Зейнелсадықтың оқушыларына өзге мұғалімдер таласып қалатын
Данагөйдің дидарындай дөңгелек жүзі, күлімсіреп тұратын шаралы қой көздері, байыптылығын бағамдататын байсалды қимылы, санаңа сәуле түсірер сөздері, үлкен-кіші демей жақын тартатын кішіктігі оның табиғи тұрпатын, болмыс-бітімін аша түсетін. Сол бір зиялы жанның дүниеден қайтқанына да отызшақты жылдың жүзі болыпты
Қаршадайынан өмірдің ащы-тұшысын татып, одан мол сабақ алған Зейнелсадық Айдаболов ақсақалдың саналы ғұмыры 1931 жылы Жетіарал мектебінен бастау алады. Ол Зайсан педагогикалық училищесін бітірісімен алғашқы қызмет соқпағын осы мектептен бастапты. Қазақтың көрнекті ағартушы-ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шәкірті, «Тарбағатайдың Алтынсарині» атанған Ленин орденді ұстаз Смағзам Шомбиннен тәлім-тағылым алған Зекең де кейін тамырын тереңге жайды.
Мұғалімдік қызметтің жалынан ұстаған саналы жігіт сол кезеңдегі қоғамдық өмірден де қалыс қалмаған. Халық басына қара бұлт төніп, ашаршылық аранын аш бөрідей ашқан кезде ер-азаматтармен тізе қосып, ел-жұртты осы зұлматтан қорғауға қатысты. Бірақ алмас қылыштай жарқылдаған жиырма алты жасында атынан мәтқапыда құлап, жамбасын мертіктіріп алады. Бірер жыл бұрын ғана үйленген келіншегі Зәкария төсек тартып қалған қосағын қатарға қосу үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Дауасы тиеді-ау дегендердің бәрін де үйіне шақыртып, еріне ем-дом жасатады. Денсаулығының мықтылығынан ба, әлде қолданылған емнің дәруінен бе, неше ай бойы төсекке таңылған Зекең таяққа сүйенетіндей халге жетеді. Осы дене кемістігі Зекеңнің алдын талай мәрте кес-кестеді. Қысылған ауылдастарына, дос-жарандарына сау кезіндегідей көмек қолын соза алмады, Ұлы Отан соғысына баруға да жарамады. Бірақ Зекең тақыбас тағдырдың табанында тапталмай, оған тасты бұзып, тауды тілердей талпынысын қарсы қойды. Оқу-ағарту саласында құлшына қызмет етіп, күш-қуаты мен дарын-қабілетін жас ұрпақты тәрбиелеуге жұмсады. Ауданның әр қиырындағы Жетіарал, Кеңесшіл, Сарыөлең, Қызылбұлақ, Жаңатілеу, Өмірлік, Жаңа-ауыл, Маңырақ мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп басшысы сияқты қызметтерді 1970 жылы зейнетке шыққанға дейін абыройлы атқарды.
Енді «Зекеңді қандай ұстаз болды?» – дегенге келетін болсақ: Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Покровка (қазіргі А.Байтұрсынов атындағы) мектебінде бастауыш сыныптар оқушыларының саны күрт өсіп, мектепке сыймай жататын.
Сол кезеңде жоғары сынып жетекшілері Зекең оқытып келген төртінші сыныпқа «құда түсіп» таласып қалатын. Өйткені бастауыш мектепте білім негізі дұрыс қаланбаса, одан шала-шарпы білім алып шыққан оқушылар жоғары сыныптардың бағдарламасын жетік меңгере алмай қалады. Соны жақсы білетін жоғары сынып жетекшілері Зекеңнің «шекпенінен шыққан» балдырғандарды қалайтын.
Сол 50-60 жылдары Покровка мектебінің жібі түзу ғимараты да болмады. Мектеп оқушылары қабырғалары құлағалы тұрған ескі комендатураның бөлмелерін паналап, ауылдың оңтүстік-батысындағы қам кірпіштен қаланған құжырада да оқыды. Сондықтан Зейнелсадық, Қабден, тағы басқада байырғы ұстаздар жоғары орындардың алдына жаңа оқу ғимаратының қажеттігі жөнінде мәселені табанды түрде қойып отырды. Соның нәтижесінде кейін заманауи талаптарға сай жаңа мектеп құрылысы бой көтеріп, сол ғимарат әлі күнге дейін пайдаланылып келеді.
Қырық жылдай ұстаздық еткен Зекеңнің атқарған игі істері аз емес. Ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеруге, ел-жұрттың бірлігі мен ұйымшылдығын нығайтуға, жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге, мектепті ауылдың саяси, мәдени орталығына айналдыруға қосқан үлесі қомақты.
Зекеңнің отбасын ұстаздар әулеті деп білеміз. Баян, Күлзи, Мәруар деген қыздары әке жолын қуып, ұстаздық етті, әлі де ұстаздық етуде. Солардың ішінде кезінде өзімізді оқытқан марқұм Күлзи апай сегіз қырлы, бір сырлы болды. Оның математика пәнінен озық іс-тәжірибесі аудан, облыс көлеміне таратылып, жоғары оқу орындары студенттері мен оқытушылары арасында лекция жасаған кездері де болды. Мамандығы математик болғанына қарамастан шәкірттерін жазу-сызуға, өнерге баулып, олардың арасында әртүрлі тақырыпта пікірталас кештерін ұйымдастыратын, шахмат ойнауға да тартатын. Көзі тірісінде ол әдіскер-ұстаз, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанды.
Ал Алматы қаласында ұстаздық ететін Мәруар деген кенже қызы биыл «Халық мұғалімі» деген құрметті атаққа ие болды.
Дүниеден қайтқан Жаңыл атты қызы кезінде «Облыстың үздік емгері» атағын жеңіп алса, Күләші есеп-қисап қызметін еңселендіріп өтті. Бақытгүлі үй шаруасында, Гүлнары кәсіпкер.
Осы жеті қыздың ортасында желкілдеп өскен Серік деген жалғыз ұлы бар. Ол ұзақ жылдар егін шаруашылығын суландыру жүйесі саласында жемісті қызмет етті. Қазір зейнеткер. Зекеңнің осы балаларынан отыз немере тараса, шөберелері де бірқауым.
Артына осындай із қалдырған ұстаздың құжаттарын ақтара отырып, ұзақ жылдарғы еңбегі «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағы, Лениннің 100 жылдығы, Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, «Еңбек ардагері» медальдарымен бағаланғанын білдік.
Ауыл сыртқы сұлулығымен ғана емес, саналы, білімді азаматтарымен де ажарлы көрінбек. Осындай орта қалыптастыруға бойындағы бар күш-жігері мен білімін сарқа жұмсап өткен Зейнелсадық Айдаболұлының жарқын бейнесі жадымызда жаңғыра береді.
Амангелді Жанахмет
Тарбағатай ауданы.