Қоғам

Заман талаптарына сай келеді

    Бүгінде Конституцияға ширек ғасыр толып отыр. 25 жыл дегеніміз Конституция сияқты тұрақты заң актісіне де біршама дәуір, ол заман талаптарына сай келе ме, әлде келмей ме деген сұрақтарға жауап беруге мүмкіншілік беретін сынақ мерзімі. Сондықтан Конституция ұғымына тоқталып, оның заң ретіндегі ерекшелігі, маңызы мен болмысын ашып айтқан жөн болады.

Конституция ұғымы «тұрақты, ылғи да бар, ешқашан жоғалмайтын» деген мағына беретін «konstanta» деген латын сөзінен өрбіген.

Конституцияны Негізгі заң, Ата заң деп бекер атамайды, себебі барлық басқа заңдардың түп негізі, қағар қазығы Конституциядан бастау алып, Конституциямен өлшенуі тиіс.

Конституция ең басты заң болғандықтан, оның өзіне ғана тән құрылысы болады. Мысалы, Конституция мәтіні арнайы преамбуладан басталады.

Преамбула деп ең маңызды деп саналатын құжаттың қандай мақсатпен шығарылып отырғанын ашып көрсететін кіріспе бөлігі аталады. Бұл термин де латын тіліндегі «preambulus» деген сөзден шыққан. Бұл жердегі «pre» дегеніміз бір немесе бірінші деген мағына берсе, «ambulus» жүріс немесе жүретін деген мағына береді, яғни преамбула дегеніміз құжаттың алдында жүретін кіріспесі, алғысөзі деп түсінілуі тиіс.

Қазақстан Конституциясының преамбуласы келесі мәтіннен тұрады: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып, осы Конституцияны қабылдаймыз».

Мұндай преамбуладан біздің мемлекеттің ең маңызды мақсат деп азаматтық қоғам құруды көздейтінін білеміз.

Қазақстан Конституциясы 9 бөлімге бөлінген 98 баптан тұрады.

Бірінші бөлім «Жалпы ережелер» деп аталып, 1-ші баптан басталады. Бап екі бөліктен тұрады.

Бірінші бөлікте «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінеді.

Екінші бөлікте республика қызметінің түбегейлі принциптері – қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу екендігі айқындалады.

Конституцияның қалған бөліктері мен баптары мемлекетіміздің  демократиялылығын, яғни монархия еместігін, зайырлығын, яғни діни мемлекет еместігін, құқықтығы мен әлеуметтілігін, яғни өз әрекетін заңға сүйеніп, халық мүддесін қорғай іске асыратынын, әлгінде аталып өткен түбегейлі принциптер негізінде қалайды.

Мысалы, мемлекеттің демократиялық және зайырлық құрылымы «Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады» деп айқындалады.

Мемлекетіміздің құқықтығы Конституцияда «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ республика Конституциялық кеңесінің және Жоғарғы соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады» деп көрсетіледі.

Осы жерде бұл норманың басқа заңдардың бәрі Конституцияға сәйкес болу керектігін міндетті түрдегі талап ретінде ерекше байқатып отырғанын айта кету қажет.

Одан әрі, келесі нормаларда «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады» деп жазылып, Конституцияның атқаратын аса маңызды рөлі анық және ашық аталып өтіледі.

Сонымен бірге, мемлекеттің әлеуметтік принципін құрастыру жолын Конституция «Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады» деп бастайды және бұл бастау Конституцияда өз жалғасын кеңінен табады.

Айталық, меншік туралы Конституцияда «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жекеменшік танылады және бірдей қорғалады», «Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс» делінеді.

Бұл нормалардың іске асырылу жолдары Конституцияның екінші бөлімінде «Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады» деп айқын жазылған.

Коституцияның тікелей қолданыстағы заң ретінде іске асырылу мүмкіндігі әсіресе оның Сот пен Сот төрелігі деген бөлігінде анық жазылған.

Бұл бөліктің баптарынан: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады.

Сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді» деген төте қолданыстағы қағидаларды кездестіре аласыз.

Әрине, қазіргі заман өзгерістер мен жаңалықтарға толы. Конституцияда қанша тұрақты болғанымен кейбір өзгерістерге ұшырамай тұрмайды. Сондықтан Конституцияның өзінде «Қорытынды және өтпелі ережелер» деген бөлім қарастырылған. Бөлім Конституцияға Республика Президентінің өз бастамасымен, Парламенттің немесе Үкіметтің ұсынысымен қабылданған шешімі бойынша өткізілетін республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгізуі мүмкін екендігін де атап өтеді.

Мұндай Конституция біздің заманымыздың талаптарына сай келеді, әлемде болып жатқан өзгерістерге төтеп бере алады, халық тілектерінен шыға алады деген сенім білдіргім келеді.

Кәкен Сейітов,

облыстық соттың судьясы

Осы айдарда

Back to top button