Қоғам

Зайсан көлінің жағасы қоқыстан тазартылды

Тарбағатай ауданының аумағында жалғасқан «Таза су айдындары» республикалық акциясы барысында Зайсан көлінің жағасы 18,5 тонна қоқыстан арылды.

Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында «Таза табиғат» жобасы аясында қолға алынған  «Таза су айдындары» акциясы жалғасуда. Жалпы, аталмыш акцияның мақсаты қос өңірдің балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарының жағалауларын қоқыстан тазартып, су астын иесіз қалған балық аулау құралдарынан тазарту, сондай-ақ балық қорын қорғау және көбейту болып табылады, – дейді Зайсан-Ертіс облысарылық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы Фархат Байбазаров.

Акция бұл жолы Зайсан көлінің «Байтоғас», «Төре-Тоғам» және «Рыбаки Зайсана» шаруашылықтарына бекітілген телімдерінде жалғасқан. Жалпы саны 279 адам қатысқан шара барысында ұзындығы 43 шақырымды құрайтын 430 дана полиамидті синтетикалық аулар судан шығарылып, жағалаудан 18,5 тонна тұрмыстық қалдықтар жиналған.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button