Заң талаптары не дейді?

Құрметті Өскемен қаласының тұрғындары және қонақтары!
Соңғы әлемдік оқиғаларға байланысты Қазақстанға, оның ішінде біздің қаламызға келіп жатқан шетел азаматтарының легі көбейе түсті. Мемлекетте көші-қонды бақылаудың жеткілікті тиімді жүйесі жұмыс істейді, ол шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына келу және болу қағидалары негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан Қазақстанға келетін шетелдіктердің өздері үшін де, оларды қабылдаушы тарап – біздің азаматтар үшін де Қазақстан заңнамасының жекелеген нормаларының ережелерін түсіндіргім келеді.
ЕЭО мемлекеттерінің азаматтары үшін уақытша жүруге рұқсат етілген мерзім мемлекеттік шекарадан кесіп өткен күннен бастап 90 күнтізбелік күнге дейін белгіленген.
Ал енді уақыты келгенде Қазақстан аумағынан шықпай қалып қойған шетел азаматы 10-нан 25 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады, не болмаса Қазақстан аумағынан шығарылады (ӘҚБтК 517-бабының 3 және 4-бөлігі).
Қабылдаушы тарап нені білуі керек?
Қабылдаушы тарап: оның ішінде пәтерлерді жалға беруші, жатақханалар мен қонақүйлердің иелері, сондай-ақ шетелдіктің таныс-туыстары олар келген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде шетелдік азаматтар туралы ішкі істер органдарын хабардар етуге міндетті.
Осындай заңнамалық талаптар қабылдаушы тарапқа және иммигрант уақытша тұрғылықты жерін ауыстырған кезде белгіленеді.
Шетелдіктің келгендігі туралы хабарламаны үш жолмен беруге болады. Атап айтқанда:
– ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің порталына электронды өтінім беру арқылы;
– көші-қон қызметі бөлімі арқылы жазбаша түрде;
– «E QONAQ» мобильді қосымшасы арқылы.
Сонымен қатар жұмыс ұсынушы ретіндегі қабылдаушы тарап белгілі бір болу мерзімі өткеннен кейін шетелдікті уақтылы қайта тіркеу немесе Қазақстаннан кету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
Жоғарыда көрсетілген міндеттемелер сақталмаған жағдайда, Қазақстан азаматы ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар өз тұрғылықты жері бойынша шетел азаматтарын жалған тіркеуді жүзеге асыру есебінен табыс табатын азаматтарымызға айтарымыз, ондай әрекеттер жазаланады және ӘҚБтК-нің 493-бабы бойынша әкімшілік жауапқа әкеп соғады.
Сондай-ақ жалға берілетін тұрғын үйде тұру жағдайларын өзгерту тараптардың келіссөздері арқылы, ал дау-дамай болған жағдайда сот тәртібімен шешілетінін атап өткен жөн. Біржақты тәртіппен үйден шығарып тастау заңмен тыйым салынады.