Қоғам

Зайсанның өз көмірі, көгілдір отыны бар

Зайсанның өз көмірі, көгілдір отыны бар

Трактор зауыты іске қосылады

Зайсан күн сайын көркейіп, көшелерінде бір емес бірнеше сәулетті ғимараттар бой көтеріп, шағын және орта кәсіпкерлік ерекше дамып келеді. Ауыл шаруашылығында да алға басу байқалады, мал басы өсіп, елді мекендерге газ тарту қарқын ала бастаған. Аудан әкімі Алмас Оңдақановқа жолығып, атқарылып жатқан істер, алда тұрған міндеттер жайында айтып беруін сұраған едік.

– Алмас Аманқолұлы, қырық мыңға тарта тұрғындардың негізгі күнкөрісі мал, яғни, ауыл шаруашылығы екені белгілі. Ендеше осы саладағы жетістіктерді білсек…
– Зайсан ауданының тұрғындары ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығын кәсіп еткен өңір болғандықтан, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларды толық пайдалануда. Қазіргі күні ірі қара саны 75 мыңға, қой-ешкі 138 мың, жылқы 17 мың 428-ге жетіп, құс 60 мыңнан асты. Шаруа қожалықтары мен жеке кәсіппен шығылданатындар 14152 тонна ет, 40193 тонна сүт өндірді, бұл мұның алдындағы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп.
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 14 миллиард 267,4 миллион теңгені, табиғи көлем индексі 104,3 пайызды құрады. Асыл тұқымды мал өсіруде де бағдарлы жұмыс жасаудамыз. Ірі қара малының генетикалық әлеуетін арттыру мақсатында басқа жақтан шаруа қожалықтары 260 асыл тұқымды ірі қара, 100 бас жылқы малын сатып алды. Ауыз толтырып айтарлықтай жоғары көрсеткіш болмаса да шаруа адамдарының мал басын асылдандыруға бетбұрыс жасағаны қуантады.
–Мемлекеттің «Сыбаға», «Құлан», «Жайлау» бағдарламалары бойынша қандай істер тындырылды?
– Бұл бағдарламаларға шаруа қожалықтары белсене араласа бастады. Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 9 шаруа қожалығы 288 ірі қара малын 57,6 миллион теңгеге сатып алды. Ал «Құлан» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы 115,7 миллион теңгеге 619 жылқы алынды. «Жайлау» бағдарламасы бойынша өткен жылы шаруа қожалықтары 112 миллион теңгеге бес мың қой сатып алды. Мал өсірген екенсің, шөп шауып, оны тасуға, басқа да бітпейтін жұмыстарға жаңа техника қажет екені белгілі. Өткен жылы 8 шаруа қожалығы өз қаражаттарына, 10 қожалық лизинг бағдарламасы бойынша «Беларусь» тракторларын сатып алды. Сонымен бірге, көрші Қытай елінен екі қуатты, 15 шағын тракторларды алғанын айта кету керек.
– Шағын трактор зауытын ашып, картоп егіп, оны жинайтын тіркемелерді шығару қолға алынған көрінеді. Бұл тамаша бастама ғой.
– Өткен жылы қытайлық кәсіпкерлермен бірлесіп Зайсанда шағын трактор зауытын ашуды жоспарлаған едік. Арғы жақтан 36 трактор, оған қажетті тіркемелер жеткізілді. Бастапқы кезде бір трактордың құны бұрынғы өлшеммен 2 мың АҚШ доллары болған. Ал валютаның екі есе өсіп кетуіне байланысты техника бағасы да шарықтап кетті. Демек, шаруа қожалықтарына бұл құны арзан техниканы алу мәселесін ойластырған жөн. Биылғы жылы ары қарай техникаларды құрастыру жұмыстарын бастау жоспарлануда.
«Не ексең, соны орасың» дегендей, өткен жылы егіннің шығымы жаман болған жоқ, әр гектардан 19,4 центнерден дән жиналды. 700 тонна күнбағыс, 14 мың тонна көкөніс, 21 мың тонна картоп жиналды. Осы орайда, егін шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 253 қожалыққа 115,4 миллион теңге субсидия төленгенін айта кеткен орынды.

Өнеркәсіп өрге басып келеді

– «100 нақты қадам» Ұлт жоспары өңірде қалай жүзеге асырылуда?
–Зайсан ауданында өнеркәсіп өрге басуда. Біздің өз көміріміз, көгілдір отынымыз бар. Табиғат сыйлаған осы байлықты халықтың игілігіне жарату – басты міндетіміз. Көмір өндіретін «Сайхан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылғанына – 24 жыл. Осы уақытта Зайсанның 70 мың тоннадан астам көмірін аудан тұрғындарымен бірге көрші Тарбағатай, Күршімнің халқы тұтынған екен. А.Дудник жетекшілік ететін жауапкершілігі шектеулі серіктестікте бұл күндері 93 адам жұмыспен қамтылған. Облыстың үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында үш жоба қаралып, бекітілді. Қуат Әбжанов басқаратын «СМУ-Шығыс» серіктестігінің құрылыс комбинатының темір-бетон бұйымдарын шығаратын зауыттың қуатын арттыру және жаңалау, «Нұр» шаруа қожалығының шағын ет комбинатын ашу, Қарабұлақ ауылындағы бірнеше жылдан бері тоқтап қалған балық зауытын қытайлық инвесторлармен бірлесіп жүзеге асыру кезек күттірмейтін маңызды шаруа.
Ауданның тұрғын үйлері мен мекемелеріне, мектептеріне көгілдір отынның келуі елеулі жаңалық. Қазірге дейін 9 ауылдың төртеуіне газ тартылды. Зайсан қаласында 700 үй газбен үйлерін жылытып, ас-суын әзірлеуде. Әуезов және Мұстафина атындағы орта мектептер де газдың игілігін көріп жатыр. Кеңсай, Айнабұлақ, Қаратал ауылдарына газ құбырлары тартылып жатыр. Биыл бұл жұмыс одан әрі жалғасын тартпақ.
– Зайсанда құрылыс ерекше қарқын алған. Осы салаға кеңінен тоқтала кетсеңіз.
–Қаржы дағдарысына байланысты ауданға бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бөлінетін қаржы қысқарды. Бірақ қол қусырып отыратын заман емес, мүмкіндіктерді саралай отырып, құрылысты әрі қарай жалғастыруға көңіл бөлдік. «Қолжетімді баспана-2020», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары бойынша Зайсанда 60 пәтерлі екі коммуналдық тұрғын үйлеріне инженерлік желілер тарту, абаттандыру жұмысы аяқталып қалды, жақында олар пайдалануға берілмек. Құны 210,2 миллион теңге тұратын Дайыр ауылындағы Мәдениет үйі ашылып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеп тастады. Аудандық бюджет қаражаты есебінен Қаратал ауылында спорт модулі салынып, қазір ол жұмыс істеп тұр. Қарабұлақ ауылындағы су құбырын ішін-ара жөндеуге 25,8 миллион теңге бөлінді. 17 жобаға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қаратал, Шілікті ауылдарының су құбырлары мен құрылғылары, Қараталдағы 140 орындық балабақша құрылысы бірінші кезекте жүзеге асырылмақ.
–Ауданда «Ауызсу» бағдарламасы қалай жүзеге асырылып жатыр? Аудан орталығын абаттандыру және көлік қатынасы, жол жөндеу жұмыстары жайында айта кетсеңіз.
–Қарабұлақ ауылының су құбырын жөндеуге 25,8 миллион теңге бөлініп, уақытында жөнделді. Ауызсумен ауданның түгелге жуық ауылдары қамтамасыз етілді. Соңғы екі жылда халық саны аз елді мекендерді ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен су құбырлары тартылды. Ал аудан орталығындағы тұрғын үйлерге терможаңғырту бағдарламасына сәйкес былтыр 5 көпқабатты үйлерді жөндеуге 24 миллион теңге бөлінді. Мәнтеев, Молдағұлов, Жангелдин көшелерінің жарық тартылмай қалған тұсына электр бағаналары орнатылды. Әсем қаланың көркін одан әрі жақсарту үшін көшелерге шырша, шаңырақ үлгілі гүлзарлар мен эскиздер орнатудамыз.
Көлік қатынасына келетін болсақ, аудан бойынша жалпы қолданыстағы автомобль жолдары желісінің ұзындығы 460 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызы бар -168, облыстық маңызы бар – 81, аудандық маңыздағы – 211 шақырым жолдың 29 шақырымына асфальт төселген. Аудандық маңызы бар жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына өткен жылы 20,9 миллион теңге бөлініп, ол игерілді. Ал енді жолаушыларды тасымалдау мәселесіне келсек, күн сайын аудан орталығынан Өскемен, Семейге, Алматы мен Астанаға автобустар үзіліссіз қатынап тұрады.
Ауылдарға көлік қатынасы дұрыс ұйымдастырылған. «Зайсан-Кеңсай-Шілікті», «Зайсан-Айнабұлақ-Жамбыл-Дайыр-Қуаныш-Біржан», «Зайсан-Көгедай-Шалқар-Қаратал-Үлкен Қаратал», басқа да елді мекендер бағыттары бойынша күн сайын автобустар халыққа мінсіз қызмет көрсетуде.

Ұлттық тестілеуде Айнабұлақ орта мектебі бірінші орыннан көрінді

–Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие, оларға кәсіптік білім беру туралы айтылған. Білім саласында қандай оң өзгерістер бар?
–Ауданда 27 мектеп, оның ішінде 17 орта, сегіз негізгі орта, екі бастауыш, 10 балабақша бар. Өткен жылы Бірыңғай ұлттық тестілеуде шәкірттер сапалы білім алып жатқанын дәлелдеді. Атап айтқанда, аудан бойынша оқушылар 88,5 балл жинады. 80 жылдық тарихы бар «Жылдың үздік мектептері» облыстық байқауының «Жыл дүлділі» номинациясының жеңімпазы, білікті де білімді ұстаз Сәуле Зайнулдина жетекшілік ететін Айнабұлақ орта мектебінің оқушылары өткен жылы ұлттық тестілеуде 100,2 балл жинап, облыс бойынша бірінші орынды иеленді. Осы мектептің үздік оқушысы Балжан Абдрахманова – 124 балл, Жансая Тетенаева – 112, Елназ Сіләмбекова – 109 балл жинап, барлығы жоғары оқу орындарына түсті.
Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жаңа тұрпаттағы пәндік кабинеттермен жарақтандыру мақсатында бюджеттен қаржы бөлініп, оларға қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Аудандағы 27 мектептің 3175 оқушысы мектеп асханалары арқылы ыстық тағаммен қамтамасыз етілді. 2015 жылы бір оқушыға берілетін тағамның құны 86 мың теңгеге жетті. Мектеп оқушыларын балмен қамтамасыз ету үшін бюджеттен 5566,0 мың теңге қаржы бөлініп, 10 грамдық стикерлік пакеттегі өнімдерді алу мақсатында «Пасека» шаруа қожалығымен шартқа отырдық. «Зайсан-сүт» зауыты арқылы 27 мектеп құны 9382,0 мың теңгеге сүт өнімдерін алып, оқушыларға аптасына екі рет 400 грамм сүт сабақ басталар алдында беріліп келеді.
– Мектеп оқушыларының демалысы қалай ұйымдастырылған?
– Біз ең алдымен жаз, қыс маусымында мектеп жанындағы сауықтыру лагерлерінде балаларға қызмет көрсететін жетекшілер, аспазшылар мен медбикелерге семинар-кеңес өткізіп, біліктілігін арттыруға көңіл бөлеміз. Биыл осындай екі семинар өтті. Өңірде бірінші болып заманауи талапқа сай «Бәйтерек» мәдени-сауықтыру орталығы Сарытерек ауылының маңында табиғаты тамылжыған жерде орналасты. Ол жерде төрт маусымда 400 бала демалады, спортпен шұғылданады, қыста қарда жүретін шанамен, атпен серуендейді, суға шомылып, күнге қыздырынады. Сонымен бірге, 27 мектептің жанындағы демалыс лагерьлерінде 2400 бала демалды, денсаулықтарын жақсартты. 10 мектепке киіз үйлер, 10 мектепке шатыр тігіліп, күндізгі демалыс алаңдары жұмыс жасады. Туризмге бүгінгі таңда көңіл бөліне бастағаны белгілі. «Бәйтерек» сауықтыру орталығын алдағы уақытта туризм мекеніне айналдырсақ деген мақсатта көрші Қытайдан 30 бала, көрші аудандардан жүзге тарта оқушылар келіп, табиғат аясында серуендеп, таза ауа жұтты, денсаулықтарын түзеп қайтты. Осы орайда айта кеткен орынды, облыстық білім басқармасы тарапынан жүргізілген рейтингте Зайсан аудандық білім бөлімі 2015-2016 оқу жылының бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша бірінші орынды жеңіп алды.
Өткен жылы Зайсан технология колледжінің құрылғанына 70 жыл толды. Осы уақытта кәсіптік білім беретін оқу орнын мыңдаған болашақ шаруа қожалықтарының иелері, кең профильді тракторшы, жүргізушілер, аспазшы, есепші, сылақшылар бітіріп, жұмыс жасауда. Біздің сұранысымыз бойынша былтыр колледжде агроном-инженер мамандығы ашылған, қазір бұл мамандыққа 15 жас оқытылуда. Қазіргі күні колледжде 231 студент білім алып жатыр. Олар оқу орнын аяқтаған соң, мекемелер мен қожалықтарға кідіріссіз жұмысқа қабылданады. Оның сыртында мемлекеттік тапсырыс бойынша технология колледжінде газбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша 10 адам оқуын аяқтап, тоғызы жұмысқа орналасты, біреуі азаматтық борышын өтеуге аттанды.
– Денсаулық сақтау саласының жағдайы қалай?
–Білім беру саласында оң өзгерістердің орын алғаны қуантады. Енді денсаулық саласы жайлы айта кетсеңіз?
–Ауданда жеті бөлімнен тұратын 112 төсектік аурухана, бір қалалық, сегіз ауылдық дәрігерлік амбулаториялар бар. Аурухана жанында жедел жәрдем көрсету бөлімі жаны қысылғандарға жылдам қызмет көрсетеді. Жоғары білімді дәрігерлер саны 74, орта буын қызметкерлері 234 адам. Соңғы үш жылда ана өлімі тіркелген жоқ, халық саны өсіп, бала туу көрсеткіші жақсарды. Өткен жылы Айнабұлақ және Сарытерек ауылдарында заманауи талаптарға сай, барлық медициналық құрал-жабдықтар орнатылған дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді. Біржан, Кеңсай ауылдарындағы амбулаториялар жөндеуден өтті. Орталық ауруханаға былтыр 101,6 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Орталық ауруханада кіші диагностикалық бөлім жұмыс істеп тұр. Бұл жерде науқастарды тексеретін барлық диагностикалық аппараттар бар. Бұдан былай сырқат жандар облыс орталығына бармай-ақ, Зайсанда тексерістен өте алады.
– Зайсан халық театрының атағы алысқа кеткен. Мәдениет, спорт саласында қандай жетістіктер бар?
–Тұрғындарға мәдени-ақпараттық қызмет көрсететін екі мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, бір орталық, сегіз ауылдық кітапханаларда 402 маман қызмет жасауда. Дайыр ауылындағы Мәдениет үйі іске қосылды, «Бабалар рухына – тағзым» атты қала, ауыл көркемөнерпаздарының байқауы өтті. Бұл байқауға 25 ұжым қатысты. «Айнакөл» халықтық ән-би ансамблі көрші мемлекетке гастрольдік сапармен барып қайтты. «Туған ел — алтын бесігім» акциясы аясында аудан өнерпаздары Өскемен мен бірқатар аудандарға тартымды концерт қойып қайтты. Режиссер Алма Сүлейменова жетекшілік ететін Мәдениет үйінің әртістері Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Кенесары-Күнімжан» спектаклін сахнаға шығарып, бұл шығарманы ауданның барлық елді мекендеріне көрсетіп жатыр.
Адам денсаулығын арттыруда, өзін сергек сезінуде бұқаралық спорттың алатын орны ерекше. 2014 жылы Зайсанда өткен облыстық халық ойындарында біздің саңлақтар екінші орынға ие болды. Ауданда қазақ күресі, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, ұлттық ат спорты күрт дамып келеді. Аудан футболшылары облыстық жарыстарда алдыңғы орыннан көрінеді. Қаратал ауылында спорт модулі, ал ақпанда Зайсанда жабық жүзу бассейні пайдалануға берілді. Қазір ауданда 12100 адам спортпен жүйелі түрде айналысады, бұл халақ санының – 31,9 пайызы. Қазір ауданда 105 спорт алаңдары жұмыс істеп тұр, оның 68-і ауылдарды орналасқан.
– Енді, алда тұрған мақсат-міндеттерге тоқталсаңыз.
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық айтулы мерекесін толайым табыстармен қарсы алуға қам жасаудамыз. Жыл басынан «Тәуелсіздік-тұғырымыз!» деген бастамамен мекемелер мен мектептерде, балабақшаларда мәдени шаралар жүзеге асуда. Бірінші қаңтардан бастап 100 нақты қадам бастамасына үн қоса отырып, ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттендіру жұмыстары жалғасын таппақ,тоғыз елді мекенге газ құбырын салуға – 491,8 миллион теңге, Зайсандағы газ құбырларын тартуға 240 миллион теңге, аудан орталығында күрес және бокс модуліне, Қарабұлақ ауылындағы спорт модуліне – 70,9 миллион, Мұстафина, Көгедай, Гагарин, Саржыра, Амангелді, Жарсу, Кеңсай, Тасбастау ауылдарындағы мектептерді жөндеуге 67 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, жолдарды жөндеу, су желілерін тарту, әр ауылда жылыжай ашу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға да көңіл бөлінбек. Қазақтың құт қонған Зайсаны келешекте де өсіп-өркендей бермек.

Зайсан ауданы.

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай.

Осы айдарда

Back to top button