Қоғам

Үздік журналистер марапатталды

Үздік журналистер марапатталды
Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін құттықтады. Облыс әкімдігінде өткен салтанатты жиында аймақ басшысы үздік журналистерге дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырды.

Қазір әлемдегі, тіпті еліміздегі жаңалықтар легі көз ілеспес жылдамдықпен жаңарып отырады. Бұл орайда халыққа күнделікті дұрыс, тексерілген ақпарат беретін журналистер қауымының еңбегі ерекше. Бүгінгі таңда облыста республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының елуден астам меншікті тілшісі қызмет етеді. 150-ден астам аймақтық ақпарат құралдарының жартысынан астамы мемлекеттік емес. Сонымен қатар 40-тан астам ақпараттық сайт пен әлеуметтік желідегі әйгілі топтар бар.

-Облысымызда өңірлік журналистиканың бай тарихын жалғап, оның дамуына үлесін қосып жүрген білікті редакторлар, талантты тілшілер, тәжірибелі операторлар мен фототілшілер аз емес. Қазіргі журналистиканың басты талаптарының бірі – облыс жаңалықтарын, өзекті мәселелерін оқырманына немесе көрерменіне сапалы әрі жедел жеткізу. Бүгінде ақпарат тарату саласында блогерлердің қызметі де қарқынды дамып келеді. Бірақ бұл бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі журналистика жойылады деген сөз емес. Керісінше, бірін-бірі толықтырып, бәсеке арқылы бірге дамиды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, кәсіби шеберліктің арқасында шығармашылықта толағай табыстарға жете беріңіздер!-деді құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Даниал Ахметов.

Салтанатты жиын барысында журналистерге жыл сайынғы дәстүр бойынша тоғыз номинациядан тұратын «Журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» облыс әкімінің сыйлығы тапсырылды. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» номинациясының бірінші дәрежелі дипломымен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы облыстық филиалының шеф-редакторы Әсира Нажмаддинова, «Жаңа әлеуметтік бастамалар» – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының өңірдегі меншікті тілшісі Берік Көшербаев, «Жаңғыру жолы» – облыстық «Didar» газетінің тілшісі Айжанат Бақытқызы, «Жастар – ел тірегі» – республикалық «Деловой Казахстан» газетінің меншікті тілшісі Ольга Сизова, «Шығыс – адалдық алаңы» – «Рудный Алтай» газетінің тілшісі Ерік Абитов, «Қоғам дауысы» – «Хабар» агенттігінің Семей қаласындағы меншікті тілшісі Болат Кәкібаланов, «Көшбасшы INFO» – Мирас Малғаждаров басшылық ететін «F16» интернет қауымдастығы мен Ләйлә Оразбаева басқаратын «Semeyainasy.kz» сайты, «Өр Алтай» – «Шығыс Ақпарат» тілшісі Дмитрий Крюкович, «Кадрдағы креатив» – «Art Media Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фототілшісі Владимир Петухов үздік деп танылды.

Саналы ғұмырын журналистикаға арнаған ардагерлеріміз де назардан тыс қалған жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарған, бірнеше жинақтар мен кітаптардың авторы Оңдасын Елубай, «Kazinform.kz» халықаралық ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі Людмила Малько, «Аргументы и факты Казахстан» республикалық газетінің меншікті тілшісі Анатолий Лаптев облыс әкімінің арнайы сыйлығына ие болды. «Егемен Қазақстан» газетінің өңірдегі тілшісі Азамат Қасым және блогер Әділ Сайлаубек қоғамдық белсенділігі мен азаматтық позициясы үшін марапатталды. Журналистика саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бірқатар журналистерге Алғыс хаттар тапсырылды.

Сонымен қатар бұл күні Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жүмәділ Әділбаев облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаевқа БАҚ саласындағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін табыс етті.

Айта кетейік, жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып ресми түрде белгіленіп, Үкіметтің тиісті қаулысы жарияланды. Сонымен қатар Президент «Журналистер мәртебесі» туралы Заң қабылдау қажеттігін де баса айтты. Бұл БАҚ-тың қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болары даусыз.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button