Зайсаннан наурызкөже ала келіпті

Өскеменде сенбілік жәрмеңке жалғасын тауып келеді. Барған сайын көрігі қыза түскендей. Бұған дейін облыс орталығына Күршім, Тарбағатай, Глубокое аудандары келіп, тойбазарлатып қайтқан еді. Бұл жолы сауда тізгіні Зайсан шаруларының қолында болды.
Сауда болғанда да, ағайындығы жоқ, сақал сипағанша қалтаңдағыны қағып алатын базар саудасы емес, бағасы сәл де болса бәсең, көңіл көншітерлік сауда. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, өзек жалғауға таптырмас өнімдерді арзан бағамен алған қала жұртшылғы дән риза.
Жәрмеңкеге автобустың аузы-мұрнынан шыға міңгесіп, ала дорбасын алып келген көпшіліктің бірінші көздейтіні – әлбетте, ет. Мал етінің бағасы біршама арзан болды. Бұл сөзімізді аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұратхан Киямазанов нақтылай түсті. Оның айтуынша, жәрмеңкеге Зайсан ауданының барлық тоғыз ауылдық округі бір адамдай атсалысқан екен. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткен думанда ұлттық дәстүр ән-күймен ұлықталды.
– Осындай жәрмеңкені жылына екі-үш рет ұйымдастырамыз. Бұл жердегі басты мақсат бағаны тұрақтандыру. Сонымен қатар Наурыз мейрамының қарсаңы болғандықтан тары-талқан өнімдерін молынан әкелдік, бір тоннадан астам. Қысқасы, Зайсан елінен наурызкөженің жеті дәмін де жеткізуге тырыстық, – деді Мұратхан Қиямазанов.
Айта кету керек, бұл жәрмеңкеде қайырымдылық шарасы да қаперден тыс қалмады. Аудандық кәсіпкерлер «Үміт» балалар үйіне арнайы ала келген базарлықтарын табыстады.
Оразай Жеңісұлы