Зайсанда энергетиктер аллеясы бар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту мәселелерін жан-жақты саралай келе, тұтастай еліміз бойынша кіндік қаны тамған жеріңе, өскен ауылыңа, өңіріңе деген сүйіспеншілігінің бастау бұлағы – «Туған жер» бағдарламасын ұсынған болатын. Әсіресе, қолында мүмкіндігі бар жерлестеріміз туған жерлеріне әртүрлі демеушілік көмектер көрсетуде.
Осы бағдарлама аясында ауданда көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның бір айғағы ретінде ауданымыздың тумасы Ерболат Әлпиев жерлесіміздің бастамасымен аудан энергетиктері «Туған жер» бағдарламасы аясында «Энергетиктер аллеясын» ашуға мұрындық болып, Астана күні қарсаңында пайдалануға берді.
Зайсан ауданында Астана күні мерекесіне орай, Желтоқсан көшесі бойында орналасқан «Энергетиктер аллеясының» ашылу салтанаты өтті. Салтанатты жиынға аудан әкімі Т.Қасымжанов, аудандық мәслихат хатшысы Д.Ыдырышев, аудан әкімінің орынбасары М.Уәли, «Алтай-аймағы» мекемесінің директоры Е.Әлпиев, еңбек ардагерлері, энергетиктер және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында энергетиктер саласының мамандарын аудан әкімі Т.Қасымжанов, «Алтай-аймағы» мекемесінің директоры Е.Әлпиев, электр желілері мекемесінің бас инженері Т.Құсайынов құттықтап, ыстық ықыластарын білдірді. Сөз соңында, осындай игілікті істі атқарған энергетиктер ұжымына Алғыс хаттар тапсырылды.
Шара соңында, жаңа энергетиктер аллеясының лентасын энергетиктер саласының ардагерлері Райымбек Бекінов, Юрий Пастушенко қиып, «Ақ әжелер» алқасының мүшелері шашу шашты.
Өкен Есімбек
Зайсан ауданы.