Қоғам

Үздік оқырман отбасы анықталды

Үздік оқырман отбасы анықталды


Бәсекеге қабілеттіліктің басты көрсеткіші – білім, ал білімнің кәусар бұлағы – кітап екендігі белгілі. Халықаралық отбасы күніне орай Ұлан ауданындағы Қанай ауылында «Үздік оқырман отбасы» байқауы өтті.

«Отан отбасынан басталады» деп бекерге айтылмаған. Баланың болашақта жақсы азамат болып өсуі, жан-жақты білімді әрі тәрбиелі болуы отбасында берілетін тәрбиеге тікелей байланысты. Сайыс барысында ата-аналар мен балалардың халық ауыз әдебиеті, салт-дәстүр туралы білімдері сарапқа салынды. Мақсатымыз – балаларға отбасы – Отанның бір бөлшегі екендігін ұғындырып, ынтымақ пен бірлікке, татулық пен ұйымшылдыққа тәрбиелей отырып, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Әсем Ақылбекқызы.

Ұлттық сана-сезімі жоғары, ойы терең, мәдениетті де еңбекқор ұрпақты кітап оқу арқылы тәрбиелеуге бір кісідей атсалысып жүрген жанның бірі Исатай Зайсанбекұлы басшылық ететін Қанай орта мектебінің кітапханашысы Ғалия Төребайқызы. Сол кісінің тікелей ұйымдастыруымен білім ордасында үштілділікті дамытуға, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіруге бағытталған игілікті іс-шаралар жиі өткізіледі.

Байқауда Ұлан ауданының мектептерінде балалары оқитын 15 үлгілі отбасы сынға түсті. Алғашқы тапсырма бойынша командалар «Кітап және менің отбасым» мультимедиялық көрсетілімінде бейнебаян арқылы отбасының жетістіктерімен таныстырды. «Отбасымыздың сүйікті кітабы» кезеңінде белгілі бір әңгіме немесе ертегі желісі бойынша сахналық көріністер қойды. Әсіресе балалар әдебиетінің атасы – Ыбырай Алтынсариннің «Бала мен әке» әңгімесінің, «Құмырсқаның қанағаты» ертегісінің желісіне құрылған көріністер сәтті шығып, көрерменге ой салды. Қатысушылардың басым көпшілігі ұлы Абайдың қара сөздерін, М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесін, қаһарман жазушы Қасым Қайсеновтің, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармалары мен Алдар көсенің хикаяларын сүйіп оқитындықтарын жеткізді.

Сиқырлы ертегі әлеміне жетелейтін «Ерте, ерте, ертеде…» сайысында берілген кілт сөздер бойынша ертегі құрастырып, қатысушылар ойға жүйріктігін дәлелдеді. «Білімнің көзі – кітапта» атты сұрақ-жауап кезеңінде еліміздің мемлекеттік тілі, рәміздерінің авторлары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты бағыттары, балалар әдебиетінің өкілдері мен ертегі кейіпкерлері туралы сұрақтарға тұшымды жауап берді. Ал «Отбасы шығармашылығы» атты сайыстың соңғы кезеңінде өнерпаздар көрермендерді ән-жырға, күмбірлеген күйге бөледі.

Сайыс нәтижесінде білімімен, өнерімен ерекшеленген Қанай ауылының тұрғындары – Тоқтаровтар отбасы бас жүлдеге ие болып, «Үздік оқырман отбасы» атағын жеңіп алса, Герасимовка орта мектебінің командасы – Қабдулиновтар отбасы жүлделі бірінші орынды иеленді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button