Қоғам

«Зайсан-жиһаз» сапаға көңіл бөледі

«Зайсан-жиһаз» сапаға көңіл бөледі

Зайсан қаласындағы жиһаз сататын салонға кірдік. Іші мұнтаздай таза дүкенде асүй, жұмсақ, корпустық жиһаздар толып тұр. Сапасы мен көркі қалада сатылатын жиһаздардан кем емес бұйымдардың қай қаладан әкелінгенін сұрағанымызда, бейтаныс жігіт таңданысын жасыра алмай, «сірә, сіздер басқа жақтан болдыңыздар ғой, қазір іскер азаматтар бұдан да сапалы, арзан жиһазды құрастырып жатыр. Сатып аламын десеңіздер, «Зайсан-жиһаздың» цехына алып барайын»,- деді.
Қаланың күншығыс жағындағы жиһаз цехына келген кезде үш жігітті жолықтырдық. Бұлар—Төлеген Баймурзин, Айдын Шағиев, Жандос Ақылбекұлы деген азаматтар екен. Бригадир Төлеген Баймурзин көп сөзге әуес емес көрінеді, өздері жайында көсіліп айта қоймады. Екі-үш ауыз сөзден ұққанымыз арман қуып Алматыға келген Төлеген Куба азаматы Антонио Агуэро деген іскер азаматтың жиһаз құрастыратын цехына жұмысқа орналасыпты. Өз мамандығының қыр-сырына үйренген соң Өскемендегі «Жаңа студия» деген жиһаз цехында тәжірибесін молайта түсіпті. Үйленген соң Риддер қаласындағы жиһаз цехында бірер жыл еңбек етіп, Өскеменге, сосын Зайсанға оралады. Екі жылдан бері Зайсандағы жеке кәсіпкер Диминұр Тукинованың «Зайсан-жиһаз» цехында еңбек етіп жатыр. Айдын мен Жандос үшеуі бастапқы кезде талай қиындықтарға жолыққан. Несие алу да оңай шаруа емес көрінеді. Ал жиһаз құрастыруға қажет ағаш бұйымдарын Алматы, Өскемен, Семейден өздерінің «Газель» көлігімен тасымалдап жатқан жайы бар.
–Біз сапаға көңіл бөлеміз. Асүй, балалар жиһазы мен корпустық заттарға, кіреберіске қоятын киім ілгішке тапсырыс көп. Қала тұрғындарының қалауы бойынша үйлеріне барып немесе олар осында келіп, тапсырыс беріп жатады. Міне, жаңа ғана Мөлдір Ахметова деген азаматша келіп, асүй қабырға жиһазына тапсырыс беріп кетті. Мұның алдында Мөлдір жатын төсек жасатып алған. Сірә, соған қарағанда жиһаз сапасына көңілі толған ғой,–деді Төлеген ініміз.
Тапсырыс берушілердің жиһаздары он күн, әрі кеткенде екі аптада әзір болады. Оларды үйлеріне жеткізіп, құрастырып береді. Сапалы жиһаз қаладан жеткізілетін тауарларға қарағанда бір жарым есеге дейін арзан.
–Соңғы кезде Тарбағатай ауданының Тұғыл, Зайсанның Қаратал, Қарабұлақ, Айнабұлақ ауылдарының тұрғындары тапсырысты жиі бере бастады. Біз өз бұйымдарымызды жарнамаламаймыз. Тұрғындар бір-бірінен естіп, жасаған жиһаздарға көңілі толған соң бізге келеді. Жұмысымыз өнімді, кейде айына 400 мың, тіпті 1 миллион теңгенің жиһаздарын шығарамыз,–дейді Төлеген Баймурзин.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сай қажырлы еңбек етіп жатқан Зайсанның жайсаң жігіттеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Оңдасын Елубай
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button