ТОП

Заңсыз орнатылған кедергілер жойылады

Өскеменде көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына орнатылған барлық шлагбаумдар алынып тасталады.

Мұндай тапсырманы облыс орталығының басшысы Жақсылық Омар берді. Аулаларға орнатылған заңсыз қоршауларға қатысты мәселе қалада ұзақ уақыттан бері қордаланған еді. Қазіргі уақытта шаһарда 131 сым қорша мен 44 шлагбаумның орнатылғаны анықталып, оларды алып тастау туралы шешім қабылданды.

Кеше ғана мердігер кәсіпорын Мыза, Буров және Қабанбай батыр көшелерінің бойындағы аулаларда орнатылған онға таяу қоршауды алып тастады.

– Шлагбаумдар бірінші кезекте арнайы техникалардың өтуіне кедергі келтіреді. Өрт сөндіруші көліктер көп шағым түсіреді. Сондай-ақ, тұрғындардың өздері де осындай кедергілердің жүріп-тұруға кедергі келтіретінін айтып отыр, – дейді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Денис Федченко.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, заңға сәйкес жолға қандайда бір кедергі орнатуға тыйым салынған. Аула ішіндегі жолдар да жалпы қолданыстағы жерлер болып саналады.

– Шақыртулар түскенде бірінші, екінші, үшінші және төртінші санатта деп бөлініп, бригадаларға беріледі. Осылайша, біз бірінші және екінші санаттағы науқастарға он-он бес минут ішінде жетуге міндеттіміз. Біздің жұмысымызда жолда көптеген кедергілер кездеседі. Олардың біріншісі ұзын-сонар көлік кептелістері болса, екіншісі тұрғынүй аулаларына орнатылған шлагбаумдар болуда, – дейді жедел жәрдем қызметінің фельдшері Бақдәулет Керімхан.

Осылайша науқасқа уақытылы жете алмайтынын айтқан медицина қызметкері, көп жағдайда жедел жәрдем көлігін шлагбаум сыртында қалдырып, науқасқа жаяу баруға тура келіп жататынын алға тартты. Егер науқас тек көтеріп тасымалдайтын халде болса, бұл жұмыс тағы еселеніп, адам өмірін сақтаудағы маңызды минуттар жоғалатын көрінеді.

– Қаладағы барлық қоршауы бар жерлерді анықтап, алып тастауға 15 күн уақыт беремін. Шлагбаум орнату заңсыз, бұл жерді өз бетінше иеленіп алуға жатады. Сондықтан, мұндай мәселелерден қарапайым адамдар зардап шекпеулері тиіс, – деді қала әкімі Жақсылық Омар.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button