Заманмен бірге жаңарған зауыт

Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған өткен ғасырдың 90-шы жылдарының бірінші жартысы Қазақстан үшін қолайлы болған жоқ. Елімізде өндірістер тоқтап, адамдар жұмыссыз, тіпті қаржысыз қалды.
Шығыстың, еліміздің ғана емес, бұрынғы одақтың ең маңызды өндіріс орындарының бірі саналып келген Өскемен конденсатор зауыты, оның мыңдаған еңбеккері бар үлкен ұжымы да бұл тұста қайда бет аларын білмей абыржып қалған болатын.
-Өскемен конденсатор зауытының өндіріс көлемі өсіп, қарқынды дамыған кезі 1991жыл болды. Сол жылы жоғарғы кернеулі аппаратураларды өндіру көлемі 33 млн. шартты киловарға жетті. Алайда, Одақтың ыдырауы зауыттың жағдайын күрт өзгертпей қоймады. Бұрынғы кеңестер одағы республикаларындағы өнеркәсіптік өндірістің төмендеуі өнімі одақ аясында тұтынылып келген біздің өнімдеріміздің сұраныссыз қалуына әкеліп соқты.
Ортақ өндірістік-қаржылық байланыстардың жойылуының салдарынан конденсатор зауытының өндірісі бірден төмендеп кетті. Жоғарғы кернеулі аппаратуралар өндірісі 1991 жылмен салыстырғанда бірден 2,1 пайызға төмендеп кетті. Бір-бір отбасының асыраушысы болып отырған мыңдаған жұмысшыларымыз әрі-сәрі күйге түсіп, шаруашылық шырғалаң жағдайды бастан кешіріп жатты,-деп еске алады «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС-нің бас директоры Владимир Аксенов еліміз Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда зауыт ұжымы бастан кешірген ауыртпалықтарды еске алып.
Егемен елімізде Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге бағытталған іс-шаралар, қадамдар жасалып, қазақстандық кәсіпорындармен бірге Өскемен конденсатор зауыты да бірте-бірте басқа түскен қиындықты, дағдарысты еңсере бастады. Алғашқы онжылдықта – Тәуелсіздіктің қалыптасуының ең қиын кезеңінде тоқтап қалмай, Қазақстандағы жалғыз, бірегей өндірістің жабылып қалуына жол бермеді.
1997-1998 жылдары зауыт инженерлері, басшылары еліміздегі өзгерістердің алғашқы нәтижелерін сезініп қана қоймай, кәсіпорын өнімдерін бәсекеге қабілетті етуге қол жеткізді. Озық, инновациялық технологияларды өндіріске енгізіп, өндіріс желілерін қайта жарақтандырған зауыт электр конденсаторларының шетелдегідей заманауи түрлерін шығаруға кірісті. Шығарылған өнімдер Қазақстан кәсіпорындарына ғана емес, Украина, Ресей, Беларусь елдеріне де экспортталып жатыр. Өскемен конденсатор зауытының жаңа технологиямен шығарылып жатқан өнімдері электр энергиясын үнемдеуге үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
Өндірістегі қайта жарақтандыру шаралары жұмысшылар еңбегін жеңілдетуге де мүмкіндік берді. Соңғы жылдары өнім түрлерін, өндіріс көлемін ұлғайтқан зауыт қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Зауыт басшылығы кәсіпорынның өркендеуіне Қазақстанда отандық кәсіпорындарды, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға орай іске асырылып жатқан «Өнімділік-2020», «Экспорттаушы», «Бизнестің жол картасы-2020» сияқты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың тигізіп отырған ықпалы зор екендігін айтады.
Бүгінде зауытта 250 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Қиындықтың бәрін артта қалдырып, түбегейлі жаңарған бірегей өндіріс орны тәуелсіз елімізбен бірге дамып, өркендеп келеді.
Жанаргүл Мұқатай