Зайсандық зейнеткерлер жолдама алды
Азамат Темірбеков
«Уба» шипажайына бару кезегінде тұрған зайсандық зейнеткерлер саны 700-ге жуықтайды.
Ауданындағы әлеуметтік қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізген «Зайсан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі бұған пандемиялық шектеулер кезіндегі квота санының аз бөлінуі әсер еткенін анықтаған. Дейтұрғанмен бүгінде бес мыңға таяу зейнеткері бар Зайсан өңірінде жыл сайын қарияларды «Уба» шипажайына ем-дом алуға жіберу жұмыстары жолға қойылған. Мысалы, биыл жыл басынан бері аталмыш шипажайға зайсандық 12 зейнеткер барып қайтты.
Халықты әлеуметтік қорғау бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Атап айтсақ, қазірде атаулы әлеуметтік көмекті көпбалалы және аз қамтылған 363 отбасы алып отырса, кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 1-3 жас аралығындағы 206 бала, 3-6 жас аралығындағы 275 бала қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да қажетті көмекпен қамтылған. Яғни, жеке оңалту бағдарламасы бойынша биыл қаңтар-ақпан айларында гигиеналық құрал-жабдықтарға, протездік-ортопедиялық құралдарға, тифлоқұралдарға, сурдоқұралдарға, арнаулы жүріп-тұру құралдарына 138 өтініш қабылданып, барлығы қанағаттандырылды.