Зерттеу нәтижелері жұртқа жария етіледі
Риддердегі Риддер тау-кен байыту кешенінде болған өндірістік-техногендік оқиғаның салдары мен себептері, тау өзендеріне жасалып жатқан зертханалық талдаулар нәтижесі таяу күндері жұртшылыққа толық жария етіледі. Қазір Талов қалдық қоймасынан аққан лас су түбегейлі тоқтатылып, оқиғаның орын алуына себепші болған ескі коллектор ойығының аузы тікұшақпен, ауыр автокөліктермен тасылып жатқан берік материалдармен бекітілу үстінде. Оқиға орынында болып, жағдаймен, жүргізіліп жатқан шұғыл шаралармен танысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов журналистерге тұрғындардың, кәсіпорын мамандарының өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіптің жоқтығын жеткізді.
22-мамыр күні өзенге лас судың құйылып жатуы анықтала салысымен, Риддер қаласы әкімдігі және «Казцинк» ЖШС жауапты қызметкерлерімен шұғыл штаб құрылып, іске кіріскенін хабарлаған Нұрымбет Сақтағанов, сондай-ақ, «Қазцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев лас су ошағының жойылғанын атап айтты.
– Алдын ала алынған талдауларды назарға ала отырып, тұрғындардың, кәсіпорын мамандарының өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіптің жоқтығын айтқым келеді, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Өкілетті органдармен барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бәріңізге оқиға орын алған жерді барып көруді ұсынамын.
Тау-кен байыту кешені фабрикасының қалдық қоймасындағы апатты жою жөніндегі штабтың басшысы, компанияның тау-кен өндірісінің атқарушы директоры Валерий Завьялов төтенше оқиғаның өрбуін бастан-аяқ егжей-тегжейлі баяндап берді.
– 22 мамыр күні сағат 12-де қалдық шаруашылығының №4 су сорғысы стансасының операторы арнаға аққан су көлемінің әдеттегі деңгейден арта бастағанын байқаған. Бірден бақылау жасап отыруға шешім қабылданды. 23-мамыр, дүйсенбі күні сағат 9-дан 10 минут кеткен кезде су қабылдау арнасына құйылып жатқан көп судың азаймай, одан әрі көп көлемде ағып келіп жатқаны байқалды. Осыдан соң шұғыл түрде судың ластану көзі мен орынын іздестіру шаралары басталды. Бірте-бірте судың қошқылданып, лайлануы арта түсті. Іле Талов қалдық қоймасына құйылатын су көздерінің бәрін жаптық. Риддер тау-кен байыту комбинатының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылдап, қоймаға құйылған суды шығаруға кірістік. 23-мамыр күнгі 13-14 сағат арасында коллектордан қоймалжың түрдегі паста тәріздес массалар шығарыла бастады.
Штаб басшысының баяндағанындай, ұнтақ күйіндегі бұл қойыртпақтар Филлиповка өзеніне, одан соң Тихая, Уба, Үлбіге түскен. Шұғыл жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде мамандар қалдық су қоймасы су сорғы стансасы арнасына құйылған лас судың ернеуінен асып, Филлиповка өзеніне құйылуына әкеліп соққан басты себеп – бұрын қолданыста болып, одан соң жабылып, тығындалып тасталған ескі су жинау құдығы мен коллекторы екенін анықтаған. Қалдық қоймасында пайда болған ойықтың беті қазір цемент, қиыршық тас салынған бірнеше тонналық қаптармен бітеліп, жабылған. Осылайша, ағып келіп жатқан судың шығу көзі бекітіліп, жойылған. Бүгінгі күнге дейін оған 40 тоннадан астам цемент салынған. Тесілген коллектордың беткі жағына 10 мың текше метрден артық тау жынысы төселінген. Біз барғанда тікұшақпен тонна-тонна қап тасылып, қалдық қоймасының бірнеше метрлік қоймалжың заттарының астында жатқан коллектор тесігін бітеу жұмыстары да қатар жалғасып жатты.
Компанияның тау-кен өндірісінің атқарушы директоры Валерий Завьялов елге, табиғатқа үлкен қауіп-қатер төндірген техногендік жағдайды алғашында кәсіпорынның мамандары ешқайда хабарламай, өз күштерімен жоюға талпынғандарын да жоққа шығармайды. Өндіріс үдерісіне тікелей жауапты тұлға бұл жәйттердің бәрі компанияның өз ішінде тексеріліп, тиісті шаралар қолданылатынын жеткізді. Енді мұндай төтенше оқиға қайтадан қайталанбас үшін ескі коллекторлардан келетін қауіп пен қатердің алдын алып, оларды біржолата бітеудің тиімді жолын табу үшін штаб 1970 жылдары салынған ескі коллекторлар мен құдықтардың құрылымдарын, материалдарын анықтау мақсатында олардың жобасын көтеріп, қарауда. Коллектор мен құдықтың тесілуіне ескі материалдардың шіруі себеп болып отыр деген болжам бар.
Сонымен, Филлиповка өзеніне құйылып кеткен лас, қалдық судың көлемі қандай? Фабриканың қалдық қоймасындағы қандай зиянды заттар коллектордан құйылған сумен бірге ағып өзендерге түсуі мүмкін?
Бұл саулдарға «Казцинк» ЖШС бас экологы Қазтай Такеев мынандай жауап берді:
– Қалдық қоймасында қышқыл мен мышьяк деген мүлде жоқ. Цианидтер 1 ШРК (шектеулі рұқсат етілген концентраттар көлемі) көлемінде, мырыш – 10-15 ШРК, қорғасын – 1ШРК, мыс – 4ШРК, марганец – 7-8 ШРК. Негізгі масса-тау жыныстары, топырақтары. Олардың 50 пайызы кремниттер, 30-ы – темір, 20 пайызы өзге де тау жыныстары.
Өзендерге құйылған судың мөлшері мен зияны, қаупі әлі анықталған жоқ. Облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин зертханалық зерттеулер нәтижесі таяу күндері жұртшылыққа толық жария етілетінін айтты. Апаттық жағдайға байланысты Ертіс өзені мен Шүлбі су қоймасындағы өлшеу, бақылау посттарының қызметі күшейтілген.
Қазір бәрінен бұрын құдықтан су алып отырған Риддердегі жекеменшік үйлердің тұрғындарын, қалалықтарды «лас қалдық сулар құйылған өзен сулары қаланы ауызсумен қамтып отырған Риддер су жинау шарбақтарын, қала маңындағы жерасты суларын ластауы мүмкін бе?» деген сауал қатты алаңдатулы. Облыс экологтары, компания басшылары бізге қаланың су жинау шарбақтары анағұрлым биік жерлерде орналасқандықтарын, Филлиповка, Тихая, Уба, Үлбі, Быструха сияқты бірі-біріне құйылып жатқан тау өзендерінің арнасы оларға әсер етпейтінін түсіндірді. Риддердің аумағындағы өзендерге алты жерден өлшеу, бақылау посттары орнатылып отыр. Оларға үш зертхана: Қазцинктің, экология департаментінің және тәуелсіз арбитражды зертханалар талдау жасап жатыр.
Риддер тау-кен байыту кешенінің кен байыту фабрикасы қазір тоқтап тұр. Орын алған оқиғаның салдарын қалпына келтіру жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Кешеннің өзге бөлімшелерінің бәрі жұмыс істеп жатыр. «Қазцинк» компаниясы қолданыстағы заңдылықтарда бекітілген тәртіпке сай мемлекеттік органдар анықтаған нормадан тыс шығарындылар зиянына өтемақы төлеуге әзір.
«Қазцинк» ЖШС облыс әкімдігімен, мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, оқиғаның шығу себептерін анықтау шараларын жүргізіп жатыр. Компанияда 7( 7232) 29-20-94 «Шұғыл байланыс» желісі жұмыс істеп тұр.
Жанаргүл Көкенай
Риддер.
Суретті түсірген Сергей Суров