Қоғам

Үздіктерге құрмет көрсетілді

Үздіктерге құрмет көрсетілді


Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында республикалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының ХІІІ еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті. Онда елімізді абаттандыруға және көркейтуге атсалысып жүрген белсенді жастар марапатталып, сый-құрметке бөленді.

Аталмыш шараның ашылу салтанатында сөз алған еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұлов «Жасыл ел» еңбек жасағының жыл бойы атқарған жұмыстарына оң баға беріп, алдағы уақытта «Жас сақшы» жобасы қолға алынатынын атап өтті.

– Жыл сайын бұл еңбек жасағында жұмыс істейтін жастардың қатары артып келеді. Ағымдағы жыл соңына дейін біз 30 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, елімізді абаттандыру жұмыстарына бір кісідей атсалысып жүрген жастар келешекте жылыжайда көкөніс өсіру шаруашылығын дамытуға атсалысатын болады, – деген Ғабидолла Оспанқұлов республика бойынша «Үздік сарбаз» аталымын жеңіп алған Ақмола облыстық «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Нұрасыл Егізбайды марапаттады.

Бұдан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нэлли Краснобаева атыраулық «Спецавтобаза» ЖШС мен Оңтүстік Қазақстан облысынан келген «Аманкелді» ЖШС-нің жетекшілерін «Үздік жұмыс беруші» аталымы бойынша марапаттады.

– Биыл облыстағы «Жасыл ел» еңбек жасағының құрамында 1400-ден астам адам еңбек етті. Осы орайда, аталмыш жасақтың құрамында жұмыс істейтін жастардың туған еліміздің гүлденуіне қосып жатқан үлестерінің мол екенін атап өткен жөн, – дейді Нэлли Краснобаева.

Салтанатты шара барысында «Үздік жоба» аталымы бойынша жеңімпаз деп танылған Павлодар облыстық филиалын марапаттау «Қазақстан жастары конгресінің» атқарушы директоры Айдын Сәбитовке тапсырылды. Ал «Үздік жасақ» аталымын жеңіп алған Батыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстық филиалдарын облыстық ішкі саясат басқармасының жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Арайлым Есімбекова құттықтады.
Шара соңында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі Тохтар Болысов «Үздік штаб» аталымына ие болған Алматы және Ақтөбе облыстарының филиалдарын марапаттады.

– «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ХІІІ еңбек маусымының республикалық жабылу салтанатын жоғары деңгейде өткізген облыс әкімдігі мен қалалық жастар ресурстық орталығына, сондай-ақ, Арайлым Есімбековаға алғысымды білдіремін. Осы сәтті пайдалана отырып, бос уақытын пайдалы шаруаларға арнағысы келетін жастарды біздің ұйымға мүше болуға шақырамын, – дейді Тохтар Болысов.

Үздіктерге құрмет көрсетілді

Кеш барысында өңірге танымал өнерпаздар Влад Лоскутов «Байтақ дала» әнін әуелете шырқап, көрермендердің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, концертте «Қайда?» әнін орындаған Диана Исмаил көпшілік қауымның ерекше ықыласына бөленді. Ал мың бұрала билеген «Экстази» мен «Formation» би топтары әртүрлі хореографиялық қойылымдарды ұсынды.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button