Қоғам

Зере Вьетнамда күміспен күптелді

Зере Вьетнамда күміспен күптелді


24 қыркүйек – 3 қазан аралығында Вьетнам елінің Дананг қаласында өткен V Азия жағажай ойындарында шығысқазақстандық самбошы Зере Бектасқызы күміс жүлдеге қол жеткізді. 35 елдің спортшылары бақ сынасқан байрақты бәсекеде медальдар саны бойынша Вьетнам мемлекеті 139 медальмен көш бастап тұр. Тайландтықтарда – 90, Қытайда – 49 жүлде. Қазақстан спорттың ашық суда жүзу, жағажай волейболы, су добы, муай-тай боксы және самбо түрлері бойынша 3 алтын, 4 күміс, 5 қоламен 12-інші орынға тұрақтады.

72 келі салмақ дәрежесінде белдескен Семей қаласындағы облыстық №1 олимпиадалық резерв мамандандырылған жасөспірімдер-балалар спорт мектебінде жаттығатын бұрымды балуанымыз тайландтық әрі вьетнамдық қарсыластарын таза жеңгенімен, ақтық сында моңғолиялық самбошыға сәл ғана басымдылықпен жол берді.

– Бұл сайыстағы самбо күресінен болған жарысты самбоның салмағы зор, үлкен титулдағысы деуімізге болады. Екі жылда бір өтетін байрақты бәсекеде біз кілем емес, құмда белдестік. 40 градус ыстық. Жарыс ережесі де бөлек, яғни белдесу тек бір ұпайға дейін ғана созылды. Жалпы, Азия жағажай ойындарына осал команда келген жоқ. Барлық қарсыластар мықты дайындалған. Бұл ретте әйелдер арасында моңғол спортшыларын атап өтер ем. Олар төрт салмақтың үшеуінде чемпион атанды. Мені баптаған ұстаздарым – самбодан Қазақстанның еңбегі сіңген жаттықтырушы М.Көшкінов және Қазақстанның спорт шебері Б.Имахановқа алғысым шексіз, – дейді Зере Бектасқызы.

Ал ерлер арасындағы финалдық белдесуде өзбекстандық Ильхом Юлдашовқа есе жіберген Әлібек Закенов (90 келі) те екінші орын төрінен көрінген болатын. Осылайша, самбо күресінің шеберлері қос күмісті қанағат тұтты.

Айта кетерлігі, самбо күресінен әуелгіде жасөспірімдер арасында екі дүркін Азия чемпионы (2011ж., 2012ж.) ретінде танылған Зере – жастар арасында да екі мәрте (2013ж., 2014ж.) жеңіс тұғырынан көріне білген жас спортшы. 2012 жылы жасөспірімдер арасында Әлем чемпионатының қола жүлдегері, сонымен қатар самбо күресінен 2014 жылы жастар арасында Әлем чемпионы атағын еншілеген еді. Биыл жазда Ашхабадта өткен әлемдік додада да, Ресейдің Кстова қаласында ұйымдастырылған халықаралық спорттық бәсекеде де Зере ІІ орыннан көрінген болатын.

Дарынды самбошы 9-қарашада Болгарияда өтетін Әлем біріншілігіне аттанбақ, артынша Қызылордадағы дзюдо күресі бойынша ел чемпионатына қатысады.

Әйгерім Ермырза
Семей.

Осы айдарда

Back to top button