«Зайсан суларына» жетер сусын жоқ

Мынау аптап ыстықта таңдайы құрғап, шөл қысқан адам ең алдымен не іздейді? Әрине, су. Мөп-мөлдір таза су ғана мейіріңді қандырып, жаныңды жайландырып, көңіліңді сергітері сөзсіз. Дүкен сөрелерінде отандық, шетелдік минералды ауызсулардың неше алуан түрі самсап тұр. Десе де, «Зайсан суларына» сусын жоқ. Шығыстың осынау зәмзәм суына соңғы жылдары сұраныс та артып келе жатқан көрінеді.
Мамыр айының ортасынан бастап салқындатылған сусындардың дәурені басталады. Күн неғұрлым ысыған сайын салқындатылған сусындардың бизнесі де соғұрлым шарықтай береді. Көңіліңіз тәтті сусындарды хош көре ме, әлде минералды суларға бұра ма, таңдау өз еркіңіз. Десе де, мамандар соңғы кездері газдалған және газдалмаған минаралды ауызсуларға сұраныстың артып отырғанын ерекше атап айтады. Мысалы, италяяндықтар орта есеппен жылына 116 литр минералды су тұтынатын болса, немістер 93, француздар 80, ресейліктер 37, қырғыздар бар-жоғы 5 литр минералды су ішеді екен. Ал қазақстандықтардың көрсеткіші жылына 28-30 литрді құрайды.
Маркетологтар минералды суларға деген сұраныс бұдан әрі де ұлғая бермек дейді. Өйткені, тұрғындар адам ағзасына ненің зиян, ненің пайдалы екенін жақсы біледі. Бұған ақпараттардың молдығы да себеп.
Осы орайда еліміздің минералды сусындар нарығында «Зайсан суларының» өзіндік алатын орны бар. 2005 жылы құрылған зауыт 1, 1,5, 0,5 литрлік бөтелкелердегі газды және газдалмаған сусындар шығарып келеді.
Зауыт қазіргі таңда күніне 1-2 тоннаға дейін өнім шығаруда. Ал, тұтынушы тарапынан сұраныс артатын болса, зауыттың күніне 6-8 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқары бар.
– Елбасымыз өзінің халыққа арнаған Жолдауында да, түрлі алқалы жиындарда да жергілікті кәсіпкерлерді қолдау керектігі туралы жиі айтады ғой. Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер кезде отандық тауар өндірушілерді қолдау тіпті қажет. Қолдау болса, өнімді молайтуға, бәсекелестікке төтеп беруге әлеуетіміз әбден жетеді, – дейді «Зайсан сулары» ЖШС директоры Қыдырбек Ахметов бізбен әңгіме барысында. Зауыт басшылығы отандық өнімге қолдау көрсету туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хат та жазыпты.

Минералды су Зайсаннан 17 шақырымда орналасқан Ащылы деген жерден 280 метр тереңдіктен шығып жатқан көрінеді. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында анықталып, Мәскеу мамандарының өзі зор бағасын берген минералды су қорын адам игілігіне жаратып, пайдаға асыру тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүмкін болды. «Зайсан суларының» құрамында адам ағзасына пайдалы минералдар жетерлік. Әрі «Зайсан суларының» адам ағзасын емдейтін қасиеті де бар. Әсіресе, асқазан, ішек, өт жолдары мен қан-тамыр ауруларын емдеуге өте пайдалы. Семіздіктің алдын алып, жұқарған жүйкені де тыныштандыратын қасиеті бар екен.
Минералды сулар Ащылыдан зауытқа арнайы су таситын көліктермен жеткізіледі. Төрт қайтара фильтрден өткізіліп, әбден тазаланған соң ғана барып, бөтелкелерге құйылады. Тез ажырату үшін газдалған сулар көк, газдалмаған сулар сары қақпақпен жабылыпты.
Қазір зауытта 25 адам жұмыс істейді. Жұмысшыларды қысқартпау туралы зауыт басшылығы аудандық әкімшілікпен арнайы меморандумға да отырыпты. Мұнда еңбек ететіндердің орташа жалақысы – 60 мың теңге. Мысалы, оператор Ринат Жұлдызбаев зауыт ашылғаннан бері еңбек етіп келеді.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Тапқаным әйелім мен үш баламды асырауға жетеді,- дейді ол.
Сондай-ақ, Ардақ Аукаримованың да бұл зауытта жұмыс істегеніне тоғыз жылдың жүзі болыпты. Ол да өз тірлігіне риза.
«Зайсан суларын» өзім күн сайын тұтынамын. Пайдасы өте зор, – дейді технолог Әлия Разиева.
Нарыққа шыққанына биылғы жылы он жыл болған «Зайсан суларының» бағындырған биіктері де жоқ емес. 2008 жылы «Зайсан сулары» ЖШС-і 64,1 млн. теңгенің минералды суын өндіріп, облыстық «Алтын сапа» көрмесіне қатысып, жүлделі орынға ие болыпты. Сол жылы қыркүйек айында көрші Қытайдың Үрімжі қаласында өткен халықаралық ғылыми және техникалық жетістіктердің сауда-экономикалық жәрмеңкесіне қатысып, қытайлық фирмамен минералды суға келісімшарт жасасқан екен.
«Зайсан сулары» ЖШС-нің директоры Қыдырбек Ахметов еліміздің ДСҰ-ға кіруін ерекше қолдайды. Ол халықаралық ұйым үлкен нарыққа жол ашатынына, «Зайсан суларының» бәсекеге қабілетті болып, брендке айналатынына сенеді.
Мейрамтай Иманғали
Зайсан ауданы.