Қоғам

Зайсанда елімізде жоқ жылыжай салынбақ

.Зайсанда елімізде жоқ жылыжай салынбақ
Өскеменде өткен Altai Invest-2018 халықаралық форумы барысында облыс кәсіпкерлеріне, салалық басқармалар өкілдеріне шетелдік инвесторлармен бетпе-бет жүздесіп, екіжақты серіктестік байланыстарды арттыруға үлкен мүмкіндік туды.
Өнеркәсіп, энергетика, туризм, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалар бойынша өткен роуд-шоуда жан-жақтан келген әлеуетті инвесторлар өздерінің әлеуетімен таныстырып, өзінің жобасын жүзеге асыруды көздеген жергілікті бизнесмендер жаңашыл бастамалары жайында баяндап берді.
Мысалы, ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы салуды ниет етіп отырғандықтарын жеткізген қытайлық бизнесмендердің бірі Зайсан ауданында жылыжай салуды жоспарлай келген. «Жылыжай» деген аты құлаққа қарапайым, үйреншікті болып естілгенімен қытайлық «Чин-Чин» компаниясының Зайсандағы «Аю» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен бірлесіп салғалы отырған 8-ші буын жылыжайы облыстың ауыл шаруашылығына үлкен бетбұрыс әкелетіндігімен ерекшеленеді. Өйткені, мұндай заманауи жылыжай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес. Елімізде 7-ші буын делінген жылыжайлардың өзі бірен-саран ғана бар. Құны 73 млрд. теңге болатын жылыжай ауа райын, жауын-шашын, найзағайдың болуы ықтималдығына дейін алдын ала бағдарлап, бақылау жүргізіп отырғандығымен қатар, көкөністерді табиғи жолмен өсіре алатындығымен қызығушылықты арттырып отыр.
Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, жылыжай 100 гектарға тұрғызылмақ. Жобада көрсетілгендей жылыжаймен қоса осыншама алқапқа өсірілген көкөністерді сақтауға арналған сыйымдылығы 3000 тонналық қойма да салынады.
Бүгінде біздің облыс ауыл шаруашылығын дамытуға қаржы тарту бағытында Қытаймен қатар Австралия, БАӘ, Ресей елдерімен де ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік инвесторларды жері құнарлы Шығыс Қазақстан аймағында өніп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің табиғилығы, нәрлілігі қатты қызықтырып отыр.
Роуд-шоуда шетелдік бизнесмендер, шетел елшілерінің алдында туризм және мемлекет -жекеменшік серіктестік саласында жүзеге асыруды күтіп тұрған жобалардың да тұсауы кесілді. Бұл салада қазіргі уақытта 25 млрд. теңгенің келісім-шарты жасалып, 103 жоба жүзеге асырылып жатыр.
– Инвестиция тарту заңдылықтарына енгізілген толықтырулар мен өзгертулерге байланысты мемлекет-жекеменшік серіктестік пен бизнестің ынтымақтастығы жаңа кезеңге аяқ басып отыр. Жекеменшік секторы үшін мемлекет–жекеменшік серіктестіктің жобаларын жоспарлау, жүзеге асыру ресімдері жеңілдетіліп, инвесторларға көптеген басымдықтар, мүмкіндіктер беріліп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев инвесторлар алдында.
Екіжақты кездесу қорытындысында жалпы құны 190 млрд. теңгенің 40 меморандумы қабылданды.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button