Заманның зарын айтқан Төлеу ақын
Төлеу Көбдіков 1874 жылы 15-маусымда Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты Мүзбел деген жерде (қазіргі Аягөз ауданы) дүниеге келген. Әкесінің шын аты Көбдік емес, Көпжер екен. Кезінде Батыс Сібірде төлқұжат алғанда «Көбдіков» болып жазылып кеткен.
1943 жылы Семейге келген сапарында Мұхтар Әуезов Төлеу ақынды көріп, оның айтысын тыңдаған. Сол жылы орыс жазушысы Павел Кузнецовқа жазған бір хатында: «… жол сапарымыздың соңғы күндерін біз Семейде өткіздік. Онда ақындар айтысы болды. Облыста, бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Ата-бабасынан – сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ал шешесі – көпке әйгілі Қуандық. Қуандық Абаймен айтысқа түскен… Менің бірінші кітабымда осы жай суреттелген-ді. Сонымен, несін айтасың, Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуандықпен кездесіп, жүздескендей күйге келдім…», – деген.
Төлеудің нағашы атасы, Ақтайлақ бидің кенжесі, тарихқа мәлім, атақты ақын Сабырбай. Сабырбайдың қызы Қуандық ақын – Төлеудің шешесі. Төлеудің нағашы атасы Сабырбай мен шешесі Қуандықтың Абаймен терең ұғысқан достық қарым-қатынасы «Абай жолы» романында шыншылдықпен көркем бейнеленген.
Төлеу ақын ауыл молдасынан сауатын ашып, мұсылманша хат таныған соң, он бес жасынан былай ойын-тойларда айтыс, жырларымен, әсіресе ескі ақындардың толғау, дастандарын жатқа айтумен таныла бастаған. Төлеудің інісі Мұқаш та ақындық қуып, екеуі үнемі айтысып отырады екен. Бұл жөнінде ақынның жерлесі, белгілі жазушы Сапарғали Бегалин: «Мен ақын Төлеудің атын ауылда бала күнімде көп естігендіктен, өзін көріп, сырын түюге ынтызар болдым. «Дағанды болысына қараған Керей елінде бір үйдің іші тегіс ақын екен» деп үлкендер әңгіме еткенде, шіркін-ай, сол ақынды көрсем деп армандаушы едім», – деп естелік айтады («ҚӘ», 1974, 5 шілде).
Ақын өлең жолына ерте түскен. Өзінің тұңғыш өлеңі жөнінде былай дейді: «Он екі жасар бала кезім еді. Жаздың бір күнінде әкем қой жайғызды. Ыстықтан шаршап-шөлдеп әрі тас батқан табанымды ауырсынып отырғанымда, бір жылқышы келе қалды. Сонда оған:
Қой жайдым қызыл шақа тасқа жаяу,
Көңілім жаяу жүріп болды қаяу.
Түк қалмай табанымнан түсіп қалды,
Бір тұғыр әкеп берші, ағатай-ау – дегенімде риза болып күліп, бір құнан ұстап әкеліп берген еді. Ең алғаш айтқан өлеңім осы болар деп ойлаймын». «СТ» – 1969, 16 маусым.
Ал ақындық үлгі мәселесіне келетін болсақ, Төлеу Көбдіковке бұл тұрғыдан ұлы Абай шығармашылығының игі әсері болғаны даусыз. Абайдың алдын көру, жүздесу, оның ақылды сөзін тыңдау Төлеу үшін үлкен мектеп болды. Жас кезінде көбіне суырып-салмалыққа ден қойса, кейіннен Абай дәстүріне ауысып, домбырадан гөрі қаламды жақын тартады.
Т.Көбдіков ғұмырының тең жартысы қоғамдық өмірдегі, жеке өз басындағы небір қиын-қыстау жағдайлармен, қайғы-қасіретпен өткен. 1916 жылы 25-маусымда Ресей патшасы Николай ІІ-шінің қазақ өлкесінің 19 бен 43 жас арасындағы 500 мың адамды майданға қара жұмысқа алу туралы жарлығы шығады. Мұны естіген Шұбартау халқы дүр көтеріліп, Қытай аууға қам жасайды. Алайда, ата-бабаларының сүйектері жатқан туған өлкені қиып, бөтен жерге қашқан елді тоқтатуға ақсақалдар басшыларды емес, сөзі уытты Төлеу ақынды жұмсаған. Осы көтеріліске арналған ақынның «1916 жыл» деген ұзақ толғауы елді үдере көшіп, Қытай асып кетуден тоқтатқан. Толғау соңында «жат жерге ауып барғанда ата-бабамыздың сүйегі жатқан жер» деп қай моланың басында құран оқимыз деген ой айтылады.
Кеңес өкіметі кезінде Т.Көбдіков кеңес қызметіне араласып, болыстық атқару комитетіне сайланады. Бұрынғы Қарқаралы уезі, Семей губерниясының ең шеткері ауданы, осы күнгі Шұбартау, бұрынғы Дағанды елі болысында қызмет істейді.
Мұхтар Әуезовтің жоғарыда айтылған хатындағы «бұрын неге көрінбегенін кім білсін» деген сөздерінде себеп бар. Оның мәнісі – Т.Көбдіков 1928 жылғы ірі байларды конфескелеуден кейінгі «мыналар кешегі би-болыс, бай, қажылардың шашбауын көтергендер» деген желеумен болған кейбір асыра сілтеушіліктің зардабына ұшырап, 1930 жылдың қаңтар айында Қарқаралының «Қоңыр абақты» деп аталатын түрмесіне қамалады. Түрлі «айыптар» тағылып, он жылға сотталады. Белсенділер мұнымен де тынышталмады, олардың құрығы енді ақынның інісі Мұқашқа түседі. Мұқаш «Жорға» түрмесінде 1931 жылы ауырып қайтыс болады. Ақын кесікті мерзімінің жартысын өтегеннен кейін 1934 жылы түрмеден босап, сонау Қарқаралыдан жаяу-жалпылап Дегелеңге шығады, одан Шыңғыс асады. Одан Семейге, өз ауылына жетеді. Інісі Мұқаштан айырылғанын, өзі түрмеге қамалғаннан кейін күйік пен аштықтың азабын тартып, дүниеден өткенін біледі.
Арада біраз жыл өткен соң 37-нің зобалаңы басталады. Осы жылы қыркүйек айының бір күнінде Құлжанбек деген мұғалім баласы мектептен оралмаған. Бірнеше күннен соң белгілі мекемеден белгісіз адамдар келіп, «адамдарыңызды іздемей-ақ қойыңыздар» деп кетіпті. Тағы да қауіптің төнгенін сезген ақын бір түнде ат-арбамен Барнаул қаласынан бір-ақ шыққан. Жан-жақтан жан сауғалап, қашып барған қазақтармен бірге үш жыл өмір өткізген. Тұрмыстан көрген бейнет ақынның рухани серігі – қаламды әрірек қойып, жан бағу қамымен мал соңына салады. Кім біледі, мүмкін қалған өмірін сол жақта өткізер ме еді, егер ақын тағдырына күрт бетбұрыс әкелген «Сарыарқа» толғауы болмаса. 1936 жылы қазақ халқының патша отарлаушыларына қарсы көтерілісінің жиырма жылдығына орай «1916 жыл» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. Соған «Сарыарқа» деген атпен Төлеу толғауының небәрі 16 жолы еніпті. Жинақты оқыған І.Жансүгіров М.Әуезовтен «Мына жырдың иесі кім, өлеңі жақсы екен» деген екен.
М.Әуезов Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтан ақын жайында дерек сұрайды. Әрхам Ысқақов «бұл баяғы Сабырбай ақынның жиені, Қуандықтың баласы – Төлеу. Қазір Батыс Сібір жақта бір колхозда қойшы», – деген. М.Әуезов Жазушылар одағынан тиісті қаражат бергізіп, Әрхам Ысқақовты ақынға жөнелтеді. Әрхам Ысқақұлы ақынның үйінде бір апта жатып, ақыры елге көшіріп әкеледі.
Туған жеріне баруға әлі де сескенген ақын жолшыбай Шар станциясын мекендеп қалады. Қалуының тағы бір себебі – оның Құлжанбек деген мұғалім баласы Шарда дүние салған.
1941 жылы ел басына күн туып, соғыс басталған кезде Төлеу ақын жалынды жырларымен майдандағы жауынгерлерге отты, рухы биік өлеңдерін арнады. Ұлы Отан соғысындағы кеңес жауынгерлерінің жеңісі – жетпістен асқан қарт ақын үшін ерекше қуаныш болды.
Ақын соғыстан қамкөңіл болып отырған ауыл адамдарының рухын көтеріп, ел аралап, өлеңмен үгіт-насихат жүргізеді. 1942 жылы Т.Көбдіков, С.Әлімбетов, Қ.Алтынбаев Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесінің (жауапты хатшысы Қ.Мұхамедханов) жолдамасымен Аягөз, Шұбартау аудандарына шыққан. Сонау 1929 жылдан бері көрмеген ел-жұртын сағынып, жолдаманы әдейі Шұбартауға сұрапты. «Шұбартау» толғау өлеңі сол сапарында туған. Елін он үш жылдай көрмей жүріп, жерді сағынып келгендегі ақынның ақтарыла айтқаны:
Шұбартау – туысқан ел, туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Жалаңаш, жалаң аяқ жарға ойнаған
Көйлек желпіп көбелек қуған жерім…
Қызбын ғой мен бір кәрі төркіндеген,
Келдім ғой көрсем деген сертімменен.
Бұйырып басқа жердің дәм мен суы
Уақыт мезгілінде келтірмеген.
Қойтастан жердің шеті көрінгенде,
Жас келді екі көзге мөлтілдеген.
Атам туралы құнды деректер жетерлік
Ақын Төлеу Көбдіков өнерінің бір қыры – айтыскер ақын екендігі. Айтысқа жас кезінен араласады. Ақын республикалық, облыстық ақындар айтысына қатысып, жүлделі орындарға ие болған. 1943 жылы Алматыда өткен республикалық ақындар айтысына Семей ақындарын бастап апарған да, ең алдыңғы қатардағы жүлде алған ақынның да бірі – Төлеу Көбдіков.
Ақын өмірінің соңғы жылдарында өзі тұрған Шар ауданының саяси, қоғам жұмыстарына да белсене қатысып, 1953 жылғы сайлауда Шар селосының еңбекшілері оны жергілікті кеңеске депутат етіп сайлайды.
1954 жылы Т.Көбдіковтің 80 жылдығы Қазақстан көлемінде кеңінен аталып өтті. Осы жылы 18 қазандағы Жарлық бойынша Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы оған «Қазақ ССР-нің халық ақыны» деген атақ берді.
Ақын 81-ге қараған шағында 1954 жылы 23-қараша күні Шар қаласында ұзаққа созылған жүрек ауруынан қайтыс болды. Сүйегі сол жерге, баласы Құлжанбек пен немересі Ағланың қасына қойылды.
Төлеудің өз кіндігінен тараған балалары: Қасқабас (шын аты Төленді), Қаскен (шын аты Нұрқасым), Құлжанбек, Сіләмбек, Мақұлбек. Ал екінші әйелі Құсжаннан (шын аты Гүлғұсия) менің әкем Мұрат жалғыз. Құсжан әжемізге Төлеу 1934 жылы Қарқаралының түрмесінен шыққан соң қосылыпты. Ақынға қатысты құнды материалдар күні бүгінге дейін табылуда. Олардың бірі – 2007 жылы орталық мемлекеттік кинофото құжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағатынан табылған бейнежазба. Қолымызға түскен бейнетаспада 1943 жылғы Алматыдағы ақындар айтысы алдында өткен жиындағы Төлеу ақынның бейнесі бар. Атамды көру бұйырмаған мен үшін бұл нағыз олжа, «жерден жеті қоян тапқандай» қуаныш болды. Сирек қорға жататын бұл құнды материалды тапқан журналист, Бесқарағай ауданының құрметті азаматы Уәлихан Түкісовке айтар алғысымыз шексіз.
Екіншісі абайтанушы ғалым Қ.Мұхамедхановтың жеке қорынан 2014 жылы қазан айында табылған құжат. Тарихтың сарғайған парағында С.Мұқановтың 1946 жылы Семей облыстық атқару комитетінің төрағасы Х.Байұзақовқа жазған хаты.
Хат мазмұнынан сол кездегі Советтік Жазушылар одағының төрағасы, жазушы С.Мұқанов ақынға жоғары баға бере отырып, жинағын шығару (1948 жылғы алғашқы жинағы – Ш.М.) қажеттілігін айтады: «В вашей области, Чарском районе живет известный народный акын Толеу Кобдеков. Он является одним из выдающихся акынов после Джамбула.
Союзом Советских писателей Казахстана на 1947 год составляется издательский план, в который мы думаем включить сборник избранных песен акына Кобдекова.
Правление Союза Советских писателей Казахстана убедительно просит Вас создать тов. Кобдекову все необходимые материальные условия на время его работы в г.Семипалатинске…».
Ақынның жеке архивін Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейімен, Абайдың қорық-мұражайы қорларына 1974, 1977, 1991 жылдары әкем Мұрат тапсырған.
Шынар Мұратқызы,
ақынның немересі,
Семей.