Заңсыз тасымалдаушылар жазаға тартылады – ШҚО
Облыста Өскемен-Барнаул – Новосибирск бағыттары бойынша заңсыз жолаушылар мен жүк тасымалдаушылардың саны азаймай тұр.
Өткен айдағы жүргізілген тексеріс нәтижесінде 108 көлік тоқтатылып, заң бұзған 6 жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Заңсыз тасымалмен айналысатындар осы саланың заңды өкілдеріне шығын келтіріп отыр. ШҚО бойынша көлікті бақылау инспекциясының мәліметінше оларға жүгінетін жолаушылардың да саны көп.
-Қазір Өскемен-Барнаул-Новосибирск бағыттары бойынша заңсыз тасымалдаушылардың саны көп. Олардың көмегіне жүгінетін жолаушылардың да қарасы басым. Себебі, тіркелмеген тасымалдаушылардың көліктерінде жолаушыға ыңғайлы жағдай жасалған. Ол көліктермен діттеген жерге жылдам жетуге болады. Алайда, заңсыз жүргізушілердің ешқайсысы сіздің жолдағы қауіпсіздігіңізді мойынына алмайды. Оның үстіне әлемдік пандемия кезінде Ресейден келетін тасымалдаушылардың саны артты. Олар әлі күнге дейін азаймай отыр. қазіргі жүріп жатқан тексеріс барысында заң бұзғандар айыппұл арөалайтын болады, -дейді көліктік бақылау бөлімінің бас маманы Еркебұлан Нұрғалиев.
Айта кетелік, облыс төңірегінде жүріп жатқан тексеріс бірер күндік немесе бірер айлық тексеріс емес. Бұл заңсыз тасымалдаушылардың жолы толығымен кесілгенге дейін жалғаспақ.
Ынтымақ Толқын