың теңгедей. Екінші бөлігі – бір миллион 900мыңдай адам, олардың зейнетақысы төмен, өйткені 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі аз және 1998 жылдан бастап еңбек өтілі зейнетақы жарнасын төлеген жылдарына сәйкес есептеледі.

– 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 2027 жылға дейін ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ынан 70%-ына дейін, ең жоғарғысын – тиісінше 100 %-дан 120 %-ға дейін кезең-кезеңімен жеткізу көзделіп отыр.  Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51%-ға дейін артатын болады. Ал базалық зейнетақының орташа мөлшері жыл сайын шамамен 13%-ға өседі, бұл барлық екі миллионнан астам  зейнеткерді қамтиды. Бұрынғы Шығыс Қазақстан облысында 200 мыңнан астам зейнеткер бар, – деп жалғастырды Серік Саятов.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27%-ға өсіруге (3 жыл ішінде – 109 мыңнан 138 мың теңгеге дейін) және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемдердің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекет қарт адамдар арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдайды.

Облыста 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылды

 Ел Президенті Парламент Мәжілісінің отырысында жұмыссыздық проблемасын шешу және еңбекке қабілетті 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын құру жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. 2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі мәліметтерге сәйкес,өңірде 6 мың 587 жұмыс орны құрылды.

–2022 жылы жоспар бойынша  4 мың 189 жұмыс орнын ашуымыз керек, ал 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 6 мың 587 жұмыс орны құрылды. Ағымдағы жылы инфрақұрылымдық және ұлттық жобаларды іске асыру шеңберінде 147 жобаны іске асыру жоспарлануда, нәтижесінде 3 мың 498 жұмыс орны ашылады. Бүгінгі таңда олардың 1710-ы құрылды, – дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардыүйлестіру басқармасының еңбек көші-қоны және еңбек нарығының мониторингі бөлімінің басшысы Мерхат Қабдешов.

Бөлім басшысы өңірдің жұмыспен қамту органдары жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды кәсіпкерлікке тарту бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын да айта кетті.

–Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 14 мыңнан астам адам жүгінді, оның ішінде 12 мың адам ұлттық жобаға қатысты, 8 мың адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде 5 мыңнан астам адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылды, – деп атап өттіМерхат Қабдешов.

Оның айтуынша, 2022 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша облыста жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды, жастар жұмыссыздығы – 3,7%-ды құрайды.

Сонымен қатарМ.Қабдешов  биыл ұлттық жоба аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен 757 адамды қамту жоспарланып отырғанын айтты. Бүгінгі таңда оған 503 оқушы жіберілген.

–Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы жылы облыста жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға өз бизнес-идеяларын іске асыру үшін  745 млн.теңгенің  608 грантын беру жоспарлануда. Сондай-ақ мемлекеттік бюджеттен субсидия есебінен осы жобаларға қатысушыларға төленетін жалақы көлемі айтарлықтай артты. Мысалы, “Жастар тәжірибесі” жобасы бойынша 25 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін, “бірінші жұмыс орны” бағдарламасы бойынша 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке дейін өсті, – деп толықтырды бөлім басшысы.

Осы айдарда

Back to top button