Қоғам

Заринаның арманы – олимп шыңы

Заринаның арманы - олимп шыңы


Айналасы бір жарым жылдың ішінде екі рет Азия чемпионы атанып, әлем чемпионатының күмісін олжалаған Зарина Примак бұл күнде көмекке мұқтаж. Қайсар қыз сөйте тұра, олимп шыңын бағындыруға бекініп отыр.

Шар қаласы – теміржолшылар мекені. Бұл жердің өз әлемі бар. Тоғыз жолдың торабында тұрса да, тіршілік ырғағы бір сарынды. Тақ-тұқ еткен теміржолдың дүбірін шаһардың жүрек лүпілі дерсің. Шардың халқына салсаңыз, ең сүйкімді ән де, ең құдыретті үн де, ең сиқырлы саз да отарбаның табанында. Өйткені, халықтың негізгі нәпақасы осы шойын жолдың бойынан айырылады. Теміржол өміріне жетерлік қайғы сыйлаған тағдырлы жандар да бар мұнда.
Ес білгелі құлағына сіңісті болған сол ырғақ сағат тіліндей безектеп, өмірлерін елеусіз ұрлап жатқанын мұндағы жұрттың көбі аңғармайтындай.
Аңғарғанымен, оны өзгертуге біреуінің дәрмені жетпесе, енді бірінің құлқы жоқ. Шойын жолдың шырмауынан шынжырын үзуге жігері жеткендер де аз емес. Бәлкім, біздің кейіпкеріміз де теміржолға жегілген керуеннің жәрмеңкесінен баз кешіп, арман жетегімен алысқа шығандап кетер ме еді? Сол бір оқыс оқиға болмағанда, ол мынау шағын шаһардың шырмаулы тірлігіне тұтқын болып байланбас па еді?

-Үш жасымда пойыздың астында қалып, аяғымнан айырылыппын, – дейді Зарина.

Бұл 1983 жыл болса керек. Ата-ананың бір сәттік салғырттығы жауқазындай жайқалып келе жатқан жас ғұмырды солдырып тыныпты. Отарба денесін қара саннан екіге бөліп кетсе де, көрер жарығы бар екен. Өлімді жеңген Зарина Примак біртіндеп өмірді де жеңді. Ол – бүгінде елімізге танымал спортшы. Спортпен шұғылданғанына бір жарым жыл ғана болса да, жеткен жетістіктері адам нанғысыз. Ел біріншілігін санамағанның өзінде екі мәрте Азияның, бір рет Әлем чемпионы атанып отыр.

Тірі адам тіршілігін жасайды. Зарина да өзге тағдырластары сияқты орта білімді үйден алды. Мұғалімдер оны үйіне арнайы келіп оқытқан екен. Кейін Юрий есімді жігітке тұрмысқа шығып, бір ұл сүйеді.

-Жолдасыммен құрбым таныстырды. Мінезімнің орнықтылығын бағалаған болуы керек. Ұсынысын қабыл алдым. Жүктілік басталған кезде дәрігерлер аздап қарсылық білдірді. Қиналуым мүмкін екенін ескертті. Бірақ баласыз құрған жанұяда жылу болмайды ғой. Дамирды кесер тілігі арқылы аршып алды. Сөйткен ұлымыз жуықта әскери борышын өтеп келді, – дейді чемпион.

Заринаның өмірдегі бағын ашқан – жолдасы Юрий болса, спорттағы бағын ашқан – Ерсайын Шоқпаров есімді қарапайым бапкер. Еркін күрес пен армрестлингті қатар меңгерген тәлімгер соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі жандарды спортқа баулып жүр. Қазір қол астында Заринадан басқа жеті шәкірті бар. Жаңаөзен ауылының тумасы Әнуарбек Майшыбаев Азия чемпионы атанып үлгерсе, Қуандық Бейсенбаев пен Ақсияш Таубалдиева құрлық біріншілігінің күміс және қола жүлдесін жеңіп алыпты.

-Заринаны бала күнінен білем. Оны спортқа тарту туралы ой тым кеш келді. Оңайлықпен көнбейтінін білдім. Бірден өзім айтпай, жақындары арқылы шықтым. Аяғы кеміс жандардың қолы орасан қарулы болады. Оның үстіне Зарина – өте рухты жан. Өмірдің қиындықтарын былқ етпей көтеріп жүрген адамға жарыстың интригасы бұйым ба? – дейді Ерсайын.

Кейіпкеріміздің жары Юрий Примак – тігіншілікті кәсіп еткен жан. Сондықтан ба, Зарина тыс пен үйдің жұмысын екшемей, қатар істей беретін көрінеді.
-Чемпионымыздың үйіне жазда барсаңыз ғой. Бақшасы тұнып тұрады. Жер қазып, жеміс түптеу, отын жарып, пеш тұтату сияқты ауыр жұмыстарды қос қолдың көмегімен ұршықша иіреді. Машық үшін болмаса, Заринаға арнайы жаттығудың да қажеті жоқ. Өйткені оның күнделікті тірлігі жаттығудан кем түспейді, – дейді оңалту орталығының маманы Нұргүл Аукенова.

Қазақшаға судай чемпион әдет-ғұрыптан да кенде емес сияқты.

-Қолымызда қайын апамыз бар. Келіндік міндетімді мүлтіксіз орындауға тырысамын, – деп қояды.

Спорт Заринаның атын шығарып қана қоймай, жолын ашып, қанат сыйлапты. Олай дейтініміз, бұған дейін Өскемен мен Семейден алысқа ұзап көрмеген ол спорттың арқасында берісі Ташкент пен Бішкекті, арысы Будапешті көріп қайтты. Көріп қана қоймай, көк туды желбіретіп, әнұранды әуелетіп қайтты. Ендігі арманы – олимп шыңы.

Заринаның арманы - олимп шыңы

Қолкүрес паралимпиадалық ойындар тізімінде болмағандықтан, бапкерлері пауэрлифтингпен айналысуға кеңес берген екен.

-Армрестлинг олимпиада ойындарына 2020 жылдан кейін енеді деген сөз бар. Соны күткенше, пауэрлифтингпен шұғылдану жөн деп шештік. Заринаның бұл спортқа да ыңғайы бар болып шықты. Зілтемірді жатып көтеру – онсыз да жаттығу кезінде істеп жүрген жұмысы ғой. Сондықтан бұл салада да нәтиже көрсетеді деп ойлаймын, – дейді бапкер.

Бапкердің бұл үміті де ақталатын сияқты. Жуықта аталмыш спорт түрінен ел біріншілігіне қатысып, 2019 жылғы паралимпиада ойындарына жолдама иеленіпті. Осылайша, Зарина шойын жолға кеткен есесін зілтемірден алмақшы. Жүрегі түкті, білегі жуан жерлесіміз жарыс алдында ғана жаттығуды үдетеді екен.

Мүмкіндікті қолдың қысқалығы да шектеп тұр

-Спорттық бабыма келу үшін 1-2 ай жетеді. Аптаның үш күнінде екі сағаттан жаттығу жасаймыз. Қалған уақытта қу тірліктен босай алмайсың, – дейді ол.
Спортшының мүмкіндігін қолдың қысқалығы да шектеп тұр. Әсіресе пауэрлифтингпен айналысуға қажет спорттық жарақтар жеткіліксіз көрінеді.
-Әзірге қаладағы спорт мектебінің жарақтарымен амалдап жүрміз. Ал паэуерлифтингпен тыңғылықты айналысу үшін тұтас бір жаттығу кешені керек, – дейді Ерсайын Шоқпаров.

Қоңыр қалта тірлікпен күнелтіп жүрген Зарина демеушілері болмаса, бұған дейінгі жарыстың ешбіріне қатыса алмас еді. Әсіресе Бақыршық кен байыту кәсіпорны барлық сапарларының шығынын өтеп келеді. Алтын өндіруші компанияның демеушілікке бөлген қаржысын жерлесіміз алтын медальмен ақтап жүр.

-Осы кәсіпорынның басшысы Юрий Овчинников деген азаматқа алғысым шексіз. Демеуші болғанын бұлдамай, үнемі рухани қолдау көрсетіп келеді. Семейлік Сайлау Садықов деген кәсіпкерге де рахмет айтамын. Асып кеткен дәулеті болмаса да, шамасы келгенше қаржылай көмек беріп жүр. Осындай жомарт жандар болмаса, жарыстарға шығуым екіталай еді, – дейді З.Примак.

Әңгімеге чемпионның бала күнгі құрбысы Индира Садықова да араласты.

-Соңғы жарыстан кейін чепионымыздың денсаулығы болыңқырамай жүр. Екі күннің бірінде Семейге қатынап қаралу қаржылық жағынан қиындық туғызуда. Көмірге деп жинаған ақшаны да жарата бастады. Жарыс кезінде аяғын жерге тигізбей мәпелеген жандардың осындай қиналған шақта үнсіз қалатыны үйреншікті жағдайға айналып барады, – дейді ол.

Чемпионның өзі соңғы кезде арқасы сыр беріп жүргенін айтады. Тіпті кейде басын көтеріп, отыра алмай қалатын көрінеді. Дәрігерлер ұйқы безінің ұстамасы деген болжам айтыпты. Бірнеше рет жедел жәрдем шақырғаннан кейін, жергілікті мамандар Астанаға барып толық тексеруден өтуге кеңес берген екен.
– Тіпті квота арқылы ақысыз өткен күннің өзінде ол жақта тоқтайтын үй керек. Сондықтан әзірге дәрінің күшімен шыдап жүрмін. Бір тәуірі, дәрілері сонша қымбат емес, – дейді Зарина.

Атағынан ат үркетін чемпионның осындай мүшкіл халін көргенде еріксіз ойға қалдық. «Жаттығу мен жарыстың ауыртпалығы бойына сырқат жамап кеткен жоқ па екен» – деген күдігімізді несін жасырайық?

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button