Қоғам

Зейнетақы жинағын кімдер алады?

      Халықтың әлеуметтік әл-ауқаты алдымен баспана мәселесіне байланысты екендігі белгілі. Осы орайда былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алу сияқты шұғыл қажеттіліктерге пайдалануына мүмкіндік беретін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында да бұл мәселе айтылды.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы жан-жақты пысықталып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген жаңа бағдарлама бойынша алдағы жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 721 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін баспана алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне бере алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен онлайн-брифингте түсініктеме берді.

Сала министрінің айтуынша, Бірыңғай зейнетақы қорынан жинақтардың бір бөлігін жоғарыда айтылған қажеттіліктерге алу құқығын келесі азаматтар пайдалана алады:

  1. Зейнетақы жинақтары бар еңбекке жарамды жастағы азаматтар – жеткілікті шектен асатын соманың бір бөлігі (шамамен 529,7 мың адам).

Негізгі қағидат – зейнетақы жинақтары азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесінен болашақ зейнетақымен қамтылуы үшін қажет. Сондықтан белгілі бір сома зейнетақы шотында қалуы тиіс. Осы соманың артығын азаматтар өз қалауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады.

  1.    БЖЗҚ-да жинақтары бар зейнеткерлер – қалған соманың 50%-ына дейін (шамамен 178,4 мың адам).

Азаматтардың осы санатында жиынтық зейнетақы (жасына байланысты зейнетақыны, базалық зейнетақыны және БЖЗҚ-дан төлемдерді қоса алғанда) бұрын алған жалақы мөлшерінің кемінде 40%-ын құрауы тиіс.

  1. Зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар – БЖЗҚ-да қалған соманы (шамамен 13,3 мың адам).

Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін алатын 721 мың салымшы 1,4 триллион теңгені шеше алады.

Министрдің айтуынша, жеткілікті шек белгілі бір жастағы салымшыға зейнетақы жинағының ең аз қажетті сомасы дегенді білдіреді. Ол сома оның табысынан зейнетақы қорына тұрақты түрде аударылатын 10% зейнетақы жарналарын (ең төменгі жалақыдан төмен емес) ескере отырып, 82 жасына дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем болмайтын зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жеткілікті шектің негізгі параметрлері:

– ерлер мен әйелдер үшін бірдей;

– қалыптасқан параметрлерге (кірістілік, инфляция, ең төменгі төлем мөлшері және т.б.) сүйене отырып, жаңа алушылар үшін қайта есептелетін болады);

– 20 жастан бастап әр жас үшін есептеледі.

Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін жеткілікті шек 2 млн. 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады. 35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге; 40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге; 45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге; 55 жас үшін – 5 млн. 084 мың теңге; 59 және одан үлкен жастағылар үшін – 5 млн. 586 мың теңге.

– Бұл шекті сомалар табысы елдегі орташа айлық жалақы деңгейінде болатын тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін қолжетімді, – деп түсіндірді министр.

Аталған санаттағы азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өзінің, жұбайының, жақын туыстарының (атасы, әжесі, ата-анасы, балалары, немерелері, аға-апайлары) емделу ақысын төлеу үшін пайдалана алады. Мақсатты пайдалану үшін отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге де болады.

Белгіленген талаптарға сәйкес келген жағдайда, зейнетақы жинағының бір бөлігін алу саны бойынша шектеу көзделмеген, яғни азаматтар зейнетақы жинағының бір бөлігін бір немесе басқа мақсатқа қайта пайдалана алады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану баспана (бірінші және екінші нарықтағы) немесе жер телімін сатып алу, ипотекалық қарызды қайта қаржыландыру немесе өтеу (кез келген екінші деңгейдегі банкте, кез келген бағдарлама бойынша), өз баспанасын салу немесе жөндеу мүмкіндігін және тұрғын үй жағдайын жақсартудың басқа да нұсқаларын көздейді. Зейнетақы жинағын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй бес жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін.

«Бір терезе» қағидасы бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жасқартуға мақсатты пайдалануға уәкілетті оператор ретінде қайта құрылатын «Отбасы Банкі» («Тұрғын үй жинақтаушы банкі» АҚ) ұсынылды.

Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайын жақсарту тәртібін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекітеді.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін емделуге пайдалану үшін салымшы облыстық, республикалық маңызы бар қалалық денсаулық сақтау басқармалары жанынан арнайы құрылған комиссияларға жүгінеді. Медициналық көмек көрсету қажеттілігі туралы комиссияның қорытындысын алып, емделетін клиниканы таңдағаннан кейін салымшы  зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі уәкілетті операторға емделу ақысын төлеуге өтінім береді.

Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды.

Салымшы зейнетақы жинақтарын басқаруға беру үшін жеке қаржы компаниясын таңдауды зейнетақы қорына өтініш беру арқылы жүзеге асырады. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.

Бұл тәсілдер мемлекет басшысы тарапынан қолдау тауып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырды. 2021 жылдан бастап жоғарыда аталған санаттағы азаматтар зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мақсатты пайдалану құқығын алады.

 Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button