Қоғам

Зайсанда шағын кәсіпорын ашылды

Зайсан қаласында шағын өнеркәсіптің тетігін тауып, игілікті іс атқарып жатқандардың қатары көп. Өткенде тары-талқанның бірқанша түрін өндіріп жатқан жас кәсіпкер туралы жазған едік. Жуықта күніне 1 тонна сабын өндіріп шығартын тағы бір шағын кәсіпорын  ашылыпты. Сахардан қарасабынын өзі қайнатып алатын қазақтың дәстүрін жаһандық үрдіске сай жалғап жатқан кәсіпкердің сабынына  сұраныс күн сайын артып келеді екен. 

Қазіргі таңда «екі қолға бір күрек» алған адамға мемлекет тарапынан қолдау, жасаған жұмысың нәтижелі болса жұрт тарапынан қажеттілік те жоқ емес. Осы орайда кір сабынның күнделікті  тұрмыста ең қажетті зат екенін ескерсек, оған деген сұраныстың да болары сөзсіз. Сабын өндіріп сатуды қолға алған  Ердана Зия өзінің әпкесіне арқа сүйеп, жұмысты екеуі бірлесе атқарып жатқандарын айтады.

– Қазіргі таңда өзім халыққа қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жүрмін. Тіршлік жағдайына байланысты қосымша бизнес алып жүруге тура келді. Сондықтан да осы кір сабын шығаратын шағын өнеркәсіп орнын аштық. Әуелгі идеяның авторы және осы жұмысты бастауға дем берген әпекем Лина Зия. Осыдан 4 жыл бұрын Лина әпекем сабын жасауға қызығушылық танытып, үй жағдайында сабынның бірнеше түрін жасап көрді. Ол бастамасы нәтижесіз болмады. Күнделікті өмірде қажетті кір сабын мен әртүрлі иіс сабындармен қатар, емдік сабындар да жасап сатты. Бұл өнімге халық арасында сұраныс бар екендігіне көз жеткізді. Осылайша төрт жыл бұрын тәжірибе түрінде басталған ісімізге биыл білек сыбана кірістік, – дейді кәсіпкер  Ердана Зия.

Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде өзгеге тәуелділіктен қашып өнідіріс ошағын ашып жатқан жастарға аудан әкімі барып қайтыпты.

– Аудан әкімі Серік Зайнулдин Зайсан қаласында әлеуметтік маңызы бар, тұтунышылардың сұранысына ие кір сабын шығарумен айналысып отырған жеке кәсіпкер  Ерданамен кездесіп, өнімдерін көріп қайтты. Кәсіп иесі кір сабын өндірісін бастаудағы мақсатын, алдағы жоспарларын айтып, құрал-жабдықтарымен, жұмыс барысымен таныстырды. Өз кәсібін ашып, еңбектеніп, көпке үлгі болған кәсіпкерге аудан әкімі өз ризашылығын білдірді. Аудан әкімі шағын кәсібін дамыту үшін заңдылыққа сәйкес құжаттарды реттеп мемлекеттік бағдарламалар мен жобалалар арқылы несие алуға бағыт-бағдар беруді жауапты мамандарға тапсырды. Осылайша әкім кәсіп ашып, халықты жұмыспен қамтып, дамытып, игілігін көрем деген азаматтарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді, – деп хабарлады Зайсан ауданы әкімдігінің өкілдері.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратынын алға тартқан болатын. Әр ауылда осындай шағын және орта бизнес ошақтары ашылса ауылдың тамырына қан жүгіріп, тіршілігі жандана түспек.

«Зайсан сабыны» деп жазылса

 Ердананың ендігі жоспары – өндіріс көлемін ұлғайтып, жұмыс күшін көбейту. Жұмысты қолға алғанына көп болмаса да аудан  жұртшылығы алғашқы өнімін іске жаратып үлгеріпті. Әлеуметтік желідегі әртүрлі пікірлерді шолып шықтық. Сапасын мақтап, сабынның атауына қатысты ұсыныстарын да айтыпты. Жанболат Түсіпов есімді әлеуметтік желі қолданушысы отандық өнімнің сыртына «Зайсан сабыны» деп қазақша жазылса тамаша болар еді деген пікір қалдырыпты. Оған кәсіп иесі де жауап беріп, ұсынысқа қарсы емес екендігін жеткізіпті.

– Қазақша жазуға болар еді. Көлемі 9 см кішкене сабынның бетіне атауы, граммдары мен ГОСТ нөмірін сыйдыру бастабында сәл қиындық туғызды. Тұрғындардың пікірінен кейін алдағы уақытта қазақша жазып шығаруды ойлап отырмыз. Отандық өнімнің бетіне ана тілімізбен қазақша сөзді өрнектеп қойсақ жақсы болары сөзсіз ғой, – дейді кәсіпкер.

Ал аудан тұрғыны Сырым Қасенов:  «Ердана, әпекең екеуіңнің еңбектерің болар, істерің ілгері, сабындарың сапалы болсын. Әлеуметтік желі арқылы жалпы жұрт айтып жатқан өнім атауын қазақша жазу туралы ұсыныс жерде қалмас деп ойлаймын. Аудан әкімі де қолдау көрсетеріне сенеміз. Ауданымызда сауда, ресторан, кафеден гөрі өндіріс орындарының  ашылып, халыққа жұмыс табылғаны жақсы ғой», – деп ұсынысты қостапты.

Шағын өнеркәсіптің жұмысына сәттілік тілеген Шолпан Құмарбекова «Зайсандықтар өз өнімімізді тұтынайық!» десе, Нұршуақ Жігер есімді желі қолданушысы «Кәдімгі сатылымдағы сабыннан бір айырмасы жоқ екен 72%-дық сабынның сапасы өте жақсы» деп аудан сабынның сапасына баға беріпті. Бұдан да өзге жұртшылық жылы пікірлерін жазыпты. Халықтың қалауынан шыққан заттың жерде қалмасы ақиқат. Біз де жылы пікірлерді оқып, іштей тілеулестік таныттық.

Кәсіпкердің айтуынша, сабын өндіруге арналған шыған өндірістің қуаты күніне 1 тонна өнім шығаруға жеткілікті дейді. Бір тонна өнімнен 3000 дана сабын шығады екен. Кәсіпкер қазіргі таңда шикізаттың аздығына байланысты күніне жарты  тонна сабын өнідіріп жатқандарын айтты. Сабынның сатылымы әзірге аудан аумағымен шектеліп отырған көрінеді. Ердананың айтуынша, болашақта ел ішімен ғана шектелмей Қытайға, ТМД елдеріне сабын өнімдерін сатуды жоспарлап қойыпты.

Қолда бар қаражатымен кәсіптің тізгігінін қолға алған Ердана алдағы уақытта мемлекет қолдауына да қол созбақ көрінеді. Өйткені аудан әкімі өзі қолдау көрсететінін айтып, құжаттарын реттейтін мамандарға тапсырма беріпті.

Қажетті дүниеге қашанда халықтан қолдау болары ақиқат. Ал аудан әкімдері қолдау көрсетіп әр ауданда осындай шағын кәсіпорындар ашылып жатса жұмыссыздықтың тамырына балта шабылар еді. Одан тыс отандық өнімнің сапасы жоғары, бағасы арзан түсері анық. Көзге көріне бермейтіні болмаса, күнделікті өмірде  шаруашылық сабыны көптеп қолданылатынын шаруа адамы ғана білер. Сондықтан қолда бардың қадірін біліп, қолдау көрсетіп жіберсе шағын кәсіптің шаруасы шарықтай түспек.

Сұйық сабын шығару жоспарда бар

 Заман талабына, техника тетігіне сай қазіргі уақытта сабынның түрі көп. Әр сабынның жасалу технологиясы да әртүрлі. Біз тек бұрынғы апаларымыз сахардан қайнататын қара сабынның ғана жасалу жолын көріп қалдық.

Қара сабын қайнатудың күрделі технологиясы болмаса да бабы қиын еді. Алдымен біз сияқты жалаңаяқтарға алабота шөбін жұлғызып, күнге кептіретін. Кейін оны өртеп, күлін жинап алатын да артынша суға қайнататын. Қара қазанда суы таусылғанша қайнаған күлден ұндай ұсақ сұп-сұр сахар шығатын. Бұдан  кейін бала-шағаны маңына жолатпайтын. Өйткені сұп-сұр сахар у еді. Қолыңа тисе өртеп кетеді. Арнайы дорбаға салып алған сахардағы майға қосып қайнатып қара сабын жасайтын. Сабын қайнату барысында үйде артық дыбыс болмау керек, шамданып қалады деп бізді далаға шығарып жіберетін. Қайта айналып келгенде әр балаға бір-бір бұзаушық дайын тұратын. Ол бұзаушық бір жылға жетуші еді. Бұл тірлік енді келмеске кетті…

Алайда қазір сатылымда сабынның түрі көп-ақ. Шаруа тізгінін енді қолға алған Ердана сұйық сабын шығаруды да жоспарлап отыр екен. Қазіргі уақытта шикізатты, яғни, арнайы сабынға арналған май өнімдерін  Ресейден алдыратынын айтады.

– Қазіргі сабынның құрамына табиғи майлардың майлы қышқылы,  натрий тұздары, су сияқты заттарды қосамыз. Ал алдағы уақытта сұйық сабындар мен иіс сабындар шығаратын болсақ олардың құрамы өзгеше болмақ.  Сонымен қатар жұмыс күшін де арттыратын шығарымз. Бүгінгі таңда төрт кісіні жұмыспен қамтып отырмыз, –  Ердана Зия.

Осындай шағын өндіріс ошақтары көп болса, өзгеге күніміздің қарамасы анық. Киіміңнің кірі кетіп жүрсе, көңілдің де кірі аршылар…

Қызырбек Дүргінбай

Осы айдарда

Back to top button