Қоғам

Зайсанда жүзу бассейні, қараталда спорт модулі ашылмақ

Зайсанда жүзу бассейні, қараталда спорт модулі ашылмақ

Зайсан ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында бағдарлы жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы аудан спортшыларының облыстық халық ойындарында екінші орынды жеңіп алуы осыған нақты дәлел. Қазіргі күні бұқаралық спортпен бірнеше мың адам шұғылданады. Ал аудандық спорт мектебінің бөлімшелерінде 928 бала түрлі спорт секцияларында жаттығуда.
– Айнабұлақ ауылындағы филиалда футбол, волейбол үйірмелері жұмыс істейді. Зайсандық футболшылардың облыстық, республикалық жарыстарда сан мәрте жүлдеге ие болғанын көпшілік жақсы біледі. Волейбол секциясын Дәулетбек Сатбаев, ал футбол үйірмесін Азамат Дүтбаев басқарады. Дайыр ауылындағы Руслан Мамиев, Дәурен Хасенов жетекшілік ететін еркін күрес және футбол бөлімдерінде қазір 44 бала жаттығуда. Біржан, Қаратал,Үлкен Қаратал, Кеңсай, Шілікті, Қарабұлақ, Сарытерек ауылдарында да бұқаралық спорт өркендеп келеді. Аталған ауылдардағы спорт саласында қызмет етіп жүрген жаттықтырушылар мен бапкерлер Қ.Тұқпиев, С.Шүленбаев, А.Оспанов, Ғ.Жақыпжанов, О.Иманбаев, Е.Саматаев, М.Балшабеков, Е.Еспембетов, М.Сәрсенбаев, Б.Тантыбаев, Қ.Жақыпов ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше үлес қосуда. Ең қуаныштысы, қараша, желтоқсанда Қаратал ауылында спорт модулі, ал Зайсан қаласында заманауи жабық жүзу бассейні пайдалануға беріледі. Зайсандағы жүзу бассейнінің сметалық құны – 45 миллион теңге. Оның құрылысын Ербол Келгенбаев басқаратын «Нұр-сервис» ЖШС салып жатыр. Келер жылы аудан орталығында күрес залын іске қосу ойда бар, – дейді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт бөлімінің бастығы Серікбол Сиырбаев.
Қараталдағы спорт модулі және Зайсандағы жүзу бассейні құрылысымен таныстық. Құрылысшылар ғимаратты мерзімінде тапсыру үшін уақытпен санаспай еңбек етуде. Жүзу бассейні жанында спорт модулі орналасқан. Бұл жерде футбол алаңы бар. Ауданда және елді мекендерде жасанды хоккей, футбол алаңдары салыныпты. Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін кезінде Қарағандының «Шахтер» футбол командасында ойнаған белгілі футболшы, өңірде спорттың өркендеуіне 35 жылдан бері ерекше үлес қосқан Секен Бодаев басқарады. Секен басқаратын футбол үйірмесінің 8 түлегі «Восток» футбол командасында ойнап жүрген көрінеді. Мөлдір Қалиева, Алтынбек Аманбекұлы, Ерзат Ерланұлы, Бейбіт Қазиғұлұлы, Еламан Ниязбеков сияқты талапты жастар ауданның намысын байрақты бәсекелерде абыроймен қорғауда.
Бұдан 7 жыл бұрын ауданда «Сайхан» атты балалар мен жасөспірімдердің спорт клубы құрылып, оған ауданда спорт саласының дамуына зор үлес қосқан Зайсанбек Қажанов тұңғыш директор болып тағайындалды. Зайсанбек Зайсан спортының өркендеуі үшін көп ізденді. Жер-жердегі талантты балаларды іздеп жүріп, клубқа қабылдатқызды, қанатын қақтырды. Қазір «Сайханға» жас болса да іскер жас басшы тағайындалды. Ол Дархан Абылханов деген азамат.
– «Сайханның» мақсаты – өңірдегі талапты балаларды спортқа баулу, шыңдау. Қазір клубта 850 бала жаттығуда. Қуаныш Қыдырпатшаев деген шәкіртіміз Павлодарда өткен жастар арасындағы ел біріншілігінде гір спортынан екінші орынды иеленді. Басқа балаларымыз да облыстық жарыстарда топ бастап жүр. Алдағы уақытта ауданда бұқаралық спортты дамытуға үлес қоса береміз,-дейді «Сайхан» спорт клубының директоры Дархан Абылханов.
Міне, экономикасы дамып, спортты серік еткен аудан тұрғындарының қазіргі тіршіліктері басқаларға үлгі боларлықтай.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button