Өзбектермен алыс-беріс артады
Ағымдағы жыл басынан бері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі ел арасындағы алыс-берістің әлдеқайда артқанын көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Аймұқашевпен кездескен Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев мәлім етті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-саттық пен туризм саласын дамыту жөнінде кеңінен талқыланды. Өз кезегінде Ерлан Аймұқашев Шығыс Қазақстаннның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен хабар беріп, бұл кездесу мемлекетаралық байланыстың заңды жалғасы екенін атады.
– Біздің өңірде түсті металлургия мен агроөнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Өздеріңіз білетіндей, Шығыс Қазақстанда ірі өндіріс орындары шоғырланған. Бұл аймақ – еліміздегі түсті металлургияның отаны. Осы күнге дейін Шығыс Қазақстан қорғасынымен, мырышымен, мысымен төрткүл дүниеге танылды. Әсіресе, облыс орталығында орналасқан «Қазцинк», «ТМК», Үлбі металлургиялық зауыттарының жұмысын ерекше атап өтуге болады. Сонымен қатар, біздің өңірде көлік құрастырудың көш басында келе жатқан «Азия-Авто» кәсіпорны бар. Бүгінде ел аумағында құрастырылатын көліктердің дені Өскеменде жасалады. Отандық көлік мінгісі келетіндер «Азия Авто» өнімін таңдайды, – деді Ерлан Аймұқашев.
Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев екі ел арасындағы тауар айналымын 2020 жылға дейін бес миллиардқа дейін жеткізуді жоспарлап отырғандарын атап өтті.
– Қазақ елі Өзбекстанның көршісі ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі стратегиялық сауда әріптесі. Сол себептен екі мемлекет арасындағы байланыс нығайып, алыс-берісіміз арта түседі деп сенемін. Ресми дерек көздеріне сүйенсек, былтыр бауырлас елдер арасындағы тауар айналымының көлемі екі миллиардты құраған болатын. Ал биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарда бар. Бұдан бөлек шығысқазақстандықтармен бірге туризм саласы бойынша бірлескен жобаларды іске асыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ, биыл күзде қазақ пен өзбек кәсіпкерлерінің басын қосып, аймақаралық форум өткіземіз. Онда екі елдің экономикасын дамыту мақсатында қолға алынатын ірі жобалар талқыланады. Оған Қазақстан мен Өзбекстанның түкпір-түкпірінен кәсіпкерлер жиналады, – деді Саидикрам Ниязходжаев.
Ажар Сағатбекова