Қоғам

ЗАҢСЫЗ ҚАРУ ҰСТАУ – ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗАҢДЫ?

Қазір күнделікті өмірімізде «Қарусыз майдан» деген сөз тіркесін жиі қолданамыз. Бұл тіркесті тарқатып айтып, тәптіштеп түсіндірудің қажеті шамалы. Орнымен қолдана білген адамға ең басты қару – тіл екендігіне ешкімнің дауы бола қоймас. Дегенмен, қару сөзін естігенде кез келген адамның көз алдына пышақ, бәкі секілді суық қару түрлерінен бастап тапанша, қолдан жасалған обрез, мылтық, автомат сынды  от қарулары келе қалары сөзсіз.

Басқа елдерді қайдам, біздің елде мұндай қарулардың қай-қайсысын болмасын рұқсатсыз ұстап, қалай болса солай қалаған жеріңде пайдалануға заң жүзінде қатаң тыйым салынған. Тыйым салғанды қойып, керек десе сотталасың. Алайда заң тыйым салған екен деп ақылға келіп, айылын жиып жатқандар қатары азайып кеткен жоқ. Кешегі келмеске кеткен 90-шы жылдарғы криминалдық топтардың тапа тал түсте кез келген базарлар мен қала көшелеріндегі атыс-шабысын айтпағанда, қазірдің өзінде заңсыз қару асынып, дәулетіне тасынып жүргендер аз емес, арамызда. Оған ағымдағы жаңалықтар мен баспасөз беттерінде беріліп жататын суыт хабарлар дәлел бола алады.

Байқамасаң, қылмыскер қасыңда жүр…

 

Айталық, осыдан бірнеше ай бұрын ғана Павлодар облысында көпқабатты үйлердің бірінің ауласында өрімдей жап-жас жігіт қоқыс төгуге шыққан әлдебір азаматты мылтықпен атып кеткендігі жайында суыт хабар берілді. Оқиға ел аяғы басылған немесе көз байланған уақытта болса не керегі бар. Қылмыскердің мұндай қатыгездікке баруына не себеп болғанын кім білсін, бірақ ол өз әрекетіне оңтайлы уақыт таңдауды қажет деп санамапты. Ертеңгілік, елдің жаппай жұмысқа, анда-мұнда шығатын қарбалас шағында көздеген құрбандығын тұратын үйінің ауласында аңдып тұрып «тарс» еткізіп ата салған…

Бізге, оқ тиген бейбақтың өлі-тірісі белгісіз. Белгілісі – әлдебір арам ойлы қылмыскердің қойнына атылатын немесе суық қару тығып ап, сіз бен біздің дәл қасымызда тайраң қағып жүргендігінде. Мұндай оқиға жиі болмаса да, еліміздің өзге өңірлерінде де, оның ішінде өзіміздің Шығыс Қазақстанда да талай мәрте орын алған және болашақта да қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан қай кезде, қай-қайсымызға болмасын сақтанып жүргеннің артықтығы болмайды.

Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында Республика бойынша соңғы он жыл көлемінде ІІМ бастамасымен азаматтар арасында «Өз еркімен қару өткізу» акциясы жүргізіліп келе жатыр. Бұл акцияның ел ішіндегі қылмысты қаншалықты тиып тастағанын кім білсін, дегенмен  тұрғындар арасында үйлерінде тіркеусіз тұрған, кешегі аталарынан қалған, әлдебір себептермен, әлдебір жерден тауып алған отты қаруларды тапсырып, өтеуіне сыйақы алып жатқандар да жоқ емес.

Акция ережесінде көрсетілгендей өз еркімен қару өткізушіге өткізген қаруының маркасына, қай елде және қашан шыққанына, пайдалануға жарамды-жарамсыздығына және басқа да ерекшеліктеріне қарай белгілі бір мөлшерде өтемақы төленеді. Сол үшін жыл сайын Республика бюджетінен 10 млн. теңге көлемінде арнайы қаражат бөлінетіндігін де естіп-білдік.

Облыстық ПД мамандарының айтуына қарағанда, өткізуге әкелген қаруға, қаржылай сыйақы бірден беріле салмай, ол қару әуелі арнайы сарапшы-мамандардың тексеруінен өткізіледі екен.

– Айталық, «Қару пайдалануға жарай ма, жарамай ма? Жараса, соңғы рет қашан, қай жерде және не мақсатта пайдаланылды? Жалпы, өткізіліп отырған қарудың елімізде орын алған әлдебір қылмыстық оқиғаға қатысы бар ма, жоқ па?» деген секілді мұқият сараптамалар жасалып, анық-қанығына көз жеткізген соң ғана барып қару өткізушіге сыйақы беріледі, – дейді сала мамандары.

Оның өзінде сараптама қорытындысын шамамен екі айдай күтуге тура келеді екен. Ал сыйақы көлемі әрқалай, қарудың маркасына, сирек экземпляр екендігіне, оның пайдалануға қаншалықты жарамды-жарамсыздығына, сыртқы-ішкі жағдайының сақталуына, шыққан жылына қарап тағайындалады.

Аң атам деп, адам атқан жандар бар

 

Әңгіме қару-жарақ жайында болғасын Өскемендегі арнайы дүкендердің де ау-жайымен танысқан болатынбыз.

– Бізде негізінен аң-құс атуға арналған қарулар, аңшылыққа қажетті палаткалар мен резеңке қайықтар, қармақтар мен аулар, аң-құстардың дауысын салатын ысқырықтар тағы сол сияқты керек-жарақтар сатылады, – дейді аты-жөнін көрсетпей-ақ қоюымызды өтінген дүкен қожайыны.

Аты-жөні демекші, құдды бір өзара келісіп алғандай, өзге дүкендегілер де аты-жөнін, қанша қару сатылып, қанша табыс табатындарын айтудан үзілді-кесілді бас тартты. Тіпті қаз-қатар тізіліп тұрған қару-жарақтарын суретке түсіруге де рұқсат бермеді. Сонысына қарағанда бұл – мүлдем болмаса да, белгілі бір мөлшерде құпия бизнестің түрі ме деп қалдық.

– Бізден көбінесе қару ұстауға рұқсат қағаздары бар, аңшылықпен біраз жылдан бері айналысатын, тәжірибелі адамдар ғана қару сатып алады. Біз де оларды танимыз, білеміз дегендей. Олардың барлығы тиісті мекемелерде (ішкі істер органы, наркологиялық, психологиялық диспансерлерде) тіркеуде тұратындар. Кім көрінгенге тауарларымызды сата бермейміз. Оған заңдық құқығымыз да жоқ. Қаруды қойып, оғының өзін сатып алуға арнайы рұқсат қағаз әкеледі. Бірақ өмірде түрлі-түрлі адамдар бар ғой. Ішіп ап бүкіл бір ауылды аяғынан тік тұрғызған да, аң атам деп мылтық сатып ап, адам атып тастаған оқиғалар да болған, – дейді он бес жылдан бері сатушы боп істейтін Денис дейтін азамат.

Өзім біраз жылдан бері аңшылықпен айналысамын, – дейді Денис. – Қазір үйімде төрт мылтығым бар. Оның екеуі ойық, екеуі тегіс ұңғылы. Барлығының да рұқсат қағаздары бар, арнайы сейфте сақталады. Өзімнің салғырттығымның кесірінен уақытында мерзімін ұзартуды ұмытып кетіп, екі рет айыппұл төлегенім бар.

– Аңшылыққа арналған қару-жарақты кез келген адамның сатып алуына бола ма? – деген сауалымызға:

– Жо-оқ! – дейді сатушы. – Аңшы мылтығын алмас бұрын арнайы, ақылы курста оқып (кем дегенде 14 сағаттық) дәріс алуың керек. Сосын деніңнің саулығын растайтын толық медициналық тексерістен өтіп, наркологиялық, психологиялық диспансерлерде тіркеуде тұрмағандығыңды анықтайтын анықтама алуың керек. Одан әрі сотталмағандығың жөнінде анықтама және керек. Аңшылық билет алып, оның бір жылдық жарнасын төлейсің, содан кейін барып ғана жергілікті ішкі істер органынан рұқсатнама алып кеп, қару сатып алуыңа болады. Оны сақтайтын арнайы сейф керек. Сейфтің  дабылқаққышы болуы міндетті. Оны участковый инспектор айына бір мәрте келіп тексеріп тұратыны тағы бар. Қысқасы – конитель.

 

Мылтық дейтін бәлені беріп құтыл

 

Иә, байқап отырғанымыздай, аңшылық қаруды алудың өзі адамды  әбігерге салатын, машақаты көп шаруа секілді…

Дегенмен ел аузында «Ақша бәрін шешеді!» деген тәмсіл бар. Осы тәмсілдің астарында, «Қажет болса кез келген отты қарудың түр-түрін ешкімнің анықтама қағазынсыз-ақ, ешкімнің рұқсатынсыз-ақ сатып алуға болады» деген ой бұғып жатқан жоқ па? Әрине, қару-жарақ дүкендеріндегі әр мылтық «Ол қашан, қайдан әкелінді, қай заводта, қай жылы шығарылғаны, бағасы қанша, қай күні, кім сатып алды?» деген секілді тіркеуде тұратын болар.

Айтайын дегенім, (айтқаннан бұрын, осы күнге дейін қайран қап жүрген жайым бар) осыдан біраз жыл бұрын Кереку жерінде тағдырдың жазуымен қолына билікті де, байлықты да қатар ұстаған, елге аса сыйлы бір азаматтың генералдық шен алуына байланысты дүркіреген тойы болды. Сол тойда алыс-жақыннан, ойдан-қырдан келген небір ығай мен сығайлар бас қосты. Мәшинеден бастап, ат-шапан дегендей, сыйлықтың да түр-түрі үйіліп қалды деуге болады. Еліміздің Батыс өңірінен келген (шамасы мұнайшылар болса керек) екі-үш азамат той иесіне арнайы көздейтін құрылғысы бар, дыбыссыз атылатын (оны ел ішінде «Гек» немесе «Мелкашка» деп те атай береді) бесатар мылтық сыйлады. Ел көріп жатқасын мен де ұстап көрдім, әлгі мылтықты. Мылтық десе, мылтық екен.

Бірақ сол мылтық сыйға тартылған той иесі ешкімге, ешқандай анықтама да берген жоқ, ешкімнен рұқсат қағаз да алған жоқ… Алды да, кетті… Мұндай да болады екен. Әлде біздің заңдарымыздың өзі біреулерге жүріп, біреулерге жүрмей ме?

Бала күнімізде үлкендердің: – Бәледен қашып жүрсең, бәленің сенде несі бар, бәлені басып жүрсең, бәленің сенен басқа несі бар? – дегендерін естіп қалатынбыз. Ол кезде баламыз, ондай сөздерге ден қойып жатпаймыз ғой. Қазір ойлап қарасам, сол сөздің жаны бар секілді.

Манадан бері сөз ғып отырған осы «Мылтығы түскірдің де жүрген жері қып-қызыл бәле ме?» деп қалам. Оны  заң талаптарына сай сақтап, уақытында тексертіп, тіркетіп, майлап дегендей, орнымен пайдаланып отырсаң, әңгіме бөлек. Біз қазақ деген – өзгелерге көп ұқсай бермейтін, табиғаты біртүрлі, қызықтау халықпыз ғой. Алғашқы уақытта қызық көріп біраз уақыт көңіл бөлуіміз мүмкін, сосын уақыт өте келе шаң басып, тот басып, тіркелмей, тексерілмей бір бұрышта қап қоюы да, тіпті, үйдегі балалардың ойыншықтарына қосылып кетуі де ғажап емес…

Сондықтан арнайы аңшылықпен айналысатын, тәжірибелі жандар болмаса, «Осы бәлеге әуестенудің де қажеті жоқ па» деп қалам. Әрине, әркімнің әр қалай ойлап, не істеп, не қоюы өз еркінде ғой…

Сөйтсе дағы, үйде жатқан, тауып алған ескі-құсқы қару-жарақ бар болса, дер кезінде өткізіп, өтемақысын алып алған, ең дұрыс шешім бе деп ойлаймын.

Оны енді, өздеріңіз білесіздер…

 

Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button