Айна Ескенқызы
Жер қойнауын заңсыз игеріп жүргендерді қалай тоқтатуға болады? Кейінгі жылдары өңірімізде, әсіресе алтын іздеп тау-тасты қопарып, өзен-суды лайлап, тіпті жайылым жерлерді жыртып, қоршаған ортаға орасан зиян келтірушілер қарасы көбейіп барады. Қоғамды алаңдатқан бұл мәселе облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері, құзіретті органдардың басшылары, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінің қатысуымен Amanat партиясының алаңында өткен жиында жан-жақты қаралды.
Экологияға жер қойнауын заңсыз пайдаланушылардың келтіріп жатқаны зияны шаш-етектен. Облыстың сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің талдаулары бойынша, оған лицензиядан кейінгі бақылаудың болмауы, заңсыз өндірілген пайдалы қазбаларды өткізу және олардың нарықтағы құны бойынша дәлелдемелердің жоқтығы, заңсыз өндірушіге салынатын айыппұлдың аздығы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалды есептеуге құзыретінің болмауы сияқты бірнеше себеп бар.
Елуден астам лицензия берілген
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақовтың мәліметі бойынша қазір облыста жер қойнауын барлау үшін 53 лицензия берілген, олардың 42-сі Күршім ауданында жүргізіліп жатыр. Лицензия үш жылға беріледі, бір рет тағы үш жылға созуға болады. Прокуратураның ұсынысымен төрт лицензия қайтарылып алынған. Бұл жерде барлауға лицензия алған төрт азамат Хван есімді тағы бір азаматпен бірлесіп жұмыс істеуге келісімшартқа отырған. Олар Қалжыр өзенінің бойында ауыр техниканы қолданып, табиғатқа орасан зор нұқсан келтірген. Заң бойынша жеке тұлға лицензиясын басқа адамға бере алмайды және жұмыстарында ауыр техниканы экологиялық қорытынды болған кезде ғана қолдана алады. Жоғарыдағы азаматтар осы екі талапты өрескел бұзған. Жер қойнауын пайдалануға рұқсат алғандардың барлығы 30 қаңтарға дейін алған қазба-байлықтарының көлемі бойынша есеп беруге тиіс. Алайда алтын іздеушілердің барлығы ештеңе табылмады деген сылтаумен есепті нөлмен жабады.
- Заң бойынша алтын өндірушілерден алдын ала барлау қорытындысы, көлемі талап етілмегендіктен олардың есебінің қаншалықты дұрыс екенін біз тексере алмаймыз. Ал нөлдік есеп үшін олар ешқандай жауапкершілікке тартылмайды, – дейді Марат Саятұлы.
Жер қойнауын қопарып, қазба-байлығын алуға лицензия алу үшін бар болғаны екі-ақ құжат – өтініш пен қазба жұмысы жүргізілетін жердің иесінің келісімі болса жеткілікті екен. Көріп отырғанымыздай, алтын іздеушілерден ол жерде алтын бар ма, жоқ па деген алдын ала барлау жұмыстарының қорытындысы мүлде талап етілмейді. Заңдағы осындай олқылықтардың кесірінен кез келген заңды тұлға болсын, жеке азамат болсын жерімізді аяусыз жыртып, тау-тасын қопарып, көк майсасын жапырып, тас-талқанын шығарып жүр. Әрине, олардың ешқандай барлаусыз алтын іздеуі мүмкін емес. Алайда заң оны талап етпегеннен кейін тексерушілердің де қолы байлаулы.
- Жоғарыда айттым ғой, лицензияға жер иесінің келісімі керек деп. Егер бізге ондай келісім әкелмесе, онда алтын қазушы ол аумаққа барған жоқ деп автоматты түрде есептеледі. Ал шын мәнінде олар ешкімнің рұқсатынсыз-ақ сол жерге барып, қазып жатқан шығар, алдын ала барлау қорытындысы да бар оларда, бірақ оны біз тексере алмаймыз. Бізде бар болғаны екі-ақ маман бар, олардың лицензия алған 53 адамның әрқайсының соңынан жүріп, қазып жатқан жерлерін тексеруге еш мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне өндірушілердің қазба жұмыстарын бастайтын мерзімі де нақты бекітілмеген. Таулы аймақтарға баратын көлігіміз де жоқ. Әрқайсына тиісті бес гектар жерді жаяу аралай ма? Әуеден дронмен бақылауға болады, бірақ бізде ондай заманауи құралдар да жоқ. Осының барлығы жұмысымызға кедергі келтіреді, – деп жалғастырды басқарма басшысының орынбасары.
Заң бойынша, алтын қазушылар банкке өздері табиғатқа келтірген зиянды жоюға жұмсайтын белгілі бір мөлшерде қаражат салуы керек. Бұл қаржыны басқа мақсатқа пайдалана алмайды. Алайда заңда бұл қаражатты салу мерзімі де айқындалмаған. Сондықтан лицензияға қолы жеткен алтын іздеушілердің бұл талапты орындаған-орындамағанын тексеру тағы да мүмкін емес.
– Біз тек фактілермен жұмыс істейміз. Лицензияны берген соң, олар заң талаптарын қаншалықты орындап жатқандығын, лицензиясын алып қоюға негіз бар ма, жоқ па соны ғана тексеруге барамыз. Лицензияны қайтарып алуға күшіне енген сот шешімі, ауыр техниканы қолдану, тыйым салынған химиялық реагенттерді пайдалану негіз бола алады, – деп түсіндірді Марат Қабақов.
Нөлдік есеп
Өлкеміздің шұрайлы жерлерін қопарып жатқан алтын іздеушілердің «нөлдік есебі» дегеніміз табиғатқа келтірген зияны үшін олар ешқандай жауапкершілік арқаламайтынын, мемлекеттің қазынасына ешқандай салық төлемейтінін көрсетеді.
– Осы туралы біз жауапты министрлікке хат та жолдадық. Халықаралық тәжірибені айтпай-ақ өзіміздің қолданыстағы заңнамаларға жүгінсек, көмір, басқа да қатты заттарды өндірушілерден барлау құжаттары талап етіледі. Ол құжатта сол жердегі қазба байлықтың көлемі көрсетіледі. Бұл құжатты арнайы лицензиясы бар компания тексеріп, оны растайды. Өндіруші құжатта бекітілген көлемнің ең төменгі мөлшерінде есеп беруге тиіс. Егер ол осы ең төменгі мөлшер бойынша да есеп бермесе, онда біз қазба жұмыстары жүріп жатқан жерге экология департаментінің өкілдерімен барып, көлемін өзіміз көреміз, – деп толықтырды Марат Саятұлы.
Жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген залалы 1000 АЕК көлемінде болса, онда экологтар кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салады. Егер зиян көлемі бұл мөлшерден асып кетсе, онда полиция департаменті қылмыстық іс қозғай алады. Тіпті үш жылға дейін жаза да қолданылады. Бұның бәрі экологияға қатысты жауапкершіліктер. Ал заңсыз пайда тапқаны үшін жауапқа тарту дәл қазіргі заңдармен мүмкін емес екенін айтады мамандар.
– Заңдағы бұл норма «қара барлаушыларды» заңдастыру үшін жасалған. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодексті қабылдаған кезде оларды бөлек блок етіп шығарды. Сол себепті олардан барлау құжаттары да, қанша байлық алғаны да талап етілмейді. Бұл Геология комитетінің үйлестіруші органдары тарапынан кеткен олқылық. Бұл мәселелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды, олар болса барлығын жергілікті әкімдіктерге жүктей салған, жергілікті жерде оларды оңды шеше алмай келеді. Барлау құжаты мен залалын жою үшін банкке салатын қаражат туралы құжат лицензияның ішінде болуы тиіс, сонда ғана оларға тиісті бақылау жасалып, талап қойылады, – дейді облыстық экология департаментінің басшысы Данияр Әлиев.
Марат Қабақовтың айтуынша, аудандарда арнайы өкілдері болмағандықтан алтын өндірушілердің іс-әрекетін бақылап-тексеру мүмкін емес. Тұрғындардан шағым келіп түскеннің өзінде олар облыс орталығынан келгенше кен іздеушілер ол жерден кетіп те қалады.
– Бұл жерде мемлекетке орасан шығын келтіріліп отыр. Осы жерде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдері де байқалады. Өйткені жайылым мен егістік үшін бөлінген жер мақсатты пайдаланылмай жеке тұлғалардың оңай олжа табатын құралына айналады, – дейді қоғам белсенділері.
Жиынның қорытындысында заңнамалардағы олқылықтарды жою үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдайтын ұсыныстар қабылданды.
Талдау қорытындысы бойынша, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, жер қойнауын пайдалану саласындағы қорғау және бақылау жөніндегі функцияларды жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және минералдық-шикізат базасын молайту саласындағы орган – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті атынан жүргізу жөнінде ұсыныстарын жолдады, – деп түйіндеді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Талғат Башев.
«Қара нарықта» 1 грамм алтынның бағасы 26 мың теңгеден асады. Соңғы 5 жылда еліміздің полицейлері 20 мыңға жуық заңсыз алтын іздеушілерді ұстады. Ірі қылмыстық топтар да жұмыс істейді. Олар жыл сайын Қытайға 2,5 мың тоннадан астам кен жібереді. Бұл ақшалай түрде шамамен 5,5 млрд теңге. Бірақ іс жүзінде қылмыскерлер жазасыз қалып келеді.