Қоғам

ЗАЙСАН КӨЛІНЕ АЛҒАШҚЫ АЛЫП КЕМЕНІ ӘКЕЛГЕН ҚАЗАҚ КАПИТАНЫ

ЗАЙСАН КӨЛІНЕ АЛҒАШҚЫ АЛЫП КЕМЕНІ ӘКЕЛГЕН ҚАЗАҚ КАПИТАНЫ

Қабанбай ауылының тұрғындары көлден қашық болса да, басым көпшілігі балықты кәсіпке айналдырған. Осы жазда балықшылардың төл мерекесінде ауылдағы осы кәсіптің басы-қасында жүрген Жандарбек Бұзаубаев деген азаматтың үйінде дәмдес болдық. Осы ауылдың сыйлы азаматтарының бірі екен. Дастарқан басында әңгіме балық жайында болған соң, үй иесі «Балық жайын менен гөрі кәсіби балықшының баласы жақсы біледі» деп бізге жұбайын таныстырды. – Атым – Надежда – деді ақұбаша келген келіншек. – Кеңес кезеңіндегі Приозерный, қазіргі Тұғыл ауылының тумасымын. Менің балалық шағым, саналы ғұмырым өткен Тұғыл Зайсан өңірінің өндірісті порты болған. Мұндағы тұрғындардың барлығы әулетімен балықшылар. Біз де балықшылар әулетіміз. Ауылда қармақ салмайтын бала болмайтын. Оның үстіне менің әкем, еліміздегі ең ірі көлдің бірі Зайсанға алып кемені алып келген адам. Әкемнің айтысына қарағанда бұл сол кездегі Қазақстан көліне әкелінген тұңғыш кеме «Дмитрии Фурманов» және соның тұңғыш қазақ капитаны менің әкем. Мектепте мені «Капитан қызы» деп атайтын деп мақтанышпен сөйледі.

ЗАЙСАН КӨЛІНЕ АЛҒАШҚЫ АЛЫП КЕМЕНІ ӘКЕЛГЕН ҚАЗАҚ КАПИТАНЫ

Капитан қызының әкесі Жапарбек Қалиасқаров Тұғыл кентіндегі қарапайым балықшының отбасында дүниеге келген. Балалық шағы көл үстінде өткен Жапарбек өз таңдауымен 50-ші жылы еңбек жолын балық зауытында, қатардағы балықшыдан бастайды. Сол күннен бастап оның саналы ғұмыры көл үстінде өткен. Республикадағы ірі балық өндірісі саналатын «Зайсан рыбкомбинатында» алғашқыда ағаш қайықтан бастап, кішігірім балық аулайтын катерге дейін болыпты. Айлап көл үстінде жүретін балықшыларға 50-жылдарда қауіпсіздік техникасы мүлде сақталмайтын. Солай бола тұра ондаған тонна балықтың жоспарын орындайтын. Басқасын былай қойғанда, кәсіби балықшы мамандығын игеретін азаматтар бұл өңірде болмаған. Сол кезде жалынды жас Жапарбек: «Біздің көлде алып кемесі, білімді капитаны бар маман болса!» деп армандаған екен. 1955 жылы Айтжамал апамызбен отау құрған ағамыз жас отау бола жүріп, өзі армандаған кәсіби мамандығын алуға Ресейдің Астрахань қаласындағы өзен техникумына түсіп, білімін жетілдіреді. Өндірісі дамыған ірі портты қаладағы кеме құрастыру зауытында өндірістік тәжірибеден өткен Жапарбек ағамыз осындағы небір алып кемелерді көреді. Ендігі бір сәтте зауыттың Қазақстан үшін арнайы тапсырыспен дайындап жатқан кемесін де өз көзімен көріп, асқақ арманын тағы бір еске алады. Зауыт мамандарының айтуынша, алғаш рет жасалып отырған бұл өте үлкен тоңазытқыш кеме тәжірибе ретінде Қазақстанның үлкен көлдерінің біріне бармақ. Ағаш кемеде жүріп армандаған қазақ балықшыларына енді алып кеме де баратын болыпты. Астрахандағы кеме құрастыру зауытында жасалып жатқан кемені сол кездегі Балық шаруашылығы министрлігінің ұйғарымымен Балхаштағы балық зауытының құзырына бекітеді. Кейін белгілі болғандай КСРО балық шаруашылығы министрлігі кемені Қазақстанның шығысындағы Зайсан көліне жіберуге түбегейлі шешім шығарады. Міне, бір кездері ағаш кемемен көлде жүріп армандаған жас маман Жапарбектің сол арманы алдамады. Қуанышты хабарды естіген «Зайсан рыбпром» басшылығы кемені жеткізуді Астрахань қаласындағы оқуларын енді ғана аяқтаған жас мамандарға тапсырады. Бұл – 1969 жылдың маусым айы болатын. Тапсырманы алысымен мамандар алдымен өзен арқылы бұл кемені жеткізудің жолдарын қарастырады. Үлкен жылжымалы тоңазытқыш кеменің салмағы – 300 тонна. Ал оның тәуліктік тоңазытқыш қондырғысының өзі ғана 50 тоннадан асады. Оның Қазақстанның тұйық көлі Зайсанға дейін жетуі үшін алдымен арнайы карта жасалып, өзенде қайраңдап қалмайтын тереңдігі бар өзен жолдарын іздестірген және оған аса ұзын өзен жолдарын таңдауға тура келген. Сонымен маусым айының басында «Дмитрий Фурманов» алып кемесінің штурвалына отырған үш жігіт (өкінішке орай, кемеде болғандардың жігіттердің аты-жөні ұмытылыпты) Волга өзенімен қозғалып жол қиыншылығын көре отырып, бір айдың көлемінде Солтүстік мұзды мұхитқа дейін жетіп, одан Обь өзені арқылы Ертіс өзеніне түскенде ауыр жүк жеңілдегендей болады. Осылайша жас жігіттер тағы бір сынақтан өтеді. Кемені жол бойында сынақтан өткізіп, балық аулап, оны сол жерлердегі балық зауыттарына өткізген. Ресейдің үлкенді-кішілі 18 портты қаласын басып өтіп, Зайсан көліне келгенде қоңыр күз болыпты. Бұл өндірістік алып кемені Қазақстанның шығыс өңіріне алып келген қарапайым қазақ баласы үшін ел ішінің елеулі оқиғасы болатын.

ЗАЙСАН КӨЛІНЕ АЛҒАШҚЫ АЛЫП КЕМЕНІ ӘКЕЛГЕН ҚАЗАҚ КАПИТАНЫ

Әкесінің әңгімесін жиі еске алып отыратын Надежда қарындасымыздың әкесінің балаларына айтқан алғашқы қуанышын ешқашан ұмытпайтын көрінеді. Балық шаруашылығы министрлігінің арнайы бұйрығымен Астрахань қаласынан абыройлы оралған экипаж мүшелеріне 75 сомнан сыйақы тағайындалған екен. Астраханнан кәсіби білім алып келген жас маман Жапарбек Қалиасқаров келер жылы кеменің тұңғыш директор-капитаны болып тағайындалады. Кеме Зайсан көлінде ауланатын көл үстіндегі ірі өндіріс орны болды. Жаз шыға көлге түскен кеме қара күзде жағаға бірақ оралып отырған. Алып кеменің капитаны рационализаторлық еңбегімен де ерекшеленген. Айталық, алып кемені қысқы тұраққа қою үшін ғана үш жұмаға жуық уақыт кеткен. Оған тракторлар, ауыр жүк машиналары, күндіз-түні адамдардың қол еңбегі жұмсалған қисапсыз өндірістік шығын болған. Ол өзінің біліктілігі арқасында кемені судан шығармай, ағаштан су бетінің деңгейінде ұстап тұратын қоршау жасаған, соның нәтижесінде өндіріс шығыны азайған. Жапарбек Қалиасқаровтың оң нәтиже берген тәжірибесін әлі күнге дейін Ресейдің портты қалалары қолданатын көрінеді. Көлге түскен кеменің еңбек өнімділігі екі есе артқан. Кемеге түскен балық бірден тоңазытылып, көл жиегіндегі Октябрский, Ақсуат сияқты айлақтардағы өндіріс орындарына жеткізіліп, тоқтаусыз өңделіп отырған. Кемеде әр ауысым сайын 30-40 балықшы тынымсыз еңбек етіпті. Балықшылар сол кездерде жағалауға айлап келмеген. Соның арқасында ондаған мың тонна балық ел игілігіне жараған. Астрахань кеме құрастыру зауытының сол жылдардағы осындай сегіз кемесі Одақтың үлкенді-кішілі көлдерінде жіберілген. Қазақстандағы тұңғыш жылжымалы тоңазытқыш кемені «Балықшылардың көл үстіндегі кіші зауыты» деп атайтын көрінеді. «Дмитрий Фурманов» кемесінде 14 жыл тынымсыз қажырлы еңбек еткен, 30 жылдан астам балықшы мамандығын меңгерген, Жапарбек Қалиасқаровтың еңбегі одақ көлемінде айрықша ескеріліп, омырауына «Еңбек Қызыл Ту» орденін тақты, сегіз қыз, 17 немере 12 шөбере көрген капитанның Мәскеу қаласындағы халық шаруашылығы көрмесінде алып кеменің суреті мен сол жылдардағы экипажы әлі тұр екен. Зайсанға келген тұңғыш алып кеменің сұлбасы түгілі суреті де қалмапты. Бір қызығы, туған ауылы Тұғылда тұғыры биік болғанымен, қасиетті көлге еңбек сіңірген балықшының аты-жөнін Зайсан қаласының тұрғындары білмейтін болып шықты. Жергілікті мұражайлардан да орын алмапты. Тым болмаса бір көшенің аты да бұйырмағаны өкінішті.
Болашақта бұл олқылықтың орны толар деген үміттеміз.

Қадырбек Кәкімұлы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button