Қоғам

Зайсандықтар шетінен чемпион

Зайсандықтар шетінен чемпион


Өткен жыл Зайсан ауданының спорт саласы үшін аса табысты болды. Ауданда бірнеше спорттық ғимарат пайдалануға берілді. Бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу бағыттарында айтарлықтай істер атқарылып жатыр. Жақында шалғайдағы өңірде іссапарда болғанымызда, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің меңгерушісі Зайнулда Рахымбаевқа жолығып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайында әңгімелескен едік.

Иә, Зайсан – талай спорт саңлағын өмірге әкелген жер. Бұл өңірден атақты боксшы Марат Орманбетов, самбо күресінің саңлағы, 130-дан астам белгілі балуанды дайындап шығарған Қазақстанның еңбегі сіңген бапкері Жанәділ Атаев, оның ұлы, Дохада өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері Алмас Атаев, Азия ойындарының бірнеше дүркін жүлдегері Гүлжан Исанова, қол күресінен Азияның төрт дүркін чемпионы Мөлдір Қалиева, кезінде еркін күрес, самбо, дзюдодан байрақты бәсекелерде сан мәрте топ жарған балуандар Әмірбек Әубәкіров, Еркін Елеубаев, Руслан Қайролданов сияқты спортшылар шыққан. Қазір ауданда жалпы саны 109 спорттық нысан жұмыс істеуде. Оның 71-і ауылдрда орналасқан. Аудандағы 27 мектепте отызға тарта спорт залы бар. Осы спорт залының барлығы сабақ пен спорттық үйірмелерден кейін, кешкі уақытта қала, ауыл тұрғындары үшін қызмет етеді. Бір ғана мысал, бүгінде аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде және «Сайхан» спорт клубында жалпы саны екі мыңға жуық жас спортшы тәрбиеленуде. Бұған қоса, Зайсан қаласында жабық жүзу бассейні, Қаратал ауылдық округінде спорт модулі, ал Айнабұлақ ауылында жағажай волейболы алаңы халық игілігіне берілген-ді.

– Бүгінде байрақты бәсекелерде аудан, облыс және республика намысын абыроймен қорғап жүрген зайсандықтар аз емес. Мәселен, еркін күрестен халықаралық доданың жеңімпазы, бірнеше дүркін республика, жеті рет облыс чемпионы атанған Мұхамед Балғабай, облыс чемпионы Бағжол Талдауұлы, республикалық турнирдің жүлдегерлері Нұрліс Арасанбек, Ұлан Самархан, облыстың бес дүркін чемпионы Дамир Данияров пен Қаламқас Ниғмашева сияқты дүбірлі додаларда намысты қолдан бермей жүрген талапты жастарымыз көп. Бұлардың қатарына «Қайрат» футбол клубының қосалқы құрамына қабылданған Еламан Ниязбековті де қосуға болады. Ауданда соңғы жылдары гір спорты қарқынды дамуда. Жасөспірімдер арасында облыс чемпионы атанған Айболат Толқын, Қымбат Тұржанов пен Нұрасыл Қазезхан спорт шеберіне үміткер нормасын орындады. Аталмыш спорт түрінен талай белесті бағындырған Қуаныш Қыдырпатшаевтың орны бір бөлек. Ол осыдан біраз бұрын Қостанай қаласында өткен ел чемпионатында алдына жан салмай, нәтижесінде Әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды, –дейді Зайнулда Рахымбаев.

Айтпақшы, Зайсанның мақтаныштарына жаңағы Қуаныш Қыдырпатшаевтың шәкірттері – құрлықтық додаларда олжа салып жүрген Мөлдір Талғатова мен Мөлдір Қалиеваны да қоссақ артық болмас.

Зайсандық спортшылар облыс әкімінің жүлдесі үшін өтетін жыл сайынғы халықтық ойындарда да жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Мәселен, XX ойындарда аудан құрамасы жалпыкомандалық екінші орынға ие болыпты.

Спорт саласын дамытудың алғышарты – қажетті нысандар салып, спортшылардың жаттығуына жайлы жағдай жасау екені айтпаса да түсінкті. Осыған байланысты соңғы екі жылда аудан орталығындағы «Абай» саябағы мен Жангелдин көшесіндегі екі тұрғын үйдің ауласына «Street Workaut» алаңдары салынды. Аудан бюджетінен қомақты қаражат бөлініп, Зайсан қаласында құны 58 миллион теңге болатын «Жекпе-жек» күрес залы, сондай-ақ үш ауылда спорт модульі бой көтеріпті. М.Дәуленов атындағы орта мектеп-интернатында дзюдо сыныбы ашылып, онда бүгінде 50-ге жуық оқушы жаттығуда.
– Кейде мықты деген спортшыларымыздың өзі қаражаттың тапшылығына байланысты байрақты бәсекелерден еріксіз тыс қалып жатады. Спортшыларға арналған жабдықтар мен киімдердің де бағасы арзан емес екенін білесіз. Осындайда демеушілердің орны бөлек. Тәубе, бізде мұндай азаматтар аз емес. Олардың дені осы саланың мамандары, шәкірттері үшін өз қалтасынан шығындалатын жаттықтырушылар мен ардагер спортшылар екенін айтқым келеді. Олардың қатарында «Сайхан» спорт клубының директоры Д.Абылханов, ұйымдастырушы Ғ.Сейілханов, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры С.Бодаев, жаттықтырушылар Б.Қайролданов, Б.Өтесінова, Г.Үсенова, М.Құпиев, А.Қиямазанов, Р.Мәмиев, С.Серікбекұлы, С.Қайнолла, А.Тұрысбеков, А.Құсанбаева, С.Мамырбеков, С.Серікбаева, Е.Исханов, О.Иманбаев, Ж.Қоқаев, Р.Қазиев, Е.Нұғыманов, А.Әубәкіров, Д.Нәбиев сияқты мамандар бар. Өз ісіне жан-тәнімен берілген осындай бапкерлеріміздің арқасында былтыр аудан спортшылары елуге жуық дүбірлі додаға қатысып, тәжірибе жинақтап, шеберлігін шыңдап қайтты, – дейді Зайнулда Рахымбаев.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button