Қоғам

Зайсанда көппәтерлі үйлер салынып жатыр

Зайсанда көппәтерлі  үйлер салынып жатыр


Зайсан қаласында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі екі коммуналдық тұрғын үй бой көтереді. Олардың біреуін «Buildup Company», екіншісін «СМУ Шығыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері салып жатыр.

Қала әкімі Анарбек Дутбаевтың берген мәліметтері бойынша, бұл екі жобаға 947 570, 653 мың теңге қарастырылған. Сонымен қатар «Buildup Company» ЖШС екі ғимараттың да инженерлік желілерінің құрылысын бастаған. Оның жалпы құны – 209 558,948 мың теңге.

Бұдан басқа аудан орталығында «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жасы 29 жасқа толмаған жұмысшы мамандарға арналған 60 пәтерлі тағы екі коммуналдық тұрғын үй пайдалануға беріліп қойды.

Жалпы, қала әкімінің сөзіне қарағанда, Зайсан қаласы күн сайын жасарып, ажарланып келеді. Биыл аудан орталығындағы Абай саябағы толықтай абаттандырылған. Саябаққа балалардың ойын алаңы, тротуарлар салынып, көлшік, су бұрқағы орнатылыпты.

Жаз айларында қала көздің жауын алатын қызылды-жасылды, тірі әсем гүлдермен көмкеріліп, жайнап шыға келеді. Молдағұлова көшесі жарықтандырылып, қаладағы жарықтандыру бағандары ұлттық нақыштағы өю-өрнекпен безендірілген.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button