ҚоғамТОП

Зайсан-жастар мекені

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы тоқырауға қарамастан, қаймағы бұзылмай, іргесі сөгілмеген, халқы ауылды тастап, қалаға үдере көшпеген аудан кемде-кем. Дәл сондай өңірдің бірі әрі бірегейі деп облысымыздың қиыр шығысындағы Зайсанды айтуға болады. Әлбетте, оған бірінші кезекте шекара шебіндегі ауданда «Майқапшағай» кеден бекетінің ашылуы себеп болғаны сөзсіз. Дегенмен, жергілікті халықтың береке-бірлігін де атап өтпеске болмайды.

Суармалы егістіктің көлемін арттырмақ

Бүгінде Зайсан ауданында қай салада болсын алға жылжушылық бар, атқарылған жұмыс аз емес, ал тындырылатын шаруа одан да көп. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг барысында шекаралық аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы сөз қозғалды. Брифингке қатысқан аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдина Зайсан өңірі ағымдағы жылдың төрт айын біршама жақсы көрсеткішпен аяқтағанын хабарлады.

– Аталған уақыт ішінде аудан экономикасының негізгі саласы саналатын ауыл шаруашылығы секторында 7 миллиард 755 миллион теңгенің ішкі жалпы өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 7,3 пайызға артық. Өнеркәсіп саласында 2 миллиард 172 миллион теңгенің ішкі өнімі (19,3 пайыздық өсім) өндірілген. Мұнымен шектеліп қалмақ емеспіз. Алдағы уақытта осы өнеркәсіп және өңдеу салаларына қосымша инвестиция тарту арқылы ішкі жалпы өнім мөлшерін одан сайын арттыруды көздеп отырмыз, – дейді Н.Қабидолдина.

Белгілі болғандай, биылғы төрт айда ауданға 7 миллиард 110 миллион теңгенің инвестициясы тартылыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,8 пайызға артық.

Зайсандық диқандар бірталай қиыншылыққа қарамастан қыстаманы ойдағыдай өткізіп, көктемгі егіс науқанына бел шеше кірісіп кеткен. Бүгінде тоқсан мың бас ірі қара, қырық жеті мыңдай жылқы мен жүз мыңға таяу ұсақ малы бар ауданда төрт түліктің санын арттырып қана қоймай, сапасын жақсарту, яғни тұқымын асылдандыру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда.

Дәл қазір аудан басшылығының алдында өндіріске негізделген тауарлы сүт фермалары мен мал бордақылау алаңдарын көптеп ашу міндеті тұр екен. Ал ол үшін суармалы егістіктің көлемі мен өнімділігін арттырып, мал азығының мол қорын әзірлеу қажет. Осы орайда, облыс әкімі Ермек Көшербаевтың Үйдене су жүйесін күрделі жөндеуден өткізіп, Кендірлік өзеніне бөгет салу жөніндегі тапсырмалары аудандағы суармалы егіншіліктің дамуына зор ықпал етері сөзсіз.

Аудан басшылығының айтуынша, қазір өңірдегі шаруаларды сужаңа техникамен қамту бағытында да бірталай жұмыс атқарылуда.

– Жасыратыны жоқ, біздегі техниканың көбі ескірген. Сондықтан шаруаларымызды жаңа техникамен қамтамасыз етуге көп күш салып жатырмыз. Былтыр әртүрлі көздерден инвестиция тартып, біраз техника алдық, бұл жұмысты биыл да жалғастыратын боламыз. Жалпы, қазіргі уақыттағы ауданға келетін нвестициялардың көбі осы бағытқа бағытталуда. Бұған қоса, біз шаруа қожалықтарының мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдіктер мен көмектерді пайдалануларына, оның ішінде арзан дизель отынын алуына жәрдемдесудеміз, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Тағы бір мектеп пайдалануға беріледі

Ағымдағы жылдың төрт айында Зайсан ауданында 6 миллиард 174 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 11,1 есеге артық.

– Ауданымызда құрылыс базасы жақсы дамыған. Жыл басынан бері 1 875 шаршы метр тұрғын үй салынды. Биыл ауданымыздағы ауылдарға 58 тұрғын үй салынатын болады, – деп мәлім етті Н.Қабидолдина.

Брифингте биыл Зайсан қаласында салынып жатқан 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, білім ордасы пайдалануға берілетіні белгілі болды. Аудан әкімі орынбасараның айтуынша, алдағы уақытта өңірде тағы бірқатар жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, Жарсу мектебінің жанынан спорт залы салынса, Айнабұлақ ауылында спорт модулі бой көтеретін болады. Бұған қоса, Қаратал ауылында 50 келушіге шақталған дәрігерлік амбулаторияның, Жаңатұрмыс пен Саржыра ауылдарында жаңа типтегі медпункттердің, ал Жарсуда фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталуға тиіс.

– Сарытерек ауылының мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілмек. Бірнеше ауылда балалардың ойын алаңқайлары мен спорт алаңдары салынады. Сондай-ақ, Зайсан қаласында «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылай қолдауымен заманауи футбол, баскетбол және волейбол алаңдары мен воркаут аймағының құрылысы жүргізілуде. Үш ауылдағы интернеттің жылдамдығын күшейту мақсатында антенна-діңгек құрылғылары орнатылып, тағы үш елдімекеннің ауыз сумен қамту жүйесі жөнделетін болады, – деп хабарлайды аудан әкімінің орынбасары.

Белгілі болғандай, биылғы «Жол жылы» аясында «Зайсан – Жаңатұрмыс» бағытындағы 12 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселетін болады. Сонымен қатар, Зайсан қаласының жеті көшесі мен ауылдардағы 20-ға жуық көше жолдарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынады деп жоспарлануда.

Ауылдарға газ тартыла ма?

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Зайсан ауданындағы сегіз елді мекенді газбен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды.

Аудан әкімінің орынбасары Нұрғайни Қабидолдинаның айтуынша, аталған бағыттағы жұмыстардың уақтылы аяқталмауына мердігер ұйымның міндеттерін дұрыс орындамауы себепші болған.

– Зайсан ауданының сегіз елді мекенінің ауылішілік газ құбырларын тарту жобасын іске асыру 2022 жылдың маусым айында басталып, 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуға тиіс болатын. Бұл жөнінде жоба мердігері «СтройГаз Компани» ЖШС-мен 1,2 миллиард теңгеге келісімшарт жасалған. 2022 жылы жобаның 215 миллион теңгесі игерілгенімен, 2023 жылдың тамызында арнайы комиссиямен жүргізілген тексеріс нәтижесінде 41,7 миллион теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталған. Осыған байланысты ШҚО мамандырылған экономикалық сотына мердігер мекеменің жауапкершілігіне қатысты талап-арыз берілді. Қазіргі уақытта талап-арыз соттың қарауында. Сондай-ақ, жобаның сараптау мерзімінің аяқталуына байланысты түзету жұмыстары жүргізілуде. Сот процесі аяқталғаннан соң және жобаға қаражат бөлінетін болса, құрылыс жұмыстары жалғастырылады, – деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Алыс-беріс, барыс-келіс артады

Ықылым заманнан шекара түбіндегі Зайсан жері ірі сауда орталықтарының бірінен саналған. Әлі де солай. Бұл сөзімізге өткен үш айда аудандағы бөлшек тауар айналымы мөлшерінің 3 миллиард 561 миллион теңгеге жетуі дәлел бола алады. Ал бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 6,6 пайызға көп.

– «Майқапшағай» кеден бекетінде басталған жаңа көліктік-логистикалық орталық салу жобасы ойдағыдай аяқталатын болса, ауданымыздың сауда-саттық саласы жаңа белеске көтерілетін болады. Сонымен қатар, туризм саласы да біртіндеп дамып келе жатыр. Бұған, әрине «Майқапшағай» кеден бекеті мен ерекше әсем табиғатымыздың септігі зор, – деген аудан басшысының орынбасары тағы бір жақсы жаңалықпен бөлісті.

Оның айтуынша, алдағы уақытта өңірде Зайсан мен Тарбағатай аудандарына ортақ жүк тасымалдауға арналған жаңа аэродромның құрылысы басталуы мүмкін. Аталмыш жоба іске асып, әуе бекеті салынатын болса, бұл қос ауданның сауда-саттықпен бірге, өндіріс салаларына да тың серпін берері анық.

– Сауда дегенде, шағын және орта бизнес туралы айтпай кетуге де болмайды. Жалпы, біздің ауданда кәсіпкерлерге қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінде Зайсанда шағын және орта бизнестің 4 071 субъектісі жұмыс істеп тұр. Әлбетте, әлеуметтік нысандардың салынуы аудан бюджетінің орындалуына да байланысты. Осы ретте, аудан бюджетінің өз кірісі төрт айда 941,4 миллион теңгеге орындалып, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40,6 пайызға артқанын айтқан жөн, – деген Нұрғайни Қабидолдина басқа салаларға да қысқаша тоқталды.

Аудан әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, қазіргі уақытта аймақтағы 27 мектепте 6 917 оқушы білім алып жатса, 19 балабақша мен 12 шағын орталықта – 1 818 бала, ал мектепалды даярлық сыныптарында 569 балақай тәрбиеленуде екен. Үш пен алты жас аралығындағы балалардың мектепалды біліммен және тәрбиемен қамтылуы жүз пайызға жеткен.

Ал денсаулық сақтау саласына қатысты басты жаңалық – аудандық ауруханға құны 465 миллион теңгелік компьютерлік томография аппаратының сатып алынуы болыпты. Қазір бұл аппарат іске қосылып, халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, биыл аудандық аурухананы тағы бірқатар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде әсіресе бүйрегі ауыратын адамдарға арналған гемодиализ аппаратының орны бөлек.

– Зайсан – жастар мекені. Статистикаға сүйенсек, бүгінде ауданымызда 35 жасқа дейінгі 9 246 жас бар екен. Аудандық Жастар ресурстық орталығының жұмысы үнемі аудан әкімдігінің назарында. Жастардың бос уақыттарын тиімді өткізуіне барынша жағдай жасалуда. Ауданымызда 105 спорт нысаны, 11 мәдениет ошағы жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, аудан әкімдігі Президент пен облыс басшылығының тапсырмаларын орындау мақсатында қоғамның барлық саласымен бірлесе әрекет етіп келеді, – деп түйіндеді спикер.

Осы айдарда

Back to top button