Қоғам

Заставаға Руслан Зәкиевтің есімі берілді

Заставаға Руслан Зәкиевтің есімі берілді


2009 жылдың 8 қыркүйегінде жауынгерлік тапсырманы орындау барысында Өгем шатқалында «МИ-8» тікұшағы апатқа ұшырап, Зайсанның тумасы полковник Руслан Зәкиев пен тоғыз шекарашы қаза табады.

Шекара сардары Руслан Әлимолдаұлы өз қызметін 1988 жылы Тәжік Республикасының «Озерная» шекара заставасында бастаған. 1992 жылы еліне оралып, Күршім шекара отрядының «Зеленый лог» заставасының бастығы болады. Соңғы жылдары «Оңтүстік» аймақтық басқармасының штаб бастығы қызметін атқарды. Ол – І дәрежелі шекара қызметінің үздігі, «Мінсіз қызметі», «Тәуелсіздікке 10 жыл», «Шекараны үздік күзеткені үшін» медальдарының иегері. Қаза болған соң полковник Руслан Зәкиев 2009 жылдың 5 қазанында Елбасы Жарлығымен «Айбын» орденімен марапатталды.

Жуырда 2017 әскери бөлімінде Руслан Зәкиевті еске алу құрметіне шағын футболдан турнир өтті. Сайысқа ауданның алты мектеп командасы қатысты.

– Руслан Зәкиев абыройлы да жарқын өмір сүрді, ақтық демі біткенше саналы ғұмырын шекараға арнады. Турнирдің мақсаты – полковникті еске алып, рухын ардақтау, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, отансүйгіштікке бағыттау, – деді турнирдің ашылуында әскери бөлім бастығы, подполковник Ерік Ержеңісұлы.

Осы жылдың 3 сәуірінде 2017 әскери бөліміне қарасты «Шаған-Оба» шекара заставасы полковник Руслан Зәкиев атындағы застава болып өзгертілді. Бұл – шекара қызметіндегі атаулы заставалардың оныншысы.

Марқұмның туыстары Гүлшира Қизатова мен Сәуле Мәдиева турнирді ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, жасөспірім балаларға сәттілік тіледі.
Жарыс өте қызықты өтті. Бірінші орынды Қарабұлақ ауылындағы Абай атындағы орта мектебінің командасы иеленді, осы мектептің оқушысы Темірлан Маратұлы «Үздік шабуылшы» номинациясын алса, жаттықтырушысы Марат Сәрсенбаев команданы нәтижелі дайындағаны үшін аталып өтілді, екінші орынды М. Дәуленов атындағы мектеп-интернатының, үшінші орынды М. Әуезов атындағы орта мектебінің командалары иеленді. «Үздік қақпашы» номинациясына Ержанат Ынтымақ, «Үздік қорғаушы» номинациясына Жанат Төлегенов ие болды. Х. Мұстафина атындағы мектеп-лицейінің оқушысы Бекжан Әлімханов белсенді ойыншы ретінде танылды.

Жеңімпаздар әскери бөлім командирінің кубоктарымен және сыйлықтарымен марапатталды.

Айнұр Марқабаева,
2017 әскери бөлімі қызметкері
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button