Үздіктердің үздігі

Өскеменде үш күн бойы өткен «WorldSkills Shygys – 2019» IV аймақтық чемпионаты өз мәресіне жетті. Байқаудың салтанатты жабылуы «Ертіс концерт» орталық мәдениет үйінде өтті. Өңір колледждерінің базасында және «ОблШығысЖол» кәсіпорнында орналасқан жеті кәсіби шеберлік алаңын аралап, қатысушылардың басы-қасында болған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова өз ісінің нағыз шеберлерін марапаттады.
Кәсіби шеберлік чемпионатының барысында өткен Абилимпикс I аймақтық байқауына облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменде былтыр ашылған «Ақ ниет» мектеп-интернатының оқушылары мен түлектері де қатысты. Бұған дейін де түрлі байқаулардың жүлдегері болып жүрген Ерзат Тәбиев пен Бақытжан Ерлікұлы «Ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша бақ сынады. Светлана Кривицкая басшылық ететін мектеп-интернатының қолөнерші қыздары шытыра-моншақ пен киізден түрлі бұйым жасап, шеберлік сабақтарын көрсетті. Айым Әлімханова «Рухани жаңғыру» бағдарламасының логотипі – түрлі-түсті қыранды моншақтармен безендіріп, қатысушыларға сәнді түйреуіштер мен алқа жасауды үйретті. Барлық алаңдарды аралап шыққан Әсем Нүсіпова балалардың өнерін жоғары бағалап, көрменің төрінен орын алған «Көктем» картинасын сатып алды. Көздің жауын алатын бұл әдемі суретті Ақпейіл Аханова киізді бояп жасаған екен.
Халыққа қызмет көрсету саласының мамандары да байқаудан тыс қалған жоқ. Олар салтанатты кештерге арналған түрлі дизайндағы көйлектер тігіп, әдемі шаш үлгілерін жасады.
«Ақ ниеттің» түлегі Влад Лахно Өскемен политехникалық колледжінің базасында өткен байқауға 3D модельдеу аталымы бойынша қатысты. IT фестивальда инновациялық ГЭС жобасымен жүлделі орын алған Влад бұл жолы газ клапанының жаңа үлгісін жасап әкелді. Қатысушылар политехникалық колледжде IT, web-дизайн, прототиптеу, мехатроника, инженерлік графика мамандықтары бойынша сынға түсті.
Бұл байқаудың тиімділігі – жастардың жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. «KAZ Minerals Aktoqay» компаниясының басқарма басшысы Бауыржан Абылқасымұлының айтуынша, жуықта Аягөздегі және облыс орталығындағы бірнеше колледждің материалдық-техникалық базасы жаңғыртылады. Д.Серікбаев атындағы ШҚМУ жанындағы жоғары техникалық колледж, Өскемен көпсалалы технологиялық колледжі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің жоғары колледжі және Аягөз политехникалық колледжін заманауи оқу құралдарымен жабдықтау үшін, компания 380 миллион теңге қаражат бөлмек. Негізгі инвестиция Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде бес мамандық бойынша ашылатын құзыреттілік орталығына жұмсалады.
-Чемпионат барысында байқағаным, барлық қатысушылар мықты, ең бастысы ынталы екен. Әсіресе, бағдарламалау, электроника сияқты жаңа мамандықтарға жақсы бейімделіпті. Жас мамандардың әлеуеті өте жоғары, – деп атап өтті тәуелсіз сарапшы, Dosti инновациялық орталығы оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Абдулазизжон Вафаев.
«Азия Авто» кәсіпорнының өкілі, «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету» мамандығының тәуелсіз сарапшысы Владимир Дручинин қазірдің өзінде кемінде үш жас маманды жұмысқа алуға дайын екендігін айтты. Бір қызығы, қазір самосвал сияқты ауыр көліктерді басқару үшін жұмысқа әйел адамдарды алуға тырысады екен. Өйткені олар өте ұқыпты, жұмысына тиянақты, жауапкершлікпен қарайды. Оның үстіне қазіргі самосвалдар бұрынғыдай механикалық емес, бір тетікпен, тіпті джостикпен ғана басқарылады. Сондықтан бұл мамандықты игеру қыздарға да қиын емес.
«Бипэк Авто Қазақстан» компаниясынан келген сарапшы Игорь Кустовтың айтуынша, кәсіпорындағы арнайы бағдарлама бойынша тәжірибеден өтіп жүрген студенттер осында жұмысқа орналаса алады. Оқудан қол үзбей, жарты күн жұмыс істеуіне болады. Жалақысы төленеді. Өскемен құрылыс колледжінің екінші курс студенті Елизавета Магель құрылыс және әрлеу жұмыстарының шебері мамандығына оқып жүр. Айтуынша, әрлеушілер сұранысқа ие мамандық иелері және жалақысы да жақсы. Байқау негізінен IT, қонақүй ісі, WEB-дизайн, ветеринария, бастауыш білім беру, инженерлік графика, тас қалау, жиһаз өндірісі, мейіргерлік ісі, мехатроника, роботтық техника, флористика және электроника сияқты 43 мамандық бойынша өтті.
Сонымен, өз кәсібін жетік меңгерген үздіктердің үздігін жариялайтын уақыт та келіп жеті. Олжас Тоқтамысов, Тоғжан Асқарбек, Диас Аринов, Еркежан
Ұлықбекова, Аяулым Бекбосынова, Шерхан Қыңырбеков, Әмірхан Қашқалдақ, Толғанай Балтабекова, Нұрасыл Нұржанұлы, Азамат Такеев, Лаура Уалиева, Гульфия Жолдина, Еламан Құрманғалиев және тағы да басқа қатысушылар кәсіби шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі бірінші орынға ие болды. Мүмкіндігі шектеулі балалар арасында өткен «Абилимпикс» чемпионатында Ерзат Табиев, Әйгерім Байбусинова, Диана Мамырбекова жеңіске жетті. Ал командалық есепте Семей қаласындағы Электротехникалық колледж суырылып алға шықты.
Жеңімпаздардың барлығына «Казцинк» ЖШС, «Востоктехносервис» ЖШС, «Отель НОМАД-Семей», «Семей Коркем», «ТасКредит», «Шығыс Ажар Торг», «Пинегина Е. В», «ВостокЭлит-Е», «Топаз», «Феклистова А.Ф.», «Dedeman Oskemen Tavros», «Welding Company», «Глубочанка», ателье «Силуэт», «Мереке», «Каравай» кәсіпорындарының демеушілігімен ақшалай және бағалы сыйлықтар тапсырылды. Өңірлік байқау жеңімпаздары алдағы уақытта өтетін республикалық чемпионатта облыс намысын қорғайтын болады.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ