Зайсан мен Тарбағатайдағы қалың оқырман «Дидарды асыға күтеді

«Шығыс ақпарат» медиахолдингіне қарасты облыстық «Дидар» газетінің ұжымы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығына баспасөзге жазылу аясында ел аралап, оқырмандармен жүздесіп, кездесулер өткізуде. Жуырда басылым қызметкерлері Зайсан, Тарбағатай аудандарының халқымен кездесіп, олардың көкейлерінде жүрген мәселелері мен газеттің шығармашылығына қатысты ұсыныс-пікірлерін тыңдап қайтты.
Ауылда интернет байланысы әлі де нашар
Құрамында «Шығыс ақпарат» медиа-холдингі директорының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Алашқа белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев, «Дидар» газетінің шолушысы Айна Бәкімбаева және басылымның қоғамдық-саяси бөлімінің тілшісі Дәурен Аллабергенұлы бар топ алғашқы кездесуді Тарбағатай ауданының Жәнтікей ауылынан бастады. Естеріңізде болса, 2010 жылы көктемгі тасқын судың зардабын тартқан ауыл мемлекеттің қамқорлығымен толық жаңарған. Көк шатырлы үйлердің көркі алыстан көз тартады. Биыл мұнда жұмысын бастаған ауыл әкімі Ермек Тұрғанбаевтың айтуынша, 190 үй тұрады, соның 50-ге жуығы «Дидарға» жазылады. Қалғандары өзге басылымдарға бөлінген.
Ауылдағы Қаныш Сәтпаев атындағы орта мектепте өткен жүздесуде журналистер газет бетіндегі оқырман үшін қызықты «Айтылмай жүрген ақындар», «Сіз қайда жүрсіз», «Біз де бала болғанбыз», «Тіл бітсе, сурет не дейді», «Сіз сұраған едіңіз», «Адамның кейбір кездері, көңілде алаң басылса» секілді арнайы айдарлар мен әлеумет, қоғам, кәсіпкерлік, медицина, құқық, дін, тіл саласындағы арнаулы беттерге тоқталып, «Дидар» арқылы насихатталып жатқан мемлекеттік бағдарламалар жөнінде айтты.
Ауыл тұрғыны, кітапханашы Фарида Әбілтаева газетте танымдық материалдар жиі берілетінін айтып, алайда соларды мәдени іс-шараларда, атаулы күндерде, кездесулерде, ашық сабақтарда уақтылы пайдалана алмайтындарын атап өтті. Өйткені, мұнда , республикалық облыстық газеттер тым кешігіп келеді екен.
– Газеттің бүгінгі бейнесі, мазмұны көңілімізден шығады, оны жасырмаймыз. Қажетіміздің бәрін осыдан табамыз. Дегенмен, осы бір мақала өткенде қарттар күні немесе ұстаздар мерекесі қарсаңында келгенде ғой, деген сияқты ойларымыз болып жатады. Болашақта қаламгерлер, жерлес жазушылар туралы көбірек жазылса. Пошта уақытымен жұмыс істесе дейді, – ол. Оқырман тілегін қойын кітапшамызға түртіп алдық.
Ал келесі Сәтпай ауылында болған кездесуде оқырмандар, ауылдағы ең өзекті мәселе – интернет байланысы екенін жеткізді. Пошта байланысы да ақсап тұр, ал, пошташы мүлдемге жоқ. Ауыл әкімі Бақытжан Кемербаев айына он бес мың теңге төлеп, әкімшіліктегі адамдар арқылы таратып отырған жайы бар.
Әкімшіліктің әскери есеп маманы Шүкірәлі Құлманов болашақта газетте кезінде осы Ақсуат жерінде өмір сүрген, халық құрметіне ие болған Шәкі би, Сасан би, Боқбасар би тағы да басқа белгілі адамдар туралы қамтылса, сын тұрғысындағы мақалалар жиі жарық көрсе, мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің мәртебелері қайта қарастырылса, «Қазпошта» штат алса деген ұсыныстарын жеткізді.
Ауылдағы жүз аулаға 20 дана «Дидар», 70 дана «Семей таңы» бөлініпті. Болашақта бұл жағы теңдей бөлінсе деген ойды да өзімізбен бірге ала кеттік. Себебі, Сәтпаевтай тұлғаның атындағы, құрылғанына 50 жыл толған, әлеуметтік мәселелері шешімін тапқан ауылға 20 емес, 100-ден артық «Дидар» тараса да артықтық етпес еді.
Кездесуге келген Сәтпай ауылының тұрғыны, зейнеткер Бақытхан Кемербаев (суретте) газет оқығанды ұнатады екен. Кезінде мал дәрігері болып істеген, көзі ашық, көкірегі ояу ақсақал қоғамда болып жатқан жайттардан хабардар, жаңалықты қалт жібермейді. Ауданға келетін барлық басылымдарды зейнетақысына мүмкіндігінше жаздырып алады.
– Өзіміздің «Дидардан» бастап, республикалық, өңірлік, қалалық басылымдардың, жекеменшік болсын, барлығына жазыламын. Зейнетақым жеткенінше жазылам, – дейді жергілікті баспасөз жанашыры.
Мұнан кейінгі кездесулер Көкжыра, Екпін ауылдарында өтіп, кешкісін аудан орталығы Ақсуат ауылындағы әкімдік үйінде ұйымдастырылған үлкен кездесумен қорытындыланды. Ал келесі күні кездесулер Қарасу, Қабанбай, Ақжар, Тұғыл секілді іргелі елді мекендерде өтті.
Аталған кездесулерде де аймақтағы бас басылымның тыныс-тіршілігі туралы кеңінен баяндап, алдағы шығармашылық жоспарларымен бөліскен көшпелі редакция мүшелері уақыттың басым денін шалғай ауылдардағы шешімін таппаған өзекті деген мәселелерді қамтып қалуға арнады.
Мысалы, елге белгілі айтыс ақындары мен жазушылар, Еңбек Ерлері, археологтар көптеп шыққан Көкжыра ауылында да клуб үйі мен ескі және жаңа ауылды жалғайтын көпір жоқ. Жердің алыстығынан кей оқушылардың мектепке велосипедпен қатынап жүргенін көзіміз көрді. Интернет мәселесі бұл ауылдың да бас ауруы. Одан бөлек, ауылдағы орта мектеп тоқпен жылиды. Оның қондырғысы (КТП) қарапайым трансформаторға қарағанда тоқты үш есеге дейін артық жұмсайды екен. Мектеп басшысы Бауыржан Құнафин қанша рет тиісті мекемелерге хат жолдағанымен, өзге мектептер секілді қарапайым трансформатор орнатуда еш нәтиже жоқ. Бұл мәселені «дидарлықтар» өздерінің бақылауына алмақ.
Екпін ауылында өткен жиында мектеп директорының орынбасары Бақытжан Сағадиев, балабақша әдіскері Шынар Мәженова, аудандық жұмыспен қамту орталығының ауылдағы маманы Гүлжан Тайғалиқызы «Дидардың» шығармашылық ұжымының қызметіне табыс тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Ауылда 15 жылдан бері әкім болып келе жатқан Бейбіт Сербатыров басылымның тұрақты оқырмандары қалыптасқанын айтып, келер жылға 75 адам жазылғанын жеткізді.
Аудан орталығы – Ақсуат ауылының тұрғындарымен кездесу барысында ауылдық округтің әкімі Ғалымжан Нұғиев биыл 400 дана «Дидарды» жаздырып алу жоспары тұрғанын, оны уақтылы орындайтындықтарын айтып, Ақсуаттың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы біраз ақпараттарды тілші қауымымен бөлісті. Бұл жерде Серік Құсанбаев «Дидардағы» тағлымдық, танымдық-тарихи мәселелерге, сол реттегі жобаларға тоқталса, Айна Ескенқызы медицина саласындағы реформалар жайында сөз қозғап, міндетті әлеуметтік сақтандыру, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі туралы баяндады. Ал Дәурен Аллабергенұлы еліміздің сот-құқықтық жүйесіндегі биылғы өзгерістер мен толықтыруларды оқырмандарға айтып берді.
Маңызды кездесу соңында ақсуаттық ағайындар Серік ақынға қолқа салып, ағамыз көпшілік алдында «Байбура ашуы», «Шырылдайды бір бала», «Дар алдындағы соңғы сөз» атты өлеңдері мен бірқатар патриоттық рухтағы әндерді шырқап берді.
Пошта байланысы қашан қалпына келеді?
Бұған дейінгі оқырмандар тарапынан айтылған мәселелердің басымы қарасулықтарға да тән болып шықты. Мұнда да интернет ақсап тұр. Билайн ұялы байланысына да көңіл толмайды.
– Интернеттің жоқтығы мектеп үшін өте қиын. Кей сабақтарды оқушылар қашықтықтан интернет арқылы байланысқа шығып оқиды. Ол үшін жылдамдығы жоғары интернет желісі қажет. Себебі, біз ғаламторға қосылып үлгергенше ондағы сабақ аяқталып қояды. Ауданға құжат жіберу үшін де көп уақытымыз осы интернет алдында телміріп отыруға кетеді. Сондықтан Ақмектеп ауылының қасынан өтіп жатқан кабельді интернетке қосылуға мүмкіндік болса, көзіміз ашылар еді – дейді Қарасу ауылындағы мектептің директоры Манарбек Рахымбаев.
Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратбек Әбдірахманов жастардың кітап оқудан алшақтап кетуі, ақпараттың бәрі интернет арқылы келуі газет таралымына да кесірін тигізіп жатқанын жасырмай айтқанымен, ауылдастарының атынан «Дидардан» қол үзбейміз деген уәдесін де берді.
Қабанбай ауылдық округіне қарасты Тәуке ауылындағы оқырмандарымыз үшін ең басты қолайсыздық – жаздырып алған газеттерінің уақытында қолға тимеуі. Елді мекенде пошташы жоқ.
– Қабанбай округінің орталығында «Қазпошта» қызметкері бар, ол «менің міндетім – газетке жаздыру, ал тарату – әкімдіктің мойнында» деген уәж айтады. Газеттерге жазылғанымызды қайтейік, қолымыз жетпей әуре боламыз. Аудандық газеттің алты-ақ данасын алдым. Аптасына үш рет шығатын «Дидардың» кейде бір, кейде екі нөмірін алып қаламыз. Қанша рет «Қазпоштаға» да, әкімге де арыздандым, сыртқа пошта жәшігін де орнатып қойдым. Баспасөз өнімдері Ақсуаттан мектепке жеткізіледі. Ол жерден мұғалімдер, кейде балаларымыз, тіпті жол-жөнекей өткен адамдар таратып жүрді. Жаз айларында сабақ болған жоқ, сол себепті ала жаздай газет те оқыған жоқпыз, – деп шағымданды ауыл ақсақалы Жеңіс Бопырбаев.
Т.Тоқтаров атындағы негізгі мектептің директоры Альмира Шағыраеваның түсіндіруінше, әкімдіктің сұрауы бойынша, мектеп ұжымы газеттерді жеткізіп беруге қоғамдық негізде міндеттеме алыпты. Пошта өнімдері аптасына екі рет, дүйсенбі, сенбі күндері келеді, ары қарай мұғалімдер мен балалар ауыл тұрғындарына таратып отыр. Оқу жылы басталғалы бір ізге түсіпті.
Тәукедегі оқырмандарымыздың негізін Альмира Шағыраева басшылық жасайтын мектеп ұжымы құрап отыр. Сүйікті басылымдарына келесі жылға да бір кісідей жазылуға ниет білдірген мұғалімдер біз барған күні-ақ «Дидарға» қолма-қол жазылды.
– Қабанбай ауылдық округіне қарасты бес елді мекеннің барлығында осындай көрініс. Тәукеде 60 үй болса, көрші Шорғада 120 аула бар. Ал бізде пошташының штаттық бірлігі жоқ. Өз арамыздан біреуді шығарсақ, онда бізге бес пошташы керек, – дейді Қабанбай ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Мұқатов.
Тәукеліктердің денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелері де шаш етектен. Емдеу мекемесінде дәрі-дәрмек жоқ. Сатып алайын десе, ауылда дәріхана да жоқ. Жергілікті дәрігер жұмыстан кетіп қалғалы, терапевт-дәрігерде есепте тұрған науқастар мүлде қараусыз қалған. Тіпті қан қысымын өлшеп беретін де маман жоқ.
– Қанның құрамындағы қант мөлшерін анықтау үшін сонау Ақжардағы зертханаға баруға тура келеді. Жолың 1800 теңге, тағы 400 теңгеге бір жерден түстенесің. Ал өзіміз глюкомермен өлшеп отырайық десек, оның тест-жолағы тек Өскеменде, оның өзінде бір ғана жерде сатылады. Бағасы да күннен-күнге шарықтап барады. Неге осы тест-жолақты Ақжарда сатпасқа? Тағы бір мәселе, ауылға дәрі бөліне ме? Дәрігерге барамыз, бәленбай мың теңгенің дәрілерін жазып береді, өздерінде ешқандай препарат болмайды, – дейді тағы да белсенді Жеңіс ақсақал.
Округ әкімі Тәукеде дәріхана ашу үшін жер де бөлініп қойғанын, «бизнес-бастау» жобасымен кәсіпкерлікті меңгеріп алу туралы хабарландыру да жасалғанын айтады. Әзірге тәукеліктердің арасынан белсенділер көрінбейді. Ал дәрігердің мәселесі шешілген сыңайлы. Әкім бізге қарашаның бірінен Тәуке ауылына тұрақты түрде медбике бөлінгенін жеткізді. Жас маманның баспана мәселесі шешілетініне уәде берді.
Қабанбай ауылында болған кездесуде ауылдастарының атынан сөз алған Әскербек Құрманбеков ауылды жерлерде көмір мен жанармай бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұрғанын, кәсіпкерлердің қойып отырған бағасы қалтаға қатты соғып жатқанын айтып, тілшілер осы мәселені үнемі жазып тұрса деген тілегін білдірді.
Дәл осындай жүздесу Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында да өтті. Тұғылдық оқырмандар газет шығару ісіндегі жауапты қызметкерлерінің әңгімесін мұқият тыңдай келе, басылыммен байланысты нығайта түсуге уәделерін берді. Ал ауыл кітапханашысы Әлмира Жамалова ұстаздар қауымы ешкім үгіттемей-ақ, өздері жазылатынын, әсіресе, «Адамның кейбір кездері, көңілде алаң басылса» айдарын жібермей оқитындарын айтып, редакцияға жолдаған танымдық мақалаларымызды ұзатпай басып тұрсаңыздар деген өтінішін білдірді.
Биылдан қызметін бастаған Тұғыл ауылдық округінің әкімі Әділ Егінбаевтың мәліметінше, келер жылдың алғашқы жартысында 200-ге тарта «Дидар» осы жаққа тарамақ. Мұны жақсылыққа баладық, дегенмен, бес мыңның үстінде халқы бар ауылға бес жүз дана газет тараса да артық болмайтынын тағы бір мәрте оқырманның есіне сала отырып, Тарбағатай ауданына жасаған сапарымызды аяқтадық. Алайда, ел ішіндегі қордаланған түткілді мәселелерді аудан әкіміне де жеткізе кетпек болып, ынғайланғанымызбен, Ділдәбек Тәжібайұлының журналистермен кездесуге жоспарланған қауырт шаруаларынан қолы тимеді. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы да іссапарда болып шықты. Ойымыздағыны бізбен бірге жүрген ішкі саясат бөлімінің мамандарына мұқият тапсырып, Зайсанға қарай бет түзедік.
Көгілдір отынның қызығын көрсек дейді
Ертеңгісін Зайсан ауданындағы сапарымыз Біржан ауылдық округінен басталды. Ауыл әкімі Сейітбаттал Молдашевтың ұйымдастыруымен өткен жиындарда округ тұрғындары бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мәселен, Қуаныш ауылының тұрғыны Құдайберген Сағиолданов аудан халқы игілігін көріп отырған көгілдір отынның қызығын біз де көрсек, ауылдағы кәсіпкерлікті дамытам деген азаматтарға шынайы қолдау болса, несие алу шарттары жеңілдетілсе, халыққа жеткілікті түсіндірілсе деген тілектерін жеткізсе, Бибігүл Зарықбаева қамту қызметкерінің айлығы 34 мың ғана екенін, қымбатшылық қысқан заманда бұл түкке де жетпейтінін айтып, мәселе ретінде көтеруді сұрады. Тұрақты оқырман Мағазбек Тоқтаубаев ақсақал бұл ауылда Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романы жазылғанын, жалпы қазақтың тұңғыш романы жазылған ауыл екенін ерекше атап, сондықтан газетке жазылуда еш мәселе болмайтынын білдірді. Сондай-ақ медицина саласында кадрлар жиі ауыспай тұрақталса, Зайсан ауданы аумағында Ұлттық парк құрылса, соны бірге көтерсек деген де тілегін жеткізді. Зейнеткер Түсіпхан Абдырахманов ауылға тартылған ауызсу шеткі көшелерге жетпей қалғанын, жарық та тек кіреберіске тартылғанын тілге тиек етті.
Дәл осындай кездесулер Дайыр, Қаратал, Сарытерек ауылдарында да ұйымдастырылды. Дайырлықтар күн өткен сайын қымбатшылық қысып бара жатқанын айтып, іргедегі Сайқанның көмірінің бағасы жыл сайын аспандап келе жатқанын, бензиннің тапшылығын сөз етті. Тұрақты оқырмандарымыздың бірі, зейнеткер Сәуле Рахманова жұмысын енді бастаған жас кәсіпкерлерге техника алуда, өндірген өнімдерін өткізуде жеңілдіктер қарастырылса деген ойын білдірді.
– Жастар несиеге мал алып өсірейін десе, алты айдан кейін оны қайтара бастауы қажет. Ал ол уақытта алған малы төлдеп, өсіп үлгермейді ғой. Сондықтан өтеу мерзімін 2-3 жылдан кейін бастаса, тым болмаса бір жылдан кейін болса. Мысалы көршілес Қытай елінде солай екен. Ауылда мал өсірсем деген жастар көп, алайда осындай кедергілер алдан шығып, тұсау болуда, – дейді ол.
Бекзат Камалбеков деген жас кәсіпкер де арнайы оқуын оқып, бизнес жоспарын әзірлеп, қанша жүгірсе де биыл несие ала алмаған. Оған қажетті құжаттарды бірден айтпай бірнеше рет жинатқан, ақыр соңында қаражат таусылып қалды деген. Округтегі Жамбыл ауылының тұрғыны Әлия Сәниева ескі ауылдың бас жағына ғана су құдықтары тартылды, соңына дейін жетпеді, шұңқырлары қазылған күйі қалды деп ауылдастарының мәселесін көтерді.
Қаратал ауылының тұрғындары дидарлықтармен кездесуге ауылдағы әкімдіктің залына бір кісідей жиналыпты. Журналистердің газет жайындағы әңгімесін ұйып тыңдап алған соң, байыппен бірнеше мәселелерін де алға тартты. Оқырман Күлзипа Әміренова осы ауылдан қазаққа белгілі бірнеше ақындардың шыққанын айта келе, соның бірі Тоқтарбек Қызықбаевқа көше аты берілсе, Асқар Егеубаевқа лайықты құрмет көрсетілсе, жалпы аудан орталығында зайсандық ақындарға арналып аллея ашылса деген ұсыныстарын білдірді. «Дидар» газетін сонау 1954 жылдан бері оқып келемін деген тұрақты оқырманымыз Талғатбек Жалбағаев, ұзақ жылдар ауылдың денсаулық саласында еңбек еткен Мұқан Зайтынов басылымға шығармашылық табыстар тілеп, мұндай кездесулерді жиі-жиі ұйымдастырып тұрсаңыздар, оқырмандар сіздерді сағынады деген тілегін айтты. Тіпті, Серік ақынға қолқа салып, арнайы шығармашылық бағдарламамен келуді де сұрады.
Сартерек ауылдық мәдениет үйіндегі жүздесуде ауыл әкімі Әнуарбек Орынбаев жоспарға сай халық газетке толық жазылып жатқанын айта келе, жүз пайыз қазақтар тұратын мекенге орыс тілді басылымдар көп келетінін, оның орнына қазақша газеттерге жазылсақ деген пікірлерін жеткізді.
Зайсан жаңарып, жасарып келеді
Зайсан ауданындағы екінші жұмыс күніміз таңғы сегізде аудан орталығындағы «Зайсан құрылыс компаниясы» ЖШС ұжымымен кездесуден басталды. Ертемен шаруаға асыққан құрылыс саласының мамандарын біз де көп бөгемедік. Басылым жайында қысқаша таныстырып, ойда жүрген мәселелеріне ден қойдық. Осындағы құрылыс учаскесінің басшысы Талғат Сағжанов «құрылысқа қатысты жарияланатын тендерлер тек облыс ішінде жүргізілсе, әрі ерте көктемнен ұйымдастырылса, сонда құрылыстар да қысқа қалмас еді деген ойын жеткізіп, тілшілер осы мәселені көтерсе деді. Мекеменің есепшісі Г.Нұрасылова «Дидардың» мазмұны өткен жылдармен салыстырғанда әлдеқайда өзгерді, оқитын дүние көп асыға күтіп отырамыз, мекеме уақытында жазылады» дегенді айтты.

Мұнан кейінгі үлкен бір кездесуіміз аудандық аурухананың ұжымымен өтті. Ақ желеңді абзал жандар бірі қалмай акт залына жиналып тосып отырғанынан-ақ газетке деген ықыластарын бірден байқадық. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Нағима Тіметова «Дидар» туралы жылы лебізін білдіріп, медицина саласының тақырыптары жиі жазылатынына ризашылығын айтты. «Қашанда халық пен билік арасындағы алтын көпір бола беріңіздер» деді. Бұл жерде дәрігер жас мамандарды баспанамен қамту, сауықтыру жәрдемақысының берілуі, газ бен көмірдің қымбаттығы мәселелері көтерілді. Бәдигүл Қабанбаева бұрын шығып тұрған «Дін» беті қайта жалғасса деген ұсынысын да жолдады. Көтерілген мәселелердің барлығы да алдағы уақытта газет бетінде көрініс табатын болады.
Зайсан қаласындағы барлық орта мектептер мен колледж ұжымдары М.Дәуленов атындағы орта мектепте «Дидарлықтармен» екі сағаттан астам уақытқа созылған кездесу ұйымдастырды. Басым дені жастарды құраған аудиторияда тілшілер қауымы негізінен патриоттық тақырыпта әңгіме өрбітіп, ел мен жер тарихынан мол ақпараттар берді. Осы турасында кеңінен баяндаған «Шығыс ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Серік Құсанбаев жиналған жастарды қазірдің өзінен-ақ ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп, кешегі алаш қайраткерлеріндей жалындап өсуге шақырды. Журналистермен естелік суретке түскісі келгендер де көп болды.
Аудандағы оқырмандармен жүздесуге келген төртінші билік өкілдерін аудан әкімі Темірбек Қасымжанов арнайы қабылдап, бүгінгі таңда Зайсанда қолға алынған кешенді шаруаларды әңгімелеп берді. Біз де өз кезегімізде ауыл-ауылда көтеріліп жатқан мәселелерді әкімнің алдына тарттық.
– Биыл Зайсан қаласына толық газ тартылды. 60 пәтерлік екі үй салынып жатыр. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен биыл бітіреміз деп отырмыз. Облыс бойынша жыл сайын өтетін көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары байқауында биыл Зайсан ауданы үздік деп танылып, бірінші орын алды. Жасыл ел бағдарламасы, ауылдағы жастарды жұмыспен қамту мәселесінде де үздік шығып отырмыз. Жастар орталығы жақсы жұмыс істеуде. Былтыр тек 29 жасқа дейінгі жастарға арналып 120 бөлмелік жатақхана берілді. Аты жатақхана болғанымен, онда бірден үш бөлмеге дейінгі пәтерлер бар. Биыл ауданға білім саласының 28 жас маманы келді. Сегіз жас маман денсаулық сақтау саласына келіп, іске кірісуде. Жастар ауылға тұрақтанып жатыр.
Болашақта облыс басшысының қолдауымен тағы да баспаналар салуды жоспарлап отырмыз. Ауданның жолдары жөнделіп жатыр, Шілікті ауылына апаратын жолды жөндеу де біздің тұрақты назарымызда тұр. Тоғыз айдың экономикалық көрсеткіштері жаман емес, ойдағыдай шығып отыр. Ел ішінде көтерілген мәселелердің барлығын қарастырып отырмыз, бәрі де уақытымен, орнымен шешімін табатын болады, -дейді аудан әкімі.
Дәл осындай мәнді де мағыналы кездесулер ауданның Айнабұлақ ауылдық округіне қарасты Қайнар, Жаңатұрмыс, Шүршітсу, Талды ауылдарының тұрғындарымен, Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Кеңсай, Жарсу, Бақасу, Саржыра ауылдарының халқымен де ұйымдастырылды. Тіпті, шекара шебінде орналасқан шалғай мекен Шілікті ауылдық округіндегі оқырмандармен де жүздесіп қайтуға уақыт таптық. Әрине, онда айтылған ағайынның ұсынысы мен көтерген мәселелерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта ел ішіндегі проблемалардың барлығы «Дидардың» бетінде көрініс табатын болады.
Дәурен Қасенов,
Кәмал Естай