ТОП

Зергер жасаған зерлі бұйымдар

 

Қазақ қолөнерінің астарында тарихи дүниетанымның құпиясы мен сыры жатыр. Ғасырлар өркениетінің жетістігі мен жемісін зергерлік бұйымдардың өрнегінен табуға болады. Жандүниесі шексіздікті қалайтын шеберлер табиғат тылсымымен ұлттық құндылықтың құпиясын қолөнерге бейнелеп келді.

Әрбір  зергерлік бұйымға салынған өрнектер мен оюлар, бедерлер мен белгілер тікелей табиғат тылсымымен байланысты болған. Алтынмен аптап, күміспен күптеп бұйым жасаған байырғы ғұрыптың сарқыншағы салт-дәстүрімізде әлі күнге дейін сақталып келеді. Осы күнге дейін жаңа туған баланы 40 күннен кейін «шілде суға» түсіргенде суға күміс жүзік немесе күміс білезік салады. Күміс судағы микропты жойып, тазартады екен. Сонымен қатар бала күмістей таза, сұлу болсын деп ырымдаған. Рәсімге жиналған әйелдерге күміс жүзік, білезік, алқа таратып, тарту жасаған. Қолында күмісі бар адамның тамағы таза болады деген ұғым да қалыптасқан. Жалпы күміс тазалықтың символы болып санада сақталған. Бұрынғы билер мен хандар ұсынылған қымызға күміс сақинасын салып тексеріпті. Егер қымызға қандай да бір улы зат қосылған болса, күмістің түсі өзгереді екен. Міне зергерлік бұйымдардың осындай қажеттіліктері мен пайдасы болған. Біз зергерлік бұйымдарға сәндік тұрғысынан ғана қарамауымыз керек. Оның құндылығы мен құпиясын білуіміз қажет. Осы ойды құба-құп көріп, қолданбалы қолөнерді дәріптеп жүрген шеберлер баршылық. Дәстүрлі үрдісті жалғастырып, ескіні жаңғыртып жүрген жас шебер Оралбек Бекқалидың зергерлеік бұйымдарына зер салып, шеберлігіне шолу жасадық.

Оралбек Бекқалиұлы Алтай аймағында 1988 жылы дүниеге келген. Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша бітірген. Қазір Шығыс Қазақстан облысының Самар ауылында мектепте мұғалім.

Әйел адамға шеберханаға көп кіруге болмайды

Оралбек Бекқалиды осыған дейін де жолықтырғанбыз. Шығыс өңірінде өткен қолөнер көрмелерінде зерлі бұйымдарын көпшіліктің назарына ұсынып жүреді. Оралбек көпіріп көп сөйлегеннен гөрі, байыппен баптап сөйлегенді ұнатады екен. Өнердің тілі мен күмістің бабын тауып жүрген шебердің бойында байыптылық әбден қалыптасыпты. Уағдаласқан уақытта жолыққан соң, алдымен ауылдың жайын айтып, артынша өнерінің өрісіне беталдық.

– Оқу бітіргеннен кейін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барып, мектепке мұғалім болып орналастым. Ауылдың жайлы тірлігін өтікізіп, жайлап-қыстап жатырмыз. Жалпы өнер адамына ауыл қолайлы. Ауылда шығармашылықпен айналысуға бос уақытың көп болады. Еркіндік бар. Ойлануға мүмкіндік бар. Қаладағы қарбалас тірлік өнеріңе өріс аша қоймайды. Жаз уақытында есігіңнің алдына шығып, далада жұмыс істеудің өзі қандай ғажап. Сол тыныштық пен ғажайып ауылдан қалаға жібермей жатыр. Үйімнің бір бөлмесінен кішкентай шеберхана ашып алғанмын. Шығармашылықтың қызығына кіріп кеткенде түн ортасына дейін сонда отырып қалатын кезім болады. Жұмыс барысында ежелгі дәстүрді естен шығармаймыз. Әр істің киесі мен иесі болатынын ескереміз. Бұрынғылар күміс балқытқанда әндетіп көңілді отырады екен. Өйткені күмістің бабына шебердің көңіл-күйі тікелей әсер етеді. Мен шеберханаға кіргенде музыка қосып қоямын. Көңіл-күйім болмаса жұмысқа кіріспеймін. Өйткені жасаған дүнием дұрыс шықпай қалады. Сонымен қатар әйел адам шеберханаға көп кіруге болмайды. Шебер төсті ерекше қадірлейтінін білесіз. Оны жерге тастап, аяқпен басуға болмайды. Міне осындай ұстанымдарды естен шығармаймыз, –  дейді Оралбек Бекқалиұлы.

Бұйымның құндылығына емес, құнына қарайды

– Шебердің қолынан шыққан бұйымдар бір-ақ рет жасалғандығымен құнды. Оның көшірмесін жасасаң да, дәл сондай болып шықпайтыны анық. Базардағы бағасы арзан әшекейлер мыңдап, миллиондап бір қалыптан шығады. Бір-бірінен аумайды. Осы айырмашылықты түсінбеген халық біздің бұйымның бағасын қымбатсынады.

Жасаған заттарымды әредік әлеуметтік желіге салып отырам. Әлеуметтік желі арқылы тапсырыстар түседі. Көбінде қыз балаларға шашбау жасатып жатады. Әшекейге ою-өрнек пен бедерлер салып безендіргенде баланың жасын ескере отырып, әртүрлі үлгіде жасап беремін. Жалпы жасаған дүниеме этика, эстетика тұрғысынан көп мән беремін.

Сонымен қатар құдағи жүзікке тапсырыс көп береді. Құдағи жүзіктің де құпиясы көп. Бұл көнеден келе жатқан ұлттық әшекей. Бұйым қазір қолданыста көп жоқ. Бұрынғы заманда құдағилар бір-біріне тарту еткен. Жүзіктің бетінде екі тас орналасқан. Екі тастың терең мағынасы бар. Ол ұл мен қызды тең көр дегенді білдіреді екен. Екі саусаққа қатар киіледі. Ол да екеуін бірі-бірінен айырып қарамай, бірдей көремін дегенді білдіреді.

Тарихы мен танымы терең дүниелердің бірі –  тұмар. Тұмар жасататындар да көп. Бірақ көпшілігі түрі мен танымын біле бермейтіндіктен түсіндіріп барып, жасаймын. Мысалы, «жастық тұмар» – төрт бұрышты түсті металдан жасалған көркемдік тұмар. Қиық тұмарсәндікке мойынға тағылатын жалтырауық заттардан істелген тұмар. Лағыл тұмар – лағыл таспен безендірілген тұмар. Алтын тұмар – күміс бетіне сіркелеп алтын жалатылған тұмар. Тіллә тұмар –  алтынмен қапталған тұмардың бір түрі. Осындай түрлері бар. Бұрынғы кезде тұмардың ішіне туған жерінің топырағын салып жүреді екен. Алыс сапарда жүріп қайтыс болған жағдайда тұмардағы топырақты қабіріне салады. Міне, әрбір бұйымның өзіндік құндылығы мен құпиясы бар. Құнын қымбатсынатын жұрт құндылығын білсе екен дейміз. Осындай құндылықтарды жаңғырту мақсатында шеберлер тынбай еңбек етуде. Жаңаға қызықпай, ескіні жаңғыртсақ рухани жаңғырарымыз анық.

Сақ дәуіріндегі зерлі бұйымдарды істеп көрмек

Біздің бүгінгі таңда жасап жүрген бұйымдарымыз жаңа заман техниасының тетігінен шығуда. Қазіргі таңда құрал-сайманның көмегі көп. Ал бұрынғы Сақ дәуірінде жасалған дүниелердің жасалу технологиясы таңдай қақтырады. Оны осыған дейін ешбір шебер қолмен жасап көрген жоқ. Өндірістік технологиямен көшірмесін ғана жасап жүр. Мен дәл сол дәуірдегідей етіп, қолмен жасап шықсам деймін. Бірақ сол кезде қандай қалыптар қолданғаны белгісіз. Кейбір кітаптарда ағаш қалыптар қолданған дейді. Ол да нақты емес. Шеберлігім шыңдала келе жасармын деп үміттенемін.

Шеберлік менің қанымда бар қасиет. Менің әкем мен шешемде ісмер адамдар болған. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», деген теорияны жалғастырып келемін. Әйелім тоқыма өнерін меңгерген. Екеуіміз бірлесіп болашақта үлкен шеберхана ашып, қазақтың қолөнерін дамытуды қолға алсақ дейміз. Ол бағытта жоспарларымыз да бар. Осы орайда тоқыма өнерінің біз ұмыта бастаған бір қырына тоқтала кетейік. Мысалы, бұрын күйеуге ұзатылған қыз белгілі бір мерзім ішінде төркініне сәлемдеме жіберетін болған. Сәлемдеме арқылы жағдайының жай-жапсарын жеткізуі керек. Ол үшін ою-өрнекті пайдалануы шарт болған. Егер қыз тоқыма бұйымына «құсмұрын» бейнелі ою салса, еркіндігім өз қолымда құстай ұшып жүрмін дегенді меңзеген. Ал тоқылған бұйымға арық адамның бейнесі бейнеленсе, «отырса опақ, тұрса сопақ» болып, шаршап жүргендігін аңғартқан. Осындай ойлы дүниелерді астарына әдіптеген тоқыма өнерінің де құпия сыры бар.

Ұрпаққа ұлттық өнердің қасиеті мен құндылығын түсіндірсек өткен өмірдің өрнегіндегі өнердің қырына қанық боларымыз анық. Келер ұрпақ ұлттық әшекейдің құнын емес құндылығын бағалайтындай деңгейде болу керек, – дейді шебер.

«Алтын кемер белге сән, алтын жиһаз елге сән», деген мақалдың мәйегінде ұлттық құндылықтың мазмұны мен мәні жатыр. Кешегі бабаларымыздай сән-салтанатты болып, салауатты өмір сүргенге не жетсін. Зерлі бұйымдарды жаңғыртып, ұлттың ұпайын түгендейміз десек зергерлерге жан-жақты қолдау көрсету керек.

 Қызырбек Дүргінбайұлы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button