Қоғам

Зейнетақы жинағы азаюы мүмкін бе?

Кейінгі кезде ел аузында «Зейнетақы қорындағы ақша ұрланып жатыр, шоттағы ақшам азайып қалыпты» деген жиі айтылып жүр. Зейнетақы жинағының неліктен азаюы мүмкін екендігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының басшысы Мамыралы Мәмбетов түсіндіріп берді.

Филиал директоры айтып өткендей, зейнетақы жинағы жарналар мен оларға есептелген инвестициялық кірістен құралады. Жарналар ешқашан азаймайды, олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Зейнетақы төлемдерін алу құқығына ие болған сәтте инфляция деңгейі ескеріледі.

Ал инвестициялық кіріс – зейнетақы жинағын инвестициялау нәтижесінде алынатын табыс. Зейнетақы активтерін Ұлттық Банк басқарады.

Бүгінде 11 триллион теңгеден асатын зейнетақы жинағы құнды қағаздар сияқты әртүрлі қаржы құралдарына салынған. Шамамен 30 пайызы шетел валютасындағы құнды қағаздарға салынған. Олардың құны әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан инвестициялық кіріс көбеюі де, азаюы да мүмкін.

Салымшылардың есепшотындағы жиналған салымдарының өзгеруіне соңғы айларда теңге құнының төмендеуі мен көтерілуі әсер етіп отыр. Мысалы, наурыз айында бір доллар 450 теңгеге дейін көтерілсе, қазір 434 теңгеге төмендеді. Инвестициялық табыс күн сайын есептелетіндіктен, зейнетақы жинағының жалпы сомасы да өзгеріп отырады. Егер инвестициялық кіріс төмен болса, шоттағы жинақ та азаяды, инвестициялық табыс жоғары болса, зейнетақы жинағы да ұлғаяды. Құнды қағаздың бағасы күнде есептеліп, табыс немесе шығын әр салымшының жеке есепшотында көрсетіледі. Сондықтан бұл жерде инвестициялау табыстылығын бірнеше күн емес, бір жылдай  ұзағырақ уақытқа  қарау керек.

Қордың мәліметінше, жыл басынан бері салымшылардың шотына 661,7 миллиард теңгеден аса инвестициялық табыс түскен.

-Зейнетақы активтері отандық және шетелдік қор нарықтары ұсына алатын ең сенімді деген қаржы құралдарына салынады. Кірістілік неғұрлым көп болса – салымдарды жоғалту тәуекелдері соғұрлым жоғары, салымдарды жоғалту тәуекелдері неғұрлым төмен болса – кірістілік те соғұрлым аз болады. Зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарын таңдау кезінде  Ұлттық Банк тәуекел-кірістілік қатынасында барынша ақылға қонымды теңгерімді қамтамасыз етуге ұмтылады,-деді облыстық филиал директоры Мамыралы Мәмбетов.

Сондай-ақ БЖЗҚ «елдегі төтенше жағдай кезінде тұрғындардың арнайы санатына ғана төленетін 42 500 теңге ақша зейнетақы қорынан алынып жатыр» деген ақпаратты жоққа шығарды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button