Қоғам

Зайсандағы жаңа мешіт

Тәуелсіздік таңы атқаннан бері мешіт салып, оны жалпақ жұрттың игілігіне беру мәртебелі іске айналып келеді. Бұл үрдіс қазақ даласының әр өңірінде жалғасын табуда. Дәл осындай дәстүрлі үрдіс Зайсан ауданында жалғасуда. Жуықта бір мешіт пайдаға берілсе, енді бірін салуға дайындықты бастап кетті.

Мұсылмандықтың мәртебесін асқақтатқан игілікті істің бірі Зайсан ауданына қарасты Шалқар ауылында болып, мешіттің ашылу салтанаты өтті. Мешіттің бой көтеруіне дәнекер болған сол ауылдың тумасы Саид Серікұлы іс-шараға қатысып, Алланың үйін халыққа аманаттады. Сондай-ақ салтанатты іс-шараға аудан әкімдігі өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жаңа мешіттің лентасын ауылдың үлкендері Мүбәрак  және Мұратқан Ажықанов ақсақалдар қиып, халықтың игілігіне табыстады.

– Аудан әкімінің орынбасары Ринат Тауасаров аулының дамуына өз үлесін қосқан Саид Серікұлына «Зайсан ауданының дамуына сіңірген ерен еңбегі үшін» төсбелгісін табыстап, мешіттің құрылысына атсалысқан барша азаматтарды марапаттады, – деп жазды Зайсан ауданының әкімдігі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Зайсан қаласы мешітінің бас имамы алдағы уақытта салынатын жаңа мешіттің эскиздік жұмыстары аяқталып, жобасы жасалып жатқанын жазды.

– Алланың қалауымен алдағы уақытта салынатын жаңа мешіттің эскиздік жұмыстары бітті. Енді жоба бойынша жұмыстар басталды. Ауданымызда салынуы жоспарланған жаңа мешітіміз де тезірек бой көтеріп, қолданысқа берілуін нәсіп етсін. Алла үйін салған адамдарға қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде былай дейді: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды». Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі іс болған. Осындай сауабы мол амалды сіз бен бізге жасайтындай береке-бірлік, күш-қуат берсін! – деп жазды мешіттің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button