Қоғам

Зайсан көлін бекіреге неге толтыра алмадық?

 Зайсанды бекіре мен сүйрікке (бекіре тұқымдас балық) толтырмақ болған, құны миллиондаған теңге тұратын қымбат жоба өңірде неге іске аспай қалды? Облыс тұрғындарының сол кездегі «көп ұзамай өзіміздің жергілікті бекірені жейтін болдық» деп қуанған үміттері енді орындала ма? Желге ұшқан мемлекет қаржысының өтеуі қалай болмақ?

 Уылдырық шашуға жеті жылдай уақыт қажет

Бәрін басынан бастайық. Осыдан сегіз жыл бұрын, 2012 жылы Зайсан – Ертіс бассейндік инспекциясының мамандары Зайсан көлін бекіреге толтырғалы жатқандарын, көлге барлығы бекіре мен сүйріктің 210 мың шабағы жіберілгенін айтқан болатын. Инспекциядағылар бұған қоса патша балықтың жай өсетіндігін, уылдырығын тек алты-жеті жылдан соң ғана шашатындығын, сондықтан тұрғындардың сабырлық сақтап, тоса тұрулары керектігін де айтқан.

Бір қарағанда жоба сенімді көрінген. Себебі, Ертіс бекіре үшін бөтен өзен емес. Тарихқа шегінсек, ХІХ-ғасырдың орта шенінде Зайсан көлі мен Жоғарғы Ертістен жыл сайын 2,5 мың пұт немесе 40 тонна балық ауланғаны туралы деректер бар. Балық Обь өзенінен Зайсанға дейін өрлеп келіп, ары қарай Қара Ертіс арқылы Қытайға кеткен. Уылдырық шашқан бекірелер кері қайтуға үлгермеген жағдайда көлде қыстап қалатын болған. Өкінішке қарай, табиғаттың бұл циклі өткен ғасырдың ортасында басталған Бұқтырма су электр станциясының құрылысы кезінде бұзылды. Өзеннің балық жүретін сағасы плотинамен бөгеліп, балықтардың табиғи көші-қон жолы мүлдем жабылып қалды. Мұнымен бірге бекіре де құрып кетті.

2012 жылы қолға алынған аталмыш жоба осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған игі мақсатты алға қойған еді. Жергілікті тілшілердің де, тұрғындардың да көп ұзамай жергілікті сауда орындарынан бекіренің түр-түрін көретіндеріне еш күдігі болмаған.

Бұл бекіре бағдарламасының негізгі бастамашылары республикалық балық шаруашылығы комитеті мен Зайсан-Ертіс бассейндік инспекциясы еді. Жобаны іске асыруға бюджеттен 60 миллион теңге бөлініп, осы мақсатта Шілік тоған шаруашылығында мемлекеттік тапсырыс бойынша сібір бекіресінің 140 мың және сүйріктің 70 мың шабағы өсірілді. Шабақтар Алматы облысынан бір жарым мың шақырым қашықтықтағы сонау Қара Ертіске жеткізіліп, суға жіберілді. Нәтижеге мониторинг жасап отыру үшін жобаға салалық ғылым өкілдері де араласты.

Ал арада үш жыл өткенде 2015 жылы облыстың табиғат қорғау прокуратурасы бөлінген қаржының желге ұшып, жобаның сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді. Мамандар екі жылдың ішінде көлден небәрі екі ғана аналық бекіре тапқан.  Өкініштісі, бағдарламаның ары қарай жалғасын таппағаны, ол үшін ешкімді де кінәлай алмайтындығымыз.

– Біз бір реттік балық жіберуден ойдағыдай нәтиже болмайтындығын биологиялық негізде бірден айтқанбыз, – дейді сол кезде балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай филиалының директоры қызметін атқарған, қазір Шығыс Қазақстан облыс бойынша «BD – балық шаруашылығы қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Сымбат Әнуарбеков. – Қазір көлде бірді-екілі ғана балық кездеседі. Өкінішке қарай, уылдырық шашатын үйір қалыптаспады. Бекірені арнайы сол Қара Ертіске жіберудегі мақсат – оларды сол өзенге  жерсіндіру болатын. Кейін олар сол суға үйреніп кетеді деп болжанған. Балықтар Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасының тереңінде тіршілік етуде әрі олар үйірінен  жаңылмайды. Бірақ уылдырық шашатын кезеңде бір уақытта жоғары көтеріліп, Қара Ертістегі таза суға шығады. Өзен арнасы тарылған сайын, балықтар бір-біріне жақындап, өздерінің жұптарын табады. Суға салмағы 120 грамм болатын 120 мың шабақ жіберілді. Статистикаға сүйенсек, уылдырық шашуға солардың он пайызы ғана келеді екен. Яғни, 1200 дана балық қана. Енді есептеп көріңіз, Зайсан көлінің ұзындығы – 105 шақырым, Қара Ертістің ұзындығы – 600 шақырымды құрайды. Осындай үлкен ауқымдағы су қоймасында бекірелер бірін-бірі таба алуы мүмкін бе? Осы жағын да бағдарламада алдын ала ойластыру керек еді.

Балықшылар бірде-бір бекіре көрмеген

Мұндағы мамандардың айтуынша, бекіренің аналығына қарағанда аталығы тез жетіледі және екі жыл бойы уылдырық шашатын орынға барып қайтады екен. Мұны олардың жауапты кезеңге дайындық уақыттары деуге де болады. Тек үшінші жылы ғана ағыспен жоғары өрлеп аналық бекірелер келеді. Бұл кезде уылдырық шашатын орын, аталық бекірелер бәрі де жетіліп, дайын болып, оларға тек жұбын таңдау ғана қалады. Алайда мамандар пікірінше, жұп таңдау үшін балық саны мейлінше көп болғаны жөн. Себебі, аналық үйір бірнеше және әр түрлі буын болған жағдайда ғана қалыптасады. Сондықтан көлге балық жіберу процесін алғашқы аналық бекіре уылдырық шашуға келгенше, жоқ дегенде жеті жылдай үзбей жүргізу, жыл сайын осынша мөлшерде шабақтар жіберіп тұру қажет болатын.

Мамандардың сөзін жергілікті балықшылар да қостап отыр. Мәселен, Зайсан көлінің жағасындағы Тарбағатай ауданына қарасты Тұғыл ауылындағы балықшылар қауымы да көлде бекіре бар деп естігендерін, әзірге бірде-бір рет көрмегендерін, ауға түспегенін айтады.

– Мұндай жобалардың тағдыры көп уақытта уәкілетті органға тікелей байланысты болады. Мысалы, дәл осы жоба кем дегенде үздіксіз жеті-тоғыз жыл жүргізілуі керек. Алайда жоба Ауылшаруашылығы мен Экология министрліктерінің арасында бір-біріне ауысып жүруінің салдарынан бағдарламалары қиылып, бір жылдан соң қаржыландыру тоқтап қалды. Бөлінген қаржы желге ұшты. Ең бастысы, бағдарламаны қолға алғанда түбегейлі нәтижені айқындап алу қажет еді. Әйтпесе, жобаның Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты әзірлеген биологиялық негіздемесі де дәлелденген. Негізі болмаса, қарадан қарап бағдарламаға ақша бөлінбейді ғой, – дейді аталған қауымдастықпен қатар «Бұқтырма балық өсіру шаруашылығы» ЖШС-нің атқарушы директоры болып та жұмыс істейтін Сымбат Әнуарбеков.

 Өнімге әлемде сұраныс жоғары

Жалпы, мұндай ұқсас жобалар  бұған дейін өзін-өзі қаншалықты ақтаған? Алтай филиалының мамандары болса, көлдердегі биоресурстарды ғылыми негізде реттеу жөнінде үздіксіз айтып келеді. Олардың пікірінше, балықты тек рұқсат етілген мөлшерде ғана аулау керек. Әсіресе, браконьерлікке жол бермеу қажет, өйткені, өңірдегі су қоймаларының ресурсы шексіз, шетсіз емес.

Мәселен, осыдан отыз жыл бұрын мұнда 12 мың тонна балық ауланса, қазір соның жартысы ғана қалған. Оның үстіне қазір әлем бойынша балыққа сұраныс  өсіп келеді. Елімізде шикізат түріндегі балық көршілес Қытайға, Ресейге, Еуропа елдеріне экспортталады. Қайта өнделген балық өнімдерін әкелгісі келетіндер де көп. Қазақстанның алдында да өз халқын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсаты тұр. Ауыл шаруашылығы  министрлігі өз кезегінде балық өндірісін жан басына шаққандағы 4,5 келіден 14 келіге дейін арттыруды жоспарлап отырғандарын айтқан болатын.

– Зайсан-Бұқтырма су қоймасы – Ертістің бір бөлігі трансшекаралық өзен болғандықтан, үлкен көлемдегі аквамәдениетті қалыптастыру қиынға соғады. Себебі, өзге де түрлерге жағымсыз әсерін тигізуі мүмкін. Сонымен қатар мұндай ірі жобалар көрші елдермен алдын ала келісілуі қажет. Алайда біздегілер басқа жолды таңдады. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасы бойынша жергілікті су қоймаларында, тоғандар мен көлдерде балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Жалпы алғанда бізде 50 мың тонна балық беретін әлеуеті бар 100-ден аса келешекті су қоймалары бар. Дегенмен олардың көпшілігі жекелеген қайта жарақтандыру мен тазалауды қажет ететіндігін де айта кеткен орынды, – дейді тағы да Сымбат Әнуарбеков.

Бұл салада он бес жылдай қызмет етіп жүрген Сымбат Құрметбекұлы осы ақпан айының соңында Атырау қаласында Үкімет басшысының қатысуымен балық шаруашылығына қатысты үлкен жиын өтетіндігін, сол жерде өңірдегі, республикадағы салаға қатысты қордаланған өзекті мәселелерді көтеру үшін барғалы жатқандығын да айтып өтті.

Сөздің реті келгенде айта кетер болсақ, осыдан 60 жыл бұрын облыста сатуға арналған балық өсіру жүйесі жұмыс істеген болатын. Мәселен, Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығында құртшабақтар алынып, олар Өскемен ұдайы өндірістік кешені – балық шаруашылығында тауарлық түрге жеткенше өсірілетін. Жыл сайын мұнда 400-ден 900 тоннаға дейін балық алынатын. Тірі тұқылар Өскемен мен Семейде жыл көлемінде сатылатын.

Қазір ұзақ жылдарға созылған дағдарыстан соң бұл шаруашылықты қайтадан қалпына келтіруге талпыныс жасалуда. Қаржы құюға дайын инвестор мұнда ақ амур мен дөңмаңдайды, тіпті көксеркені де өсіруді мақсат етіп отыр. Балық тәлімбағында қажетті технологиясы жасалған, алдағы жылдарда 200 тонна ақ амур өсіру жоспарлануда.

Мамандар көксеркені өсіру жобасының да келешегі жарқын екенін айтады. Себебі, аймақта оны өсіруге барлық қолайлы жағдай бар, ал бұл балықтың етіне елімізді былай қойып, шетелдің өзінде сұраныс жоғары. Көксеркенің еті протеинге аса бай екені белгілі.

– Бизнес бұл жобадан пайда тапқысы келеді, ал мемлекеттің ойлағаны тұрғындарды азық-түлікпен қамту. Ал ғылымның мақсаты – осылардың нақ ортасын табу. Бізде мұндай табысты жобалар бұрын да болған. Мәселен,  осыған дейін мемлекеттік грант есебінен Қамышлыбаш балық тәлімбағында Арал теңізін балықтандырудың жобасы сәтті жүзеге асырылған, – дейді балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Алтай филиалының  директоры Бауыржан Әубәкіров.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button