Зайсаннан шыққан алыптар
Қазақ даласының қай өңірінен болмасын аузымен құс тістеген жүйірік, шешендігімен танылған ақын, жүректі батыр, білекті балуан үзілген емес. Осындай өңірлердің бірі – Зайсан. Зайсан өңірінің өзінен жүзден астам балуан шығыпты. Алып күш иелері туралы «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітап жазылып, жуықта Алматы қаласында жарық көрді.
Кітап авторының көркем шығармамамен ғана шектелмей, ғұмырнамалық, танымдық бағыттағы дүниелерді қаламға арқау етуі заңдылық. Өйткені өткенінен үлгі алып, ерлік пен елдікті мақтан тұтпаған ұрпақтың рухы асқақ болмайды. Осыны ойлаған кітап авторы Асқар Сәбитов жүзден астам балуанның ғұрмырнамасы мен ерлігін қаламына арқау еткен. Автордың артында қалған кітабын Махмут Қосмамбетов «Үш қиян» баспасынан басып шығарған. Туындының тұсаукесері Алматы қаласында өтіп, жазушы Нұрлан Қами жинақ туралы баяндама жасады.
– Сегіз қырлы, бір сырлы азамат, ақын, жазушы, журналист, сазгер, бар ғұмырында адамгершілік мұраттарды ардақ тұтудан айнымаған абзал жан – марқұм досымыз Асқар Жұмаханұлы Сәбитов құрастырған, дұрысы, түгел дерлік өз қолымен жазып шыққан «Зайсанның жайсаң балуандары» деп аталатын жаңа кітап оқырман назарына ұсынылып отыр. Жазушының қиялынан емес, нақты шындықтан туған деректі шығарма, кейбіреулері өмірден озып, көпшілігі қазір арамызда жүрген спорт майталмандары, дене күші мен айла-тәсілі, шеберлігі мен тәжірибесі толайым ұштасқан қазақтың атан жілікті, темір топшылы балуандары туралы жинақ бұл. Шығармада ұлан-байтақ жеріміздің бір пұшпағынан, еліміздің бір облысының бір ғана ауданынан шыққан балуандар туралы мәліметтер келтірілген. Сонау хандық дәуірдегі, одан кейінгі патшалық Ресейдің құрамына өткен бодандық кезеңдегі, кешегі бәлшебектер билігі тұсындағы қадау-қадау көзге түскен балуандар емес, бірқатары спорттағы алғашқы қадамын сәбеттік кезеңде бастағанымен, негізінен, еліміз тәуелсіздік алып, екі жарым ғасырға созылған отаршылықтың езгісінен арылып, сол бір сұрқай жылдары жығылған туымызды қайта көтеріп, дербес мемлекетке айналған соңғы отыз жылдың ішінде аты шығып, танымал болған қазіргі замандастарымыз жайында айтылады, – дейді жазушы Нұрлан Қами.
Өмірдің өрнегінен алынған кітаптағы оқиғалардың оқырман үшін қызықты болары сөзсіз. Өйткені алып күш иелерінің жүрген жері аңызға бергісіз оқиғаға толы болады. Осындай оқиғалардың бірін автор былай өрбітіпті: «Балуан қыздарымыздың бірі – Әлия Мейрамғалиеваның тектілігін тілге тиек етпесек болмас. «1995 жылы әлем чемпионаты Ресейде өтті. Жарыс өтпей жатып Ресей мен Украинаның, Беларусьтің медальдарды бөлісіп алғанын кейін білдім. Бар күш-жігерімді салып күрескенмін, мәреге қалай жеткенімді білмей қалдым. Ақтық айқасым беларусь қызымен. Бозкілем үстіндеміз. Лақтырамын, есептемейді. Төрт ұпайға лақтырсам менің ұпайымды оған береді. Жауырынын тигізіп, ұстап жатып алсам да есептемейді. Ақыры жеңісті беларусь қызына беріп, ол – чемпион, мен күміс жүлдегер болдым. Өкініштен өксіп жылағаным-ай! Қасымнан өтіп бара жатқан қырғыз төрешісі:
– Азия чемпионатында қысым жасап, саған екінші орын беріп ем. Бұл жер тіпті сұмдық қой! Таза жеңістің өзін есептемейді, – дегені»…
Әлияның арманы мен мақсаты Олимпиада чемпионы болу екен. Самбо олимпиадалық ойындар бағдарламасында жоқ болғандықтан дзюдоға ауысып, Қазақстанда өз салмағы бойынша №1 балуандыққа дейін жетіп, әлемдік деңгейге көтеріледі. Ендігі мақсат – Олимпиада шыңын бағындыру. Бапкерлер Әлияға: «Олимпиадаға сен барасың» деп талай жыл алдап, шын мәнінде басқа қызды даярлаған. Асқақ арманынан айырылғандай болып түңілген Әлия бапкерлеріне қатты ренжіп, ұсыныс жасап жүрген осы Бауыржанына тиген де кеткен. Кейін әлгі бапкерлері жалынып-жалпайса да «күйеуім рұқсат етпейді» деп Олимпиада додасына қатысудан бас тартады»… Бұл да тектілік», – деп түйіпті автор.
Осындай ой салар оқиғалар мен қызықты деректерге толы «Зайсанның жайсаң балуандары» атты кітап оқырманға жол тартты. Балауандарымыз жайлы біле жүрем деген оқырманды кітаптың қызықтыра түсері анық.
Алтай Ғали-Асқар