ҚоғамТОП

Зайсандық кәсіпкер фибробетон шығарып жатыр

Зайсан ауданының тұрғындары шағын өнеркәсіптің тетігін тауып, күнделікті тұрмыста қажетті заттарды өндіруді қолға алуда. Соның бір дәлелі биыл аудан орталығында ғимараттың сыртын қаптауға арналған қасбет шығарыла бастаған. Енді аудандағы ескі үйлердің сыртқы келбеті жаңара түспек.

Зайсандық кәсіпкер азамат жуықта фибробетон өндіру кәсібін бастады. Шағын цехта күніне 70 шаршы метр қасбет және жерге төсеуге арналған кеспек тас (брусчатка) шығарып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп тізгінін қолға алған азамат аудандағы жұмыссыздықты да азайтуға септігін тигізіп, төрт адамды жұмыспен қамтып отыр.

– Қасбет өндіру кәсібін сәуір айында бастадық. Станокты және құрылыс материалына керекті қоспаларды Алматыдан алдырдық. Өзім құрылыс саласында жұмыс істеймін. Өзіміз салып жатқан құрылыстардың бірін қаптап бастадық. Төрт адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Енді мемлекет тарапынан жеңілдікпен берілер көмекті алып, жұмыс ауқымын арттырсақ деген ой бар, – дейді кәсіпкер Дәурен Зияданов.

Жалпы шағын және орта бизнес саласына мемлекет үнемі қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан да шағын кәсіп иесіне мемлекет тарапынан көрсетілер жеңілдікке қол жеткізуге мүмкіндік көп екендігін айттық. Ал қазіргі уақытта кәсіпорын 40 шаршы метр көлемде қалыптармен жұмыс істеп бастаған. Кәсіпкер күніне 100 шаршы метр қасбет өндіруге мүмкіндігіміз бар деп отыр. Ол үшін қалыптың санын арттырып, жұмыс күшін көбейту керек.

– Бұл да бірнеше сатылы жұмыс деуге болады. Қасбет өндіру үшін асбест, қиыршық тас, цемент және өзге де қоспалар қажет болады. Бұл қоспалар арқылы қалыпқа құйылған қасбеттер арнайы бөлмеде кептіріледі. Осылай рет-ретімен жұмыс атқарылады. Қазір өзіміз салып жатқан құрылысқа қасбеттерді пайдаланып жатырмыз. Жалпы қасбетке және жерге төсеуге арналған кеспек тастарға сұраныс бар екендігін байқадық. Сондықтан да алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға қол жеткізсек, кәсіп ауқымын кеңейту басты мақсаттардың бірі болып отыр, – дейді кәсіпкер.

Иә, ауылдағы құрылыс нысандары мен үйлердің көбі ескі екендігі белгілі. Сондықтан да үйлердің сыртын қаптауға арналған қасбеттерге алдағы уақытта сұраныс артуы мүмкін.

Осы айдарда

Back to top button