Қоғам

Үздік кооперативтердің үлгісі таныстырылды

Үздік кооперативтердің үлгісі таныстырылды


Шығысқазақстандық шаруалар жылына 22,4 мың тонна өңделген ет, 151 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы. Осыншалық әлеуетті ұтымды пайдаланудың басты жолы кооперативтер құру болмақ. Астанадан облысқа арнайы келген Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Қайрат Айтуғанов аудан әкімдеріне бұл ауқымды жұмыстың қалай жүзеге асатынын түсіндірді.

Вице-министр әуелі облыстың аграрлық салада игерілмей жатқан әлеуетіне тоқталды. Бүгінде өңір аумағында 23 сүт өңдеуші, 14 ет өңдеуші кәсіпорын бар. Бірақ олар бар болғаны 34 пайызға ғана жұмыспен жүктелген. Осының салдарынан аймақтың азық-түлік нарығын шетелдік өнімдер жаулап отыр. Егер аталған өндіріс ошақтары толық қуатпен жұмыс істеп, сүт пен ет өндірушілер зауыттарды шикізатпен түгелдей қамтамасыз етіп тұрса, жылына 22,4 мың тонна ет, 151 мың тонна сүт өңделген болар еді. Осынша мөлшердегі өндіріс желісін ұстап тұруға қолдағы мал басы да жеткілікті. Тек оның басым бөлігі жеке қосалқы шаруашылықтардың иелігінде. Қайрат Айтуғанов жеке қолдағы малдың үлесіне облыс бойынша өндірілетін сүт пен еттің 75-80 пайызы тиесілі екенін айтады.

Өткен жылы облысымызда 26 кооператив құрылған. Министрлік осы кооперативтердің барлығының жұмыс аясын зерделеп талдау жасаған екен.

– Әзірге сан бар, сапа мардымсыз. Бұған дейін қағаз жүзінде құрылып қойған ұжымдарды нақты өндіріс айналымына қосу қажет, – деді Қ.Айтуғанов.

Статистикалық мәліметтер өңірдегі сүт өңдейтін кәсіпорындардың шикізатпен қамтылуы 64 пайыздың деңгейінде екенін көрсеткенімен, вице-министр бұл дерекке күмәнмен қарайтынын жеткізді. Қалай дегенмен де, аграрлық саланы дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында зауыттардың қажет шикізатпен қамтылу деңгейін 80 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Өткен жылы сүт өңдеуші кәсіпорындар орта есеппен 48 мың тонна өнім шығарыпты. Демек, алда әлі 100 мың тонналық әлеует игерілмей жатыр. Ет өңдеу саласында да дәл осындай жағдай қалыптасқан. Статистика мұндағы шикізатпен қамтылу деңгейі 65 пайыз деген дерек айтуда. Бұл көрсеткішті алдағы бес жылда тоғыз пайызға өсіру жоспарлануда. Қ.Айтуғанов аудан әкімдерін бұл істе Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының тәжірибесін негізге алуды ұсынды. Оның айтуынша, аталған өңірлерде кооперативтердің жұмысы қарқын ала бастаған, өндіріске айтарлықтай үлес қосып отыр.

Семинар барысында вице-министр еліміздің әр облысында сәтті жұмыс істеп тұрған кооперативтердің даму жолынан мысалдар келтірді. Оның айтуынша, кооперативтерге ұсынған жеңілдікті ұтымды пайдаланған шаруалардың өндіріс бағыты ауыл шаруашылығының түрлі саласын қамтып отыр. Арасында сүт пен етті қойып, бөдене жұмыртқасы мен саңырауқұлақты табыс көзіне айналдырғандары да бар. Қ.Айтуғанов біздің өңірде халықтан сүт қабылдау жүйесінің сауатты ұйымдастырылғанын атап, оған қажет қондырғының Өскеменнің өзінде жасалатынына ерекше мән берді. Бұдан былай кооперативтер сүт қабылдау бекетін орнатуға кеткен қаржының тең жартысын мемлекеттен қайтарып алуға құқылы. Сол сияқты инкубатор, қасапхана, сүт таситын көлік, сауын аппараты, жем цехы мен тасымалданатын тоңазытқыш орнатуға және техника алуға кеткен кооператив шығынының 50 пайызын мемлекет қайтарып береді.

Кооперативке бірігудің жеңілдіктерін қалай ұтымды пайдаланып, іс барысында кездесетін кедергілерді қалай еңсеру керектігін нақты мысалдар арқылы түсіндірген министрлік өкілі осы іспеттес түсіндіру жұмыстары бүкіл облыста ұйымдастырылатынын атады. Министрлік осы мақсаттың өзіне қыруар қаржы бөліп отыр. Өйткені, ауылдың кез келген тұрғыны кооперативке мүше болуға әлеуетті. Халықпен үнемі байланыста болу үшін ведомство өкілдері ашық байланыс желісін құрған. Ауылшаруашылық кооперативтері жайында, оған бірігудің шарттары мен артықшылықтары, қаржыландыру жолдары туралы ақпарат алғысы келген әрбір азамат 8-8000-80-80-10 нөміріне хабарласа алады.

Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button