ТОП

Заманауи жастар – Тәуелсіз еліміздің басты жетістігі

Бүгін 4 маусым – мемлекеттік рәміздер күнінде елордадағы Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасында аталған кітапхананың және Нұрсұлтан Назарбаев қорының  ұйымдастыруымен, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Біз – ел патриотымыз» халықаралық жастар форумы өтті. Сегіз елдің жастары қатысқан халықаралық форумда Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел болашағы жалынды жастарды құттықтап, оларға арнап үндеу жолдады.

Маңызды шараға облыс әкімімен бірге өңір жастарынан құралған арнайы делегация бейнеконференция режимінде қатысты.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған “Біз – ел патриотымыз” жастар форумында жастарға арналып өңірде жүзеге асырылып жатқан білім беру бағдарламаларына тоқталды. Облыс әкімі бүгінгі таңда Қазақстан жастарында лайықты білім алуға, сүйікті ісімен айналысуға және өз армандарын жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

Айталық өңірде “Білікті маман” жобасы жүзеге асырылуда, оның аясында 7 республикалық ЖОО-да сұранысқа ие мамандықтар бойынша облыс жастары білім алуда. “Жас маман” ТжКБ жүйесін дамыту жобасы аясында колледждер базасында WorldSkills халықаралық стандарттары бойынша жарақтандырылған 5 құзыреттілік орталығы құрылды. Аймақ жастары WorldSkills әлемдік чемпионаттарында жүлделі орындарға ие бола отырып, құзыреттіліктің жоғары деңгейін көрсетуде. Тұңғыш Президент бастамашы болған “Болашақ” бағдарламасы әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігін ашты. Халықаралық олимпиадаларда, шығармашылық фестивальдар мен байқауларда, әртүрлі спорт түрлерінен әлем чемпионаттарында өңірдің дарынды жастары елімізді лайықты танытып жүр.

– “100 жаңа есім” жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 18 шығысқазақстандық жеңімпаз атанды. Президенттік Жастар кадрлық резервіне 6 адам өтті. 2020 жыл – волонтер жылы біздің жастарымыздың ең жақсы қасиеттерін ашты. Қазақ халқының “Асар” игі дәстүрінің, мейірімділігінің, қайырымдылығының арқасында біз коронавирустық инфекция пандемиясының сынақтарынан өттік. “Біз біргеміз” акциясы аясында 7 мыңнан астам волонтер қарт адамдар мен әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге қатысты. Биыл біздің жастар “Игі істер марафоны” республикалық акциясы аясында игі дәстүрлерді жалғастыруда”, – деді форумда Даниал Ахметов.

Халықаралық форумға қатысқан 9 шығысқазақстандық жастың әрбіріне жеке-жеке мақала арнауға әбден болады.

Мәселен, Самат Байгереев тым жас бола тұра, Д.Серікбаева атындағы ШҚТУ-дың машина жасау мектебі деканының орынбасары қызметін атқаруда және ғылым докторы. Ол ағылшын тілін өте жақсы біледі, IELTS және TOEFL сертификаттарына ие. Солай бола тұра, туған университетінен ешқайда кетпеді. Қазір ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыратын әртүрлі мобильді қосымшаларды әзірлеуге өте белсене қатысып жүр. Нағыз патриот деген осындай болар.

Сондай-ақ Өскемен қаласы бойынша “Қазцинк” ЖШС-нің Жастар кеңесін басқаратын және компанияның барлық әлеуметтік маңызды жобалары мен акцияларына белсенді қатысатын, сонымен қатар осы мақсаттар үшін арнайы құрылған облыс әкімдігі жанындағы кеңесте жастар мүддесін қорғап жүрген Жансая Жанболатова туралы да көп айтуға болады.

– «Жастар – еліміздің қазіргі әлемдегі бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы», – деп Елбасы атап айтқандай, жастар саясатының дамуы жолындағы Халықаралық форумның маңызы зор. Біз өзге де елдердің көшбасшы жастар ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы Қазақстанымыздың гүлденуіне жол аша береміз. Мемлекеттік рәміздер күніне орай өткізіліп отырған форумның патриоттық тәрбиесі өте зор. Біз Ресей, Франция, АҚШ, Түркия, Қырғызстан, Әзербайжан және Белоруссия жастарымен тәжірибе алмасу арқылы дамитын боламыз, – дейді “Jas Otan” Жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Алмас Айтмұқаш.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button