«Дидардың» қонағыТОП

Зейін ӘЛІПБЕК: ЖУРНАЛИСТІҢ ЖЕГЕНІ ЖАНТАҚ, АРҚАЛАҒАНЫ АЛТЫН

тележүргізуші, журналист

 

      Зейін Әліпбек 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. Студент кезінен бастап журналистік еңбек жолында еліміздегі бірқатар бұқаралық ақпарат құралында түрлі қызметтер атқарған.

    Бұл күндері «Хабар» телеарнасының жүргізушісі қызметінің тізгінін ұстап отырған белгілі журналистпен хабарласып, аз-кем әңгімеге тартқанбыз.

Құрметті Зейін Әліпбек, сіз қазақ халқына танымал тұлғасыз. Телевидениеге сіңірген ұшан-теңіз еңбегіңіз өз алдына, қазіргі уақытта атқарып жатқан жұмыстарыңыз, жобаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

– Ең әуелі, сіз айтып отырған танымалдық дегенге тоқтала кетсек. Кез келген адам күн сайын көгілдір экраннан жаңалық оқи берсе, көп ұзамай-ақ көпшілікке танымал болып шыға келеді. Яғни телевизияның ықпалы өте зор. Өз басым ешқашан танымал болуға ынтыққан емеспін. Ол туралы мүлдем ойламаппын. Қазақ телевизиясына ұшан-теңіз еңбек сіңірді деп кеңес кезінде-ақ қалың көрермені болған, аты бүгінге дейін ел жадында жүрген «Қымызхана», «Айтыс», «Тамаша» сынды телехабарлардың сценарийін өзі жазып, өзі жүргізген Сұлтан Оразалин ағамызды, күні кеше ғана марқұм болған, қазақтың бай-қуатты болуын тілеп өткен Нұртілеу Иманғалиұлын, кез келген мәселені шешуден гөрі, ауызбен айту оңай екендігін халқына ескертіп кеткен Бейсен Құранбекті айтуға болады. Мен бар болғаны тележүргізушімін. Тележүргізушілік – мен үшін  жай ғана кәсібім.

Өзіңіздің жолыңызды қуып тележурналист, тележүргізуші  болғысы  келетін жастарға не айтар едіңіз?

– Егер жастар журналист немесе тележүргізуші болғысы келсе, ең алдымен ұялшақтық пен батылсыздықты ұмытуы керек. Сосын журналист – қиындықтан қашпайтын, кедергіге мойымайтын жанкешті болуы қажет. Көтерер жүгінің ауыр болатынын үнемі есте ұстауы қажет. Бұл жұмыс ауқымды аудиториямен қарым-қатынасты қамтиды, сондықтан сіздің бойыңызда ешқандай да қорқақтық сезімі болмауы керек. Тележүргізуші – бұл телеарнаның бет-бейнесі, оның брендін қалыптастыратын және көрерменмен тікелей байланысатын адам. Телевизия – нағыз айна. Көрерменді ілестіріп отыру, жаңалықты тұщымды түсіндіре білу үлкен жұмыс. Мен мұны жүрген жерімде үнемі айтып жүремін.

Қазақ телевизиясында қандай жаңалық аша алдым деп ойлайсыз?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Бүкіл зауыт-фабриканың иесі боласыңдар, дивиденд алып, жарисыңдар» деп шүлен таратқандай етіп үлестіріп, кейін құмға сіңген судай болған «ПИК» – жекешелендірілген инвестициялық купондарының қайда кеткені, одан соң Отандық экономиканың мүшкіл халі, күн санап құнсызданған теңге, Семей полигоны шахталарынан темір-терсек теріп, басын қатерге тіккен ауыл тұрғындары туралы репортаждар жасағаным есімде. Бірақ мұны жаңалық аштым деп айта алмаймын.

Ұшқан ұя, туған жер, отбасыңыз жайлы да әңгімелеп берсеңіз? Мамандығыңызға деген құштарлығыңыз неден бастау алды?

– Қазақтың жерінің қай пұшпағы да қасиетті ғой. Мен туып-өскен өңір де киелі. Әлемдегі екінші ұстаз атанған Әбу-насыр әл-Фарабидің кіндік қаны, менің балалық шағым өткен Маяқұм ауылының шетінде қазір төбешік болып жатқан Оқсыз қаласында тамған екен. Балалық шағым Кеңес заманында «Овцевод» деп аталған ауылда өтті. Марқұм әкем совхоздың экономисі болып қызмет атқарды. Анам бастауыш сынып мұғалімі болды. Біздің үйде газет сұмдық оқылатын. Ауылдың пошташысы Еркінбек деген кісі күнара үйге құшақ-құшақ газет-журнал әкеліп тастайтын. Ата-анамыз оқып отырған соң қазақшасы бар, орысшасы бар, газеті бар, журналы бар біз де жата қалып оқитынбыз. «Журналистиканың дәні сол уақытта себілді-ау» деп ойлаймын.

«Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналын жібермей оқимын. Өзім секілді мектеп оқушыларының мақалалары мен өлеңдері шығып жатады. Бірде «Маған да неге жазбасқа?» деген ой келді. Сөйтіп, мектебімізде өткен іс-шара туралы шағын хабарламамды жазып, конвертке салып, аудандық «Отырар алқабы» газетіне жолдадым. Шығатынына сенімім аз болды. Бір күні пошташы Еркінбек ағамыз келіп тұр. Қолында аудандық газет. «Отырар алқабына» мақалаң шығыпты» деп газетті ұсынды. Ашып жіберіп іздеп жатырмын. Газеттен атымды оқыған кезде төбем көкке екі елі жетпей қалды. Содан тұрақты түрде жаза бастадым. Сөйтіп, журналистикаға тапсырдым. Әл-Фараби атындағы ұлттық университетте оқып жүргенімде Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожекеев, Тауман Амандосов, Бауыржан Жақып, Амантай Шәріп сынды мықты ұстаздар мен білікті мамандардан дәріс алдым. Осындай ұстаздардың, ғалымдардың, журналистердің тәрбиесін көрген, алдынан өткен біз үшін осал журналист болып шығу мүмкін емес дүние деп ойламын.

      Отандық телеарнаның, журналистиканың сапасын арттыру және тақырыптар ауқымын кеңейту бағытында қандай жұмыстар қолға алынды?

– Елімізде журналистиканы дамытуға қатысты жұмыстар қолға алынды деп айта алмаймын. Бірақ алынуы тиіс деп есептеймін.  «Өзге дегенде өгіз қара күші бар», бірақ өзіне келгенде үнсіз қалатын бір мамандық иесі бар. Ол – журналист. Алайда осы бір имани мінезі өзіне отыз жыл опа бермей тұр. Сондықтан өзіне де бір мезгіл сұрайтын кез келді деп ойлаймын. Бүгінде құқықтық жағынан да, әлеуметтік жағынан да қорғалмаған бірден-бір мамандық өкілі  журналист десем қателеспеймін, себебі қазір кім көрінгеннің әкіреңдеуі мен қоқан-лоқысына төзіп жүре беретін кім? Журналист. Сәл сын жазса, белгісіз себептермен жұмыстан шығып қалатын кім? Журналист. Өзге кәсіп иелеріне мемлекет тарапынан түрлі игіліктер жасалып, аспаннан шұға жауып жатса да, ұлтарақ тимейтін кім? Тағы да журналист. Жалақысы ешқашан өспейтін кім – журналист. Бүгінгі күні журналист атаулының бар көріп отырған жақсылығы – әкімдіктердің, министрліктердің Журналистер күні жылына бір мәрте беретін грамоталары мен аздаған ақшалай, заттай сыйлықтары ғана.

Зәке, осы ретте жазушы Шерхан Мұртаза ағамыздың «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын» деген қанатты сөзі есімізге түсіп отыр. Қазіргі таңда журналистің жағдайын, әлеуметтік мәселесін қалай түзету керек деп ойлайсыз?

– Жағдайды түзеудің бір ғана жолы бар. Ол – бұрын да айтып жүргенімдей, «Журналист мәртебесі туралы» Заң қабылдау. Ол заңда не болуы қажет? Біріншіден, журналистің мәртебесі, статусы айқындалуы қажет. Әншейінде журналисті төртінші билікке теңеп жатады. Ендеше олар құқықтық жағынан сол статусқа сай қорғалып, құзіреттері сол мәртебеге сай күшейтілуі тиіс. Кім көрінгеннің қол көтеруіне жол бермейтін, қызметтік міндеттемелерін  орындауына мүмкіндік беретін құқықтар осы заңда шегелеп жазылғаны жөн. Екіншіден, мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер берілуі керек. Кез келген журналисті ең бірінші кезекте мазалайтын мәселе – баспана. Оның себебі де бар. Естеріңізде болса, 2000 жылдары баспананы әжептеуір жеңілдікпен алуға мүмкіндік беретін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары болды. Елдің бәрі дерлік үй алып жатқанда, осы игіліктен журналистер мүлдем шет қалды, себебі еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының басым бөлігі жекеменшік болғандықтан олар не мемлекеттік қызметкерге, не бюджеттік мекеме қызметкеріне жатпады. Ал түптеп келгенде, аты жекеменшік болғанымен, ақпарат құралдарының бәрінің заты – мемлекеттікі. Бұл – әрине, әділетсіздік еді. Қазір сол кездегідей майшелпек бағдарламалар жоқ. Дегенмен, арнайы жеңілдіктер қарастыруға болады деп ойлаймын. Мәселен, неге бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне баспананы кепілсіз және бастапқы жарнасыз 1 процент өсіммен бермеске? Менің ұғымымда, жауапкершілік бойына әбден сіңіп кеткен халық ол – журналист. Сондықтан оларды кепіл немесе бастапқы жарна сұрап қинаудың қажеті жоқ. Мүмкіндік жасаса жетіп жатыр. Үй құнын өздері-ақ төлеп шығады. Сонымен қатар неге журналистерге де ішкі істер саласы қызметкерлеріне жасалғандай, жалға алған пәтер ақысын төлеуге мемлекет жағынан көмек берілмеске? Неге мұғалімдер секілді жылына бір мәрте тегін демалу орнына берілетін жолдамамен қамтамасыз етпеске? Неге мұғалімдер секілді журналистердің де еңбек демалысы 56 күн болмасқа? Неге Түркия журналистері секілді театр мен музей сияқты мәдениет пен өнер ордаларына тегін кірмеске? Неге Түркия журналистеріндей қоғамдық көлікте тегін жүрмеске? Неге дәрігерлер секілді журналистеріміздің де жалақысын 560 мың теңгеге дейін өсірмеске? Қазір тілшілердің жалақысы – 100 мың теңгенің айналасында. Неге ковидтен қайтыс болған әріптестеріміздің отбасына дәрігерлер секілді 10 миллион теңге өтемақы бермеске? Айтпақшы, пандемия кезінде үш қана мамандық жұмысын тоқтатқан жоқ. Олар – дәрігерлер, полиция қызметкерлері және журналистер. Сондықтан дәрігер мен полицейге жасалған жеңілдік журналистерге де жасалуы тиіс деп есептеймін. Бұл менің өз ойым, жеке пікірім. Осындайда «Тілшілер тоқалдан туып па еді?» дегің келеді еріксіз… Неге мемлекеттік қызметкерлер секілді журналистерге де мереке не тоқсан сайын бір айлық көлемінде сыйақы бермеске? Неге журналистеріміз мемлекеттік қызметкерлер секілді ұлттық медицина орталықтарында тегін емделіп, балалары балабақшаға тегін және кезексіз бармасқа? Назар аударатын жайт. Журналистер санатына бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек ететін көлік жүргізушіден бастап басшыға дейінгі телевизия саласында болса жарық қоюшы, дыбыс режиссері, ассистент, администратор, режиссер, газет болса корректор, дизайнер, сайт болса, веб-редактор, техникалық инженер секілді барлық кәсіп өкілдері танылу тиіс. Тәуелсіздігіміздің қалыптасуына таудай еңбек сіңірген  осы тілшілер емес пе еді? Осы мәселелерге заңды түрде назар аударылса жақсы болар еді. Журналистердің осындай игіліктерді көруге әбден құқығы бар деп санаймын. Неге «Арнайы жеке заң қабылдау керек!» деп отырмын?

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бар, әрине. Біріншіден, ол заңда журналистердің тек міндеттері мен жауапкершілігі ғана жазылған. Журналистерге қандай жағдай жасалатыны туралы бір ауыз сөз жоқ. Екіншіден, БАҚ туралы заңға енгізілетін болса, «Тілші қауымның құқықтық және әлеуметтік мәселесін шешу, тағы да екінші орынға ысырылып қала ма?» деген қауіп бар. Бұдан бөлек, маман даярлау мәселелері де жоқ емес. Телеарналардағы мән-мағынасыз хабарларға әлі де тыйым болмай тұр. Осы түйіндердің бәрі тарқатылуы тиіс. Ұлттық құндылығымызды жоғары ұстаған жөн.

Ал енді алға қойған мақсат-жоспарыңызға да тоқтала кетсеңіз. Біздің оқырмандарымызға қандай тілек айтар едіңіз?

– Басты мақсат-жоспар – аман жүру. Қазір бастың амандығының өзі үлкен олжа саналатын заманға тап болдық. Баршаңызға бүтіндік пен есендік тілеймін.

Ең бастысы, халқымыз аман болсын!

    – Әңгімеңізге рақмет!

                                                              Әңгімелескен – Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

 

Осы айдарда

Back to top button