Экономика

Зауыт қайта жұмыс істей бастады

Серебрянка қаласындағы жалғыз іргелі кәсіпорын – «Серебрянка органикалық емес өндіріс зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз бағыты бойынша қайтадан жұмыс істеп тұр.

Зауыт қайта жұмыс істей бастадыЗауыт 2011 жылдың соңына қарай айналым қаржысының жоқтығына байланысты тоқтап қалған болатын. Оған «БТА БАНК» акционерлік қоғамының кәсіпорынға қарыз уақытын қайта қараудан бас тартып, кәсіпорынның есепшотын жапқаны себеп болған еді. Соның салдарынан зауыт 2012 жылға өнімге тапсырыс берушілерден айырылған болатын.

Сол уақыттан бастап кәсіпорынның одан арғы тағдыры облыс әкімдігінің назарында болып келді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бірден-бір қолайлы шешім ретінде кәсіпорынға инвестор ретінде «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын» тарту деп табылды. Бұл шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі де қолдады.

Қазір «Ертіс» ӘКК зауыттың «Ертіс» атты еншілес кәсіпорнын құрып, тиісті ұйымдастыру шараларын жүргізуде. Оның ішінде кәсіпорынға жұмысшылар алу да бар.

Таяуда өндіріс қайта жанданбақ. Сондықтан қала тұрғындары мен зауыт жұмысшылары үшін алаңдауға негіз жоқ.

Серебрянкадағы осы кәсіпорын – тыныс алу органдарына арналған қорғаныс бұйымдарын шығаратын бірден-бір ірі кәсіпорын. Онда сонымен бірге бірнеше қосымша цехтар да жұмыс істеп, негізгі өнімдерден басқа да тауарлар шығарылады. Осындай өнімдер шығаратын басқа кәсіпорын елімізде жоқ екендігін де айта кеткеннің артықтығы жоқ.

Облыс Әкімінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

Back to top button