Қоғам

Зайсанның ауылдарына газ тарту неге кешігіп жатыр?

Зайсанның ауылдарына газ тарту неге кешігіп жатыр?


Зайсанның тоғыз ауылына газ құбырын тарту құрылысы неге созылып кетті? Жергілікті тұрғындар іргедегі көгілдір отынға қашан қол жеткізеді? Осы және өзге де газ тартуға қатысты түйткілдер туралы аталған ауданның әкімі Темірбек Қасымжанов ақпарат берді.

Оның айтуынша, аталмыш жобаның техникалық құжаттамасына енгізілген өзгерістер басты себеп болған көрінеді. Соған орай, аяқтау мерзімі де ұзарған әрі жұмыс көлемі де ұлғайған.

– 2014 жылдың 23 қыркүйегінде аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Строитель» ЖШС арасында тиісті шарт жасалған. Жобаның жалпы құны 1 224 467, 979 мың теңге. Қаржының негізгі бөлігі 2014 жыл мен 2016 жылдың алғашқы жартысында игерілді. Алайда 2014 жылдың 27 қазанында құрамында тапсырыс беруші, мердігер компания, авторлық қадағалау, техникалық қадағалау және «ҚазГазТрансАймақ» АҚ өкілдері бар комиссия техникалық шешім қабылдап, газ құбырының жер үстіндегі болат құбырларын жер астындағы полиэтилен түріне ауыстырады. Соған орай, құрылыс жұмыстары созылды. Қазіргі кезде 118 шақырымға жерасты газ құбыры төселді, жоғары қысымға шыдамдылығы тексерілді. Тоғыз ауылдағы 1800 үйге жерасты газ құбырына қосылу үшін құбырлар жүргізілді. Бұл барлық жұмыстың 96 пайызы, – деді аудан әкімі.

Осы аралықта жоғарыдағы «Строитель» ЖШС шаруаны уақытында аяқтамағандықтан, тапсырыс беруші оны мемлекеттік сатып алуға жауапсыз қатысушы мердігер деп тану және тұрақсыздық айыбын өтеу туралы сотқа талап-арыз түсірген. Сот шешімімен 2017 жылы 30 наурызда бір миллион теңге тұрақсыздық айыбы өндірілген, алайда жауапсыз деп танудан бас тартылған. Сондай-ақ 2017 жылдың 14 наурызында сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізімінде аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Строитель» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тіркелген.

– Ауылдарға газ тарту екі кезеңмен жүргізілуде. Біріншісі, негізгі құбырдан ауылдарға жеткізу болса, екіншісі, кентішілік және кварталішілік газ құбырын тарту. Бірінші кезең бойынша «Тарбағатай Мұнай» ЖШС өз қаржысына 2015 жылы ұзындығы 61 шақырым болатын магистральдың құрылысын аяқтап, тапсырды. Алгоритмге сәйкес, облыстық, артынан республикалық коммуналдық меншікке беру жұмыстары 25 мамырға дейін аяқталады. Қазір құжаттар Әділет органдарында тіркеу үшін ХҚКО-на тапсырылды. Екінші кезең бойынша 2018 жылдың 29 тамызына дейін тоғыз ауылдың тұрғындары газбен қамтылады, – деді Темірбек Қасымжанов.

Аудан әкімінің алға тартқан деректерін ден қойып тыңдаған аймақ басшысы Даниал Ахметов:

– Қараңыз, 2014 жылдың 23 қыркүйегі мен 2017 жылдың 25 қазаны аралығында Зайсан ауданы әкімдігімен шарт жеті рет өзгертулер мен толықтыруларға ұшыраған, бұл бір. Тапсырылу мерзімін 2014 жылдан 2018 жылдың соңына дейін создыңыздар, бұл екі. Сонда үш жылға дейін создыңыздар. Өзгерістер уақытында жасалмағандықтан осылай болып отыр, бұған аудан әкімдігі жауапты, – деп түйді.

Сонымен қатар өңір басшысы Зайсан ауданының әкімі Темірбек Қасымжановтың бұл қызметке келгеніне көп бола қоймағанын айтып, әрі оның жауапты, тәжірибелі басшылардың бірі екендігіне сенім білдіре келе, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесіп биылғы 1 қыркүйекке дейін аталған елді мекендерді газбен қамтуды толық аяқтауды тапсырды.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button