Қоғам

Зайсан заманауи үрдісте дамып келеді

Зайсан заманауи үрдісте дамып келеді


Зайсан ауданына табиғат-ана ен байлықты жомарттықпен сыйлай салған. Оның жерасты қазбасы мұнайға, көгілдір газға, көмірге, жанатын сланецке, жоса-бояуға, әкке, құм мен топыраққа толы болса, Сауыр мен Сайхан тауының бөктеріндегі жасыл алқапты орманда Қызыл кітапқа енген аң мен құстың түр-түрі молынан кездеседі. Өзен-көлдерінде балығы тайдай туласа, төскейіндегі түлік жыл өткен сайын мыңғырып келеді. Аудан әкімі Темірбек Қасымжановпен жолығып, атқарылып жатқан жұмыстар, өңірдің экономикалық-әлеуметтік дамуы жайында айтып беруін сұраған едік.

– Темірбек Жұмақұлұлы, тарих қойнауына кетіп бара жатқан Маймыл жылы несімен есте қалмақ. Ауыл шаруашылығы мен экономикада қандай жаңалықтар бар?

– Аудан экономикасын дамытуда агроөнеркәсіп кешені маңызды орын алады. Сондықтан біз мал және өсімдік шаруашылығына баса назар аударудамыз. Үстіміздегі он айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 14 миллиард 326,9 миллион теңгені құрады. Биыл аудан бойынша 17 мың 694 гектар егістік жер игерілді. Астық пен күнбағыс, соя, көкөністен мол өнім алдық. Қазіргі таңда ауданда 75151 ірі қара, 18006 жылқы бар. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда едәуір артық. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында ет өндірісі мен өңдеуді, сүт және сүт өнімдерін дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту туралы айтылған. Бұл бағытта бағдарлы жұмыстар қолға алынды, Мәселен, «Мұрагер» шаруа қожалығы 100 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құра бастады. Жобаның құны 40 миллион теңге, оның 6 миллион теңгесін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қоры берсе, қалған 34 миллион теңгесін қожалық иесі өз қалтасынан шығарды. Бұл күндері фермаға инфрақұрылымдар жүргізіліп жатыр. Айдар Барысов басқаратын «Зайсан-Сүт» ЖШС жыл басынан бері 116,5 тонна сүт қабылдады. Қазір жекеменшік малы барлар сүтті өздері саудалағаннан гөрі кәсіпорынға өткізуді жөн санайды. Себебі, олар ақшаны бірден санап алады, аязды қыста базарда тоңып тұрғанша, сауданы жылдам жасаған ыңғайлы емес пе?

Аудан әкімдігі қызметкерлерінің араласуымен қазан айында сүт өнімдерімен айналысатын «Мұрагер», «Жомарт» шаруа қожалықтары қала және ауылдық округ әкімдерімен меморандумға қол қойды. Екі жаққа да тиімді келісім бойынша қала мектептері 160 литр, балабақшалар 250 литр, аудандық аурухана 50 литр, «Тарбағатай-Мұнай» серіктестігі аптасына 180 литр сүтті тұтына бастады.

– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға бет бұру жайында айтылғаны белгілі. «100 нақты қадам» бағдарламасында айтылған мал басын көбейту, бордақылау алаңдарын салу, «Құлан», «Сыбаға» бағыттары бойынша қандай істер тындырылып жатыр?

– Мемлекет тарапынан асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға жыл сайын көңіл бөлінуде. Оның нақты дәлелдері мынадай. Қазіргі таңда асыл тұқымды ірі қара малын дамытумен үш қожалық, қой шаруашылығымен екі, ал асыл тұқымды жылқы өсірумен үш қожалық айналысып жатыр. Тиімді бағытқа, оның үстіне мемлекет тарапынан берілетін субсидияның соңғы кезде өсуіне байланысты қожалық иелері асыл тұқымды мал өсіруге ден қоя бастады. Соның нәтижесінде тұқымы жақсартылған ірі қара 1920, қой 3180, ал жылқы 1350 басқа жетті. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқаны үшін аудандағы 227 шаруа қожалығы иелері 387,7 миллион теңге субсидияға ие болды. Ал бұл қаржыны тиімді пайдаланғандар мал басын көбейтіп қана қоймай, техника да сатып ала бастады.

2013-2016 жылдар аралығында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 25 қожалық 137 миллион теңгеге 711 ірі қара, «Құлан» бағдарламасы бойынша 15 қожалық 134,5 миллион теңгеге 410 бас жылқы сатып алды. Ал биыл аудандағы үш қожалық иесі 30,9 миллион теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы ауданның 19 жеке тұлға 40,9 миллион теңге несие алып, мал өсіріп, басқа да шаруаларын тындыра бастады.

– Ауданда ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруда игі қадам жасалып жатыр деп естідік.

– Бұл іс облыс бойынша ең алдымен біздің ауданда басталған еді. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін шешуге бағытталған алгоритмді жүзеге асыруда жеті ауылшаруашылық кооперативтерін, 20 шағын мал бордақылау алаңын ашу көзделген. Қазіргі таңда құрамында 49 мүшесі бар 13 кооператив құрылды. Шағын мал бордақылау алаңдарын ашуға 81 азамат ниет білдіріп отыр. 42 азаматтың құжаты жұмыспен қамту орталығына, 27 адамның құжаты «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорына өткізілді.

– Аудан тек ауыл шаруашылығымен ғана емес, индустриялық инновацияны дамытуда да игі қадам жасауда. Зайсанның өз көмірі, мұнайы, газы бар екенінен көпшілік хабардар. Табиғат-ана сыйлаған осы байлықты халық игілігіне айналдыруда қандай шаруалар тындырылып жатыр?

– Облыстық үдемелі-индустриялық дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің өткен жылғы 7-шілдедегі хаттамасына сәйкес «Нұр» шаруа қожалығының шағын ет комбинаты жобасы аумақтың Индустрияландыру картасына енді. Жобаның құны – 150 миллион теңге. Ол жүзеге асқанда, жыл сайын 2200 ірі қара, жылқы сойылып, жылына 330 тонна ет және шұжық, консервіленген ет өнімдері шығарылады. Биыл оның құрылысы аяқталып, 16 адам жұмысқа қабылданбақ. Қытай кәсіпкерлерімен бірлесіп Зайсанда шағын, жанармайды барынша аз жағатын, арзан доңғалақты трактор шығару жөнінде игі қадам жасадық. Тау-кен, мұнай, газ өндірісінде «Сайхан» және «Тарбағатай-Мұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің алатын орны ерекше. Есепті кезеңде 31,0 мың тонна көмір, 700 тонна мұнай, 383,1 миллион текше метр табиғи газ өндірілді. Ізденсе, резерв көп дегендей, осы уақытта 13,4 тонна резеңке мен пластмасса бұйымдары, 1,2 мың текше метр минерал бұйымдары, 20,8 мың тонна тауарлық бетон шығарылды. Ағымдағы жылдың басынан бері ауданға 8 миллиард 780,7 миллион теңгенің инвестициясы тартылды. Жыл басынан бері 20 нысан пайдалануға берілді. Ауданда елді мекендерді көгілдір газбен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. 2014 жылдан бері елді мекендерді газдандыру бойынша екі жоба жүзеге асты. Атап айтқанда, ауданның тоғыз елді мекенінде газ құбырының кентішілік және орамішілік желілерін салу бойынша 2014 жылы 15 миллион, өткен жылы 480 миллион, ал биылғы жыл басынан 491,8 миллион теңгенің жұмыстары атқарылып, қаржы толық игерілді. Аталмыш жобаны 2017 жылы толық аяқтау көзделіп отыр.

Зайсан қаласындағы «Бірінші кезектегі ішкі кварталдық газ тарату желілерін іске қосу кешені» жобасы бойынша соңғы екі жылда 766,4 миллион теңгенің жұмыстары атқарылып, нәтижесінде қаладағы 1 мыңнан астам тұрғын үйлерге, 12 бюджеттік және 78 коммерциялық мекемелерге, мектептерге көгілдір газ тартылды. Алда тұрған міндет – елді мекендерді көгілдір газбен қамтамасыз ету, ол белгіленген кесте бойынша жүзеге аса бермек.

– Табиғаты көрікті, туризм саласын дамытуға қолайлы аймақ – Сауыр-Сайхан таулары бөктеріндегі ну орманға шоп-турлар ұйымдастыруда қандай істер тындырып жатырсыздар?

– 2015-2017 жылдарға арналған туристік саланы дамытудың «Жол картасы» жасалған. Шынында да, Зайсан туризмді дамытуға аса қолайлы. Ауданда 26-сы археологиялық, 10-ы архитектуралық болып саналатын 36 тарихи және мәдени ескерткіштер тіркелген. Биыл Шілікті қорымында көп жұмыстар атқарылды. Алдағы уақытта бұл жерде ашық аспан астындағы мұражай салынбақ. Демек, туристер ағылады деген сөз. Зайсан ауданының Құрметті азаматы Аэлита Әбішева басқаратын «Айка» қожалығы аңшыларға қызмет көрсетеді, ол тау етегіне 1 мың түп апорт ағашын, сирек кездесетін құстарды өсіріп жатыр. Сарытерек ауылы маңындағы «Бәйтерек» спорттық-сауықтыру базасы балалар мен ересектерге шаңғы, коньки тебу, шанамен сырғанау, атпен серуендеу сияқты қызметтерді ұсынуда. Көрші Қытай Халық Республикасына 2014 жылдан бері 3 күндік визасыз турлар ұйымдастырыла бастады.
Ауданға келетін қонақтар мен туристерге қызмет көрсететін тоғыз мейманхана, екі кішігірім үй, бір мәдени-спорттық сауықтыру орталығы бар екенін айта кеткен орынды. Қала тұрғындары мен келген қонақтар Жеменей өзенінің бөгенін тамашалап, сарқырап ағып жатқан асау да ағынды судың көбік шашқан сәтін қызықтауды ұнатады. Оны жөндеуге 270 миллион теңге жұмсалды. Келешекте Жеменей өзенінің бойына демалыс орындарын жайластыру көзделіп отыр.

Зайсан заманауи үрдісте дамып келеді

– Зайсан ауданында сауда дүкендері, мәдени-спорттық кешендер, заманауи қонақүйлер бой көтеріп жатыр. Мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласында да өркенді өзгерістер орын алуда. Енді соларға тоқтала кетсеңіз.

– Зайсан қаласындағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған саябақ, соғыстан қайтпаған жерлестерімізге арналған ескерткіш, «Қазақ елі» монументі, Бейбітшілік саябағы, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы атындағы саябақ, Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші, Рәміздер композициясы, ұн зауыты, муниципалды базар, мал бордақылау алаңы, «Рахат», «Арай» қонақүйлері, «Алма-Тау», «Қара Ертіс», «Тұлпар», «Сәлем», «Нұрасыл» сауда орталықтары, «Рахат» кондитерлік цехы, балық зауыты, атшабар, спорт кешендері, балабақшалар, дәріханалар (ауданда 13 дәріхана бар) халық игілігіне қызмет етуде. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлік ерекше дамыған. Олар жыл басынан бері 5 миллиард 936,4 миллион теңгенің өнімдерін өндірді. Жақында ғана Зайсанда Жекпе-жек сарайы іске қосылды. Өткен жылдан бері жүзу бассейні жұмыс істеп тұр. 106 спорт нысаны бар. Жақында ғана ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне Қарабұлақ және Үлкен Қаратал ауылдарында спорт модулі аудан тұрғындарының қатысуымен салтанатты жағдайда ашылды, Қуаныш ауылында тұрғын үйлерге ауызсу тартылды. Талантты ақын-жазушылар Марат Қабанбаев, Асқар Егеубаев, Ұлықбек Есдәулет, Рүстем Оразбайұлы дүниеге келген Үлкен Қараталда тәуелсіздік мерекесі қарсаңында 300 орындық тойхана пайдалануға берілді. Зайсан қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған воркаутта ересектер де жаттығулар жасайды.

Аудандағы 27 мектеп, үш қосымша білім беру мекемелері мен Зайсан технологиялық колледжінде талантты балалар білімін шыңдауда. Биыл 20 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Технологиялық колледжде фермер, кең профильді механизатор, сылақшы, дәнекерлеуші және ветеринар-санитар, аспазшы мамандығы бойынша 189 жас маман білім алуда, биыл оны 88 түлек бітіріп, ауданда қызмет етуге кірісті.

Аудан тұрғындарына 23 денсаулық сақтау мекемелері қызмет көрсетуде. Биыл жеті жас маман қызметке қабылданды. Сарытерек, Айнабұлақ ауылдарында заманауи фельдшерлік-акушерлік емханалар пайдалануға берілді. Ауданның мәдениет саласында да өркенді өзгерістер бар. Зайсан халық театры «Кенесары-Күнімжан» спектаклін ауданның барлық елді мекендері мен көрші аудандарға қойды. Бұл күндері 21 мәдениет мекемесі жұмыс істеп тұр. Шығармашылық ұжымдар саны – 13. «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша соңғы жеті жылда мыңға тарта шаралар атқарылды. Аудандағы кітапханалар жаңа шығармалармен толықтырылып жатыр. Қорыта айтқанда, жаңарып, жасарған нұр Зайсан ауданының тұрғындары ел ертеңінен жарқын жаңалықтарды күтіп, ел игілігі жолында аянбай еңбек ете береді.

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай

Осы айдарда

Back to top button